Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:17, 27 Мамыр 2025

Жамбыл облысына 5G жеткенше

интернет
Фото: Shutterstock

Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифр¬ландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады.

 Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады. Қазір елдің түкпір-түкпірінде цифрландыру жұмыстары жүзеге асып, жобаланып жатқаны айтылып жүр.

Мәселен, Жамбыл облысында ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр, дегенмен қазіргі күнге дейін 43 елді мекен 2G-телміріп отырғаны да жасырын емес. Облыстық цифрландыру және архив басқармасының басшысы келтірген ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда өңірдегі цифрлық инфрақұрылымның дамуы біртіндеп қарқын алып келеді. Атап айтқанда, бүгінде облыс көлемінде 59 ауыл 3G интернетімен қамтамасыз етілсе, 251 ауыл 4G интернет желісіне қосылған. Бұл көрсеткіштер ауылдық жерлердің заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларға біртіндеп қол жеткізіп жатқанын білдіреді. Сонымен қатар 189 елді мекенде жоғары жылдамдықты және сапалы байланыс ұсынатын талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылған. Бұл желілер ауыл тұрғындарының интернетке тұрақты қосылуын қамтамасыз етіп, қашықтан білім алу, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде пайдалану және цифрлық сауаттылықты арттыру секілді маңызды салаларда оң өзгерістерге жол ашты. Цифрлық инфрақұрылымды әрі қарай дамыту мақсатында байланыс операторлары да белсенді түрде жұмыс істеуде. Мәселен, биылғы жылы «Кар-Тел» ЖШС (Beeline сауда белгісімен танымал) облыс аумағында 13 жаңа базалық станция орнатуды және қолданыстағы 8 станцияны жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл қадам интернеттің жылдамдығы мен сапасын арттыруға ықпал етпек. Ал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2 бренді) 47 базалық станция орнатуға бел буған. Сондай-ақ «Кселл» АҚ (Activ бренді) тарапынан 12 жаңа базалық станцияның құрылысын жүргізу көзделуде. Бұл операторлардың белсенділігі облыс аумағындағы телекоммуникациялық қолжетімділікті арттырып, цифрлық теңсіздікті азайтуға бағытталған.

Сонымен бірге республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойында мобильді байланысты жақсарту мақсатында 12 антенна-діңгек құрылғысын (АДҚ) орнату көзделіп отыр. Бұл құрылғылар шалғай аймақтарда тұрақты және сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл жобаның аясында Т.Рысқұлов, Жуалы және Қордай аудандарында орналасатын 6 антенна-діңгектің жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Бұдан бөлек, Тараз қаласында заманауи 5G технологиясын енгізу бағытында да нақты істер атқарылып жатыр. Басқарма басшысы: «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС бұл бағытта 32 базалық станцияны іске қосып үлгерді. Бұл Тараз қаласы тұрғындары үшін интернет жылдамдығын бірнеше есеге арттыруға, сондай-ақ «ақылды қала» жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді. Ал облыс көлемінде жоғары жылдамдықты 4G мобильді байланысын қамтамасыз ету үшін биыл қосымша 28 елді мекенге желі тарту жоспарланған. Бұл шаралар шалғайдағы ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мобильді байланыс операторлары өз қаражаты есебінен Жамбыл, Қордай және Шу аудандарындағы 5 елді мекенде байланыс сапасын жақсартқан. Бұл – бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестіктің нақты көрінісі. Қалған 23 елді мекенге қатысты сала мамандары мен байланыс операторлары бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті антенна-діңгек құрылғылары салынатын жерлерді айқындап, ол ұсыныстар аудан әкімдіктеріне жолданған. Бұл кешенді жұмыстар ауыл-аймақтарды толыққанды цифрлық кеңістікке енгізуге бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық бастамалардың бір бөлігі», – дейді.

С. Бақберген

Жамбыл облысы

Тегтер: