Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:13, 13 Мамыр 2025

Жамбылдағы жаңа жол станциясы

1

Әрбір мемлекеттің өркендеуі мен тұрақты дамуы – сол елдің инфрақұрылымдық әлеуетімен тығыз байланысты.

 Инфрақұрылым – бұл тек жолдар мен көпірлер ғана емес, бұл – бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін күрделі жүйе: көлік қатынасы, энергетика, су және кәріз жүйелері, байланыс желілері, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, сандық технологиялар, тіпті мәдениет пен туризмді қолдайтын нысандар да осы ұғымның аясына кіреді. Қазіргі жаһандану дәуірінде инфрақұрылым тек ішкі қажеттілікті өтеу құралы емес, ол – бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшемдерінің бірі. Мысалы, көлік логистикасы дамыған елдер шекарааралық саудада ұтады, іскерлік орталықтарға айналады, инвесторлар үшін тартымды болады. Электр энергиясы мен интернет сапасы жоғары елдерде кәсіпкерлік пен инновациялық экожүйе жедел қарқынмен дамиды. Ал әлеуметтік инфрақұрылымы мықты мемлекеттерде халықтың өмір сүру деңгейі де жоғары, білімді, дені сау ұрпақ өседі. Сондықтан инфрақұрылымға инвестиция салу – тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және рухани капиталды арттырудың да жолы.  

 Елдің инфрақұрылым дамытуда облыстардың әр қадамы үлкен рөл атқарады. Мәселен, Жамбыл облысы инфрақұрылым жобаларымен бүгінде көш бастап тұр. Мәселен, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде биыл жоспарланған жол жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары аясында күрделі, күшейтілген орта және орта жөндеу, бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру сынды маңызды жобалар бар. Жоспар бойынша биылғы 52,111 шақырым күрделі жөндеу жұмысы кестеге сай жүріп жатыр. Құрылыстың мердігері «Теміржол жөндеу» ЖШС – «ПМС Бірлік» теміржолды күрделі жөндеуге маманданған мекеме болғандықтан, жұмыстың сапасына сын жоқ. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары барысында жаңа технологиялар қолданылып, жол инфрақұрылымын жаңғырту жобасы бойынша ағаш шпалдар жаппай темірбетонға ауыстырылу жалғасып жатыр. Магистральды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу кезінде Шу машиналандырылған жол дистанциясының паркіндегі 61 бірлік арнайы машина да пайдаланылуда. Сондай-ақ шойын жолдың FOSSLO-SKL бекіткіштері бар рельстік тіректері жаңартылуда. Жалпы 3,4 шақырым теміржолдың тіректерін ауыстыру да жоспарланған. Ағадыр жол дистанциясының жолшылары жұмыстарды арнайы СМД-80 машиналарының көмегімен атқаруда.

Осы орайда Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің жауапты мамандары берген мәліметке сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы екі айдан асқан. Ал былтыр басталған «Бірлік-2» станциясындағы қалпына келтіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта 29 мың текше метрге қиыршық тас төселіп, темірбетон негіздегі бағыттамалық бұрмалар ауыстырылуда. Жоспар бойынша 32 жаңа жиынтық салынады. Шу жол дистанциясының бастығы Едігер Клановтың айтуынша, «Бірлік-2» станциясын қалпына келтіру – Мойынты – Шу – Алматы телімінің өткізу қабілетін, пайдалану жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған. Станция іске қосылған соң Шу станциясының жүктемесі айтарлықтай азаяды. «Бірлік-2» станциясы іске қосылса, Алматыдан келе жатқан жүк пойызын Шуға кіргізбей, бірден Мойынтыға, Астанаға бағыттап жіберуге мүмкіндік туады. Бұл тұтас өңірдің жүк өткізу қабілетін арттыруға ықпал етері сөзсіз», – дейді дистанция бастығы.

Осы орайда елге инфрақұрылымды дамытудың жаңа парадигмасы қажет дер едік. Ендігі бағыт – тек құрылыс пен жөндеу емес, тиімді жоспарлау, сапалы басқару, экологиялық тұрақтылық пен инклюзивтілік. Қазіргі заман инфрақұрылымы – бұл смарт технологиялармен жарақталған, адами капиталға бейімделген, экожүйелік тұрғыдан үйлесімді жүйе болуы керек. Қалаларда «ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша интеллектуалды көлік жүйелері, жасыл энергия, заманауи инженерлік инфрақұрылым енгізілуі тиіс. Ауылдық жерлерде – тіршілікке қажетті негізгі инфрақұрылым толығымен қамтылып, цифрлық теңдік орнауы керек. Инфрақұрылым – бұл ұлттың болашағына салынатын инвестиция. Ол ұрпақтар сабақтастығына, экономиканың әртараптануына, адами әлеуеттің ашылуына жол ашады. Ендеше, инфрақұрылымға жұмсалған әрбір теңге – бұл тек бетон мен болат емес, ол – елдің сенімді келешегіне, ұлттың өркениет биігіне бағытталған ауқымды қадам. Сол себепті инфрақұрылымдық даму мәселесіне тек техникалық немесе экономикалық категория ретінде емес, стратегиялық, ұлттық мүдде тұрғысынан қарау – уақыт талабы.

С. Бақберген

Жамбыл облысы

 

 

 

 

Тегтер: