Зеленский мен Трамптың келісімі Ресей элитасын алаңдатты

The Washington Post (WP) басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Украина арасында табиғи ресурстарды игеру бойынша екі айға созылған күрделі келіссөздер нәтижесінде жасалған келісім Мәскеуде алаңдаушылық туғызды.
Ресей элитасы Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы байланыс Кремльдің Украина мәселесінде өз пайдасына тиімді мәміле жасау мүмкіндігін жоғалтуына себеп болады деп қауіптеніп отыр.
Ресей президенті Владимир Путинге шегініс жасау туралы қысым күшейіп жатыр. Кремль ішіндегі бір шенеунік аты-жөнін атаудан бас тарта отырып, егер Кремль ымыраға келуге бейілділік танытпаса, АҚШ сенаторы Линдси Грэм ұсынған жаңа санкциялар пакеті Ресейге ауыр соққы болатынын айтты. WP дереккөзі Ресей бюджетінде тапшылық артып келе жатқанын және жаңа санкциялар оның жағдайын одан сайын қиындататынын ескертті.
Ресми тұлғаның айтуынша, экономиканың шынайы ахуалына қатысты алаңдаушылық артып келеді. Бұған қарамастан, кейбір ресми тұлғалар Ресей санкцияларды еңсеріп шықты деп мәлімдегенімен, сарапшылар бұл пікірмен келіспейді.
«Экономиканы тек мобилизациялық модельге сүйеніп құру мүмкін емес», – дейді шенеунік.
Ресей экономикасының өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында ішкі жалпы өнім (ЖІӨ) өткен тоқсандағы 4,5 пайыз және былтырғы 4,1 пайызбен салыстырғанда бар болғаны 1,7 пайызға өскен. Ресей Банкі белгілеген рекордтық пайыздық мөлшерлемелерге қарамастан, инфляция деңгейі 10 пайыздан жоғары қалып отыр. Әскери-өнеркәсіптік кешеннен тыс салалар құлдырауға ұшыраса, мұнай бағасының төмендеуі шикізаттық табысты 20 пайызға қысқартты.
Мұның бәрі Ресей Қаржы министрлігін бюджет тапшылығына қатысты болжауын қайта қарауға итермеледі. Егер бұрын 1,2 триллион рубль тапшылық жоспарланған болса, қазір бұл көрсеткіш 3,8 триллион рубльге дейін жетуі мүмкін екені айтылып жатыр. Бұл пандемиядан кейінгі ең жоғары деңгей болмақ.
Кремль үшін геосаяси ойынның салдары барған сайын ауырлай түскен сайын, Трамп пен Зеленский арасындағы байланыс Ресей элитасын алаңдататын басты факторлардың біріне айналды.