Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 22 Желтоқсан 2022

Жаңаөзен аруының ажалы

None
None

Жаңаөзен қаласында халық Шаң ауылы деп атап кеткен мөлтек аудан бар. Кіл жер үй.

Сол Шаң ауылында менің ағатайымның үйі бар. Жыл аралатып болса да барып тұрамын. Қоңыр күзде журналистік іссапармен жүріп тағы да соқтым. Ойым әлеми дүниені жалт қаратып, күндей күркіреп өткен Жаңаөзен көтерілісін зерттеп, оған қатысқандар жайлы жазуды өзіме парыз тұттым. Неге екенін кім білсін Жаңаөзен десе лаулаған ұлт рухы көкірек сарайымда көрініс беретін. Бұл қалада туып-өспесем де неге оны сағынамын? Апталдай қайсар, шыншыл адамдарын ба? Иә, иә, мен ол қала адамдарының өздерін қорғай алатын қайсарлығына тәнтімін. Кеңес империясы кезінде қала тұрғындары тайлы-таяғымен көтеріліске шығып, өздерін ұзақ жыл бойына қорлап келгендерді түп-түгел түре қуып шығып, жаңа өмір бастаған. Қала адамдары маймөңкелемейді, жүрегің жарылып кетсе де қасқитып шындықты айтады. Мен осы сапарымда тағы бір қайсар жанмен кездестім. Ол қайсар жан нәзік, талшыбықтай бұралған әсем сұлу қыз еді...

                                                             ***

    Түн ортасында жайсыз түстер көріп ұйқым бұзылды… Әппақ қолаң шашы алдын жапқан бір қызды көрдім. Иә, әппақ, ақ шашты қыз! Қарақат көздері мұңға толы. Мөп-мөлдір моншақ жас тамшылары бетін жуып жылап тұр! Маған іштегі бар құсасын ақтарғысы келгендей нәзік қолдарын жайып, ұмсынып, қызғалдақ еріндерін қимылдатады. Үні естілмейді. Маған зор үмітпен үздіге қарайды, қарайды келіп!.. Оянып кеттім. Ешкім жоқ. Қараңғылық ұйыған бөлме. Тағы да көзім ілініп кетіпті. Тағы да жаңағы көрініс қайталанды. Бұл қыз кім? Неге ол менің түсіме кіреді? Оның шашы неге ерте ағарған? Маған маза бермеген қызға бір жағынан ренжіп, екінші жағынан бұл ғажайып түске таңданып, ақыры далаға шықтым. Теңіз жақтан үдере соққан тентек жел мені ұшырып жібере жаздады. Әзер бойымды жинап, қаратүнекті жамылып, көршінің үйін ықтадым. Әлгі түсімдегі қыз ойымнан кетер емес.

    Кенет! Бір зарлы үн уілдей соққан желмен құлағыма ызың-ызың етіп жеткендей болды. Елең ете түсіп бар ынтаммен тың-тыңдадым. Жоқ, ештеңе естілмейді. Жынды желдің уілі ғана, сондай-ақ жанұшыра елбең қаққан ағаштардың сатырлаған дыбысы ғана естіліп тұр. Зарлы дауыспен көкірегіме орнай қалған үрейді де жынды жел ұшырып ала жөнелгендей. Қателесіппін! Зарлы үн сәт өтпей тағы да естілді. Қыздың нәзік зарлы дауысы, жылағаны, қиналғаны тура ту сыртымнан естілді. Сона-ау қаратүнек аспаннан әлгі түсімдегі ақ шашты қыз маған қарап тұрғандай ыршып түстім. Жаным түршігіп, жаңа әзірдегі үрей қайта бас көтерді. Жылаған үн, көкіректен шыққан налаға толы жалынышты дауысты тып-тыныш тұрып тыңдау мүмкін емес болатын. Жан дүниемді әп-сәтте парша-парша еткен зарлы үн, әлдебір аурудан қиналған үн бір сәт толастағанмен, көп өтпей қайта естілді! Биік етіп жасалған шарбақтан жалма-жан саңылау тауып қарағанымда шамы самаладай жанып тұрған терезе бірден көзіме түсті. Әлгі үн сол терезеден шығып тұр. Терезеден сол үннің иесін көргім келіп үңіле қарадым. Гүлді пердеден басқа ештеңе көрінбеді. Мен әлгіде ғана түсімде көрген ақ шашты, қарақат көздері мұңға толы аруды іздедім. Қанша үңілсем де ештеңе таппадым. Бірақ қыздың мұңды да налаға толы қиналған үні әлсін-әлсін естіліп, менің де жүрегімді қайта-қайта аунатып, жанымды азаптады. Кім ол? Науқас меңдеген, әлде қайғыдан қара жамылып жаны қиналған жан ба ол? Кім? Қалай болғанда пендемін ғой. Бір жағынан жанашырлық, бір жағынан таңсықтық па, әйтеуір терезенің ар жағындағы нәзік жанның кім екенін білгім келді. Оның үстіне мені түнімен мазалаған түс пен осы өңімде болып жатқан мына оқиғаның бір байланысы бардай көрінді. Мен алайда қиналған жанның үнін әрі қарай ести беруге дәтім шыдамады. Үйге кіріп, төсекке қайта жаттым. Бәрібір ұйқым қашып кетіпті. Тек қайтадан тұрып түнгі нәпіл намазымды оқыған соң ғана барып жаным сәл ғана байыз тапқандай болды да, қайтадан ұйқыға шомыппын...

    Таңғы шәй үстінде сезімтал ағатайым:

    − Жүзіңде мазасыздық бар сияқты, әлде жаман түс көрдің бе? – деді маған жымия қарап.

    − Дәл таптыңыз, − деп мен де түндегі түсімді және көрші үйден шыққан налалы үнді естігенімді айттым.

    − Апырмай, ә, мынауың ғажап екен! Иә, сол түсіңдегі ару мен естіген налалы үннің иесі бір адам екеніне көзім жетіп отыр. Көршіміз өткен көтерілістен көп қайғы-жапа шекті. Отағасысы қаңғырған оқтан қаза тапты. Ұлын ұрып-соғып, қабырғасын сындырып, мүгедек етті. Тағы бір қызының аяғын оқ орып кетті. Ол да мүгедек. Жиырмадан енді асқан желкілдеген сұлу қыз еді. Тұрмысқа шығам деп жүрген жігіті де бар болатын. Ол да сол көтерілістің құрбаны. Жанып тұрған от жігіт-тін. Маңдайымызға сыймады. «Махаббат деген у» деп Абай бабамыз айтқан жоқ па? Қызымыз Гауһар марқұм Темірханға қатты ғашық болған-ау, сірә, күні-түні ойланғандықтан ба, бір жағынан мүгедек болып қалғанына налығандықтан ба, әйтеуір ол ғаріп қыздың шашы бір түнде ағарып, жүйке ауруына ұшырады. Түндегі естігенің сол Гауһардың үні. Бірақ ол түнде ауырғанмен күндіз сап-сау жүреді. Мұнай компаниясында бұрын есепші болып істейтін. Түнде қиналып шығады байғұс қыз. Сенің түсіңе неге кіріп жүр? Түсінбедім… – Ағамның жабырқаңқы түрде айтқан әңгімесі мені де одан сайын тұнжыратып жіберді. Бірақ іштей мынадай кесімді ойға келдім.

    − Мен Гауһармен кездесуім керек. Түсіме босқа кірмеген болар. – Оқыстан шыққан мына шешімді дауысым ағамды селк еткізді.

    − Не қыласың кездесіп? Одан сайын қызды да, өзіңді де сарыуайымға салып, қиналып қаласыңдар. Мен өзім олардың жағдайларын көрген сайын жаным жүдеп, көкірегім қарс айырылады. Жүрекке түскен жара әлі толық жазылған жоқ. Бірақ Гауһардың қайсарлығы, оның осы күнге дейін махаббатына деген адалдығы мені қайран қалдырады. Шіркін, ол қызға қандай марапат берсе де жарасар еді-ау! Ағам күрсінді. Ыстық шайды асығыс ішем деп аузын күйдіріп алды. Әлденеге, әлдекімдерге ызаланғаны көрініп тұр.

    − Байқасайшы, отағасым-ау. Өмірі асығып-үсігіп ішесің. Өткен іс өтті. Қайным журналист қой. Сол үшін сона-ау Алматыдан арнайы келіпті. Оған жазу үшін материалдар қажет. Несі бар, әңгімелессін. Қыздың анасы Бәтима да әңгімешіл ашық жан. Әрі бүгін демалыс. Олар үйде болатын шығар… – Жеңешемнің уәжді сөзіне ағам да бас изеп қоштағандай болды...

    Неге екенін кім білсін жан дүниемде қызбен кездесуге деген екіұдай сезім тайталасқа түскендей. Бірі құштарлық, екіншісі қорқыныш. Бұлай дейтінім –бір отбасы қаншама қасірет жамылып отыр десеңші! Бірақ шешім шығарылды. Шегінетін жер жоқ. Ағам екеуміз көп өтпей көрші үйдің қақпасын қағып тұрдық. Түнде аласұра соққан дауыл тыншу тапқан. Теңізге жақын болған соң ба, бұл өңірде аса суық ауа райы сирек. Бүгін де аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Күн-ана шапағын себезгілеп, айнала маужырап тұр. Нағыз кемпіршуақ. Ауладан балалардың дауыстары естіледі.

    − Бұл үйде он екі жан тұрады. Аса үлкен үй емес. Қыздың ағасының үш баласы бар. Қатігез анасы балаларын тастап кетті. Бар салмақ қазір Бәтиманың мойнына түскен, − деді ағатайым сынық шатырлы үйге ойлана көз тастап. Сөйткенше болған жоқ тапырлай жүгіріп келген балалар қақпаны ашты да, бізді көріп, олар жапырлай сәлем берді.

    − Ой, бәрекелді-і! – деп ағамыз олардың бастарынан аялай сыйпады. Үйдің сыртының сылақтары түсіп, әр-әр жері арық қойдың қабырғасындай ырсиып-ырсиып көзге оғаш көрінеді. Аула бұрын цементтеліпті. Бірақ қазір шыт-шыт боп жарылып кеткен. Етжеңді әйел кір жайып тұр екен. Бізді көріп кір жайғанын қойып, бақшаны басып кеткен арамшөптерді жапыра бізге қарай асығыс аяңдады.

    − Мына кісі Бәтима деген кісі. Мынау журналист бала сіздерді арнайы іздеп келіпті.

    − Бізді қайдан біледі екен? – деді Бәтима апа таңданғандай кейіп танытып.

    − Тек қана сіздерді емес. Басқа да Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты кейіпкерлермен де кездеспек.

    Ағатайым дастарқаннан ауыз тиді де, аяқ астынан бір шаруасының шыққанын айтып кетіп қалды. Түсімде көрген қызды іздеп жан-жағыма жалтақтап отырмын. Дастарқан жұтаң. Сары май, құмшекер, қолдан пісірілген таба нан… Мен де бір кесе ғана шай іштім де, Бәтима апаны әңгімеге тарттым. Шаштары әппақ, қараторы өңін әжім торлаған ананың көздерінен кіреукеленген мұңды көрдім...

    − Оқ ататындай моп-момақан отағасымның не кінәсі бар еді? Өз-өзімен кетіп бара жатқан жазықсық жанды өлтірген кім? Қайран бейкүнә қызымның қанатын қырқып мүгедек етті зұлымдар. Ұлымды ұрып-соғып, адам төзгісіз азаптап, кейін екі жылға соттап жіберді. Неге, не үшін олардың өмірін өксітті? Мен сотқа да қатыстым. Олар, оқ атқандар кінәларын мойындап отырған жоқ. Адам өлтіргендерді тез арада босатып, ақтап жіберді. Қайғының қара бұлтын жамылып, қан жұтып біздің, әсіресе аналардың отырысы мынау. Мен ана ретінде байқағаным қазақты сырттан келіп ешкім атқан жоқ: азаптап, көрмегенді көрсетті. Неге? Неге олар бір-біріне жаны ашымайды? Мен содан қорқамын… – Жылап жіберген ананы жұбата алмадым.

                                                           ***

    Ертеңгі ұлы мерекеге Мыңжасар мен Бәтиманың үй іші өздерінше дайындалып жатты. Мыңжасар алпысты алқымдаса да әлі тың. Ат жалын тартып мінгелі ғұмыры осы мұнаймен біте қайнасып, оның бар ыстық-суығын бастан кешіп келеді. Қыстың қаһарлы аязы мен жаздың шыжғырған ыстығына әбден шынығып, көндігіп, пісіп кеткендігі соншама кез келген асу бермес қиындықтарға ол дес бермейтін. Бұрын әжептәуір басшы орындарда жұмыс істеді. Кейін бұлардың орындарын білімді жастар басты. Алғашқыда бұған кәдімгідей намыстанды. Жүре келе оған да үйренді. Енді қайтсін? Ашуға жеңдіріп кетіп қалса одан кім ұтылмақ? Әрине, өзі. Біріншіден, күнкөрісінен айрылады. Екіншіден, үйренген кәсібі. Өңі түгілі түсінде де басын изеңдетіп тұрар качалкаларды, қап-қара мұнайды жиі көреді. Шүкір, зейнет демалысы да қыр астынан бұлаң қағады. Алла берген тоғыз баласы бар. Немерелері де «ата-аталап» шалғайына жабысып, соңынан қалмайды. Қолдың қысқалығы ғой. Әйтпесе кең үй салып, арқа-жарқа отырмас па шалқып. Басқа облыстағы достары: «Өзің мұнайшысың. Неге соншама кедейсің?» деп әзілдейді. Бір үйде он бес жан үпір-шүпір сыймай жатады. Үлкен ұлы Бейсен қазір өзіндей оператор. Қызы Гауһар да осы мұнай саласында есепші. Өздері белсенді. Сона-ау көктемнен бері мұнайшылар алаңға қайта-қайта жиналып билікке талаптарын қойып жатыр. Оның ішінде ең бастысы жалақыны көбейту мәселесі Мыңжасардың көкейіне де қонады. Бірақ баласының соларды жағалап жүргенін іштей қолдаса да, сырттай қорқақтап жақтырмағансиды. Қарттықтың есік қаққаны ғой, шынында да қорқа соғады.

    − Барма, балам, оларға. Ертең осы айлығымыздан да айрылып, жұмыссыз қаламыз. Содан соң қалай күнімізді көреміз? – деп баласына басу айтқанмен қаншама дегенмен өрекпіген жас емес пе, бұдан жасырынып көтерілісшілерге баратын көрінеді. Ол ол ма, қызы Гауһардың да дастарқан басында шүйіркелесіп отырғанда көтерілісшілерге тілектес екенін байқап қалды. Әке іштей шошынды. Сыр білдірмегенсігенмен қызымен жеке әңгімелескенде оған қатаң тыйым салды. Басқа балалары бір төбе, Гауһары бір төбе. Үнемі «әкетайлап» мұның қасы-қабағына қарайтын болған соң ба қызын ерекше жақсы көретін.

    − Әкешім! Сіз де Жаңаөзен көтерілісіне қатысып, келімсектерді қуған батырлардың бірі емессіз бе?

    Ұл тудың ба – ұран қыл,

    Қыз тудың ба – тұмар қыл.

    Болар ұлды – бор қылма,

    Бордай езіп қор қылма!

− деп Сабыр ақын ағам айтқандай қыз да болсам көкірегіме өзіңіз еккен намыс оты бар ғой. Олардың жанына бармасам да, тілектес болуға рұқсат етіңіз, әкетай! – Қызының бұл еркелей айтқан уәжіне үндемей қалды. Иә, иә, бүкіл Кеңес өкіметін дүр сілкіндірген Жаңаөзен көтерілісіне қатысқанын ол мақтаныш ететін. Айтпақшы, осы Гауһары сол көтеріліс бұрқ-сарқ қайнап жатқан шақта дүниеге келген жоқ па? Мыңжасар қаншама сабыр сақтағысы келсе де неге екенін кім білсін, бір жайсыз жағдай болатындай жүрегі жиі-жиі бұлқынып, қобалжи берді...

    Қашанғы әдеті бойынша Бәтима ана ең соңында қалды. Отағасы ең алдымен шығып кетті. Ол Тәуелсіздік мерекесін аздап тамашалаған соң Ақтауға сапар шекпекші болды. Марқұм құдасының ертеңгі күні асы өтпекші екен. Бірақ кетерінде бұған біртүрлі қимастықпен қараған Мыңжасары:

    − Балаларға қара, Бәтимаш. Бұл жалған дүниедегі бар байлығымыз осылар ғой, – деді мұның қасынан айналшықтап шыға алмай.

    − Немене қарамай жүр ме екем? Қараймыз, осылардың шыжығы мен қызығын бірге көреміз. – Есіктен шығарда да отағасысы тағы да бұған бұрыла жаутаңдап қарағанын сезді. Осы бір жаутаң көзқарас кейін Бәтиманың есінде мәңгілікке қалып қойды...

    Немересі Әсем және кенжесі Сәбит қана мұнымен қалды. Мереке алаңда болмақшы екен. Ақбоз үйлер тігіліп жатыр деп естіген кеше. Енді, мінеки, асығыс киініп шығуға пейіл танытқаны сол мектепте оқитын қызы мен ұлы даладан тапырақтай жүгіріп кірді. Өңдері боп-боз болып кеткен.

    − Апа! Апа, алаң жақта атыс болып жатыр. Солдаттар, пәлицейлер қаптап жүр! – деді сегізінші сыныпта оқитын қыз ентіге әрең сөйлеп.

    − Не дейді?! Атысы несі? Кімді-кім атып жатыр? – Бәтиманың үрей мен қорқыныштан жүрегі аузына тығылып, балаларына сұрақты жаудырып жіберді.

    − Көтерілісшілер әкімшілікті және үлкен-үлке-ен ғимараттарды өртеп жатыр!

    − Қой, сендер оны көрдіңдер ме? Өтірік айтпаңдаршы, түгі! – деп Бәтима айқайлай сөйлеп, кінәлі балаларындай оларға дүрсе қоя берді. Жан дүниесін лезде өрт шалғандай бейне. Үйге бір кірді, бір шықты. Көз алдына небір жаманшылықтар көлбеңдеп, кеудесін үрей кернеді. Жаны шыдамай көшеге шықты. Бұлт құрсаулаған қала үстінен қап-қара түтінді көргенде тіптен есі шықты. Алаңға кеткен мұның отағасысы, балалары не күйде екен? Көршілері де үрпиісіп далаға шығыпты. Бір-бірімен күбірлей сөйлесіп бәрі де қаланың түтін бұрқылдап шығып жатқан тұстарына үрейлене қарайды. Атыс болып жатқаны да рас екен. Тәуелсіздік мерекесі басталмай жатып бүкіл қала осылай қасіретке тұншығып жатты...

   

                                                            ***

    Жиырмаға енді ғана толған Гауһар толықсыған көрікті де сұлу қыз еді. Топ құрбыларының арасынан бұлттан шыққан айдай жалт етіп бірден Гауһар көзге көрінетін. Кірпікті тана көздері, қаймыжықтай еріндері, қызғылт бояу әдіптеген ақша жүзі, тәмпіш танауы, мәрмәр әппақ тістер… бәрі-бәрі жиналып сұлулық атты әлемді құрап, сізді ғана жалт қаратпай, бүкіл Жаңаөзен жігіттерін Гауһар қызға ғашық етті. Бұл сұлулық әлемі қыпша бел, кептер кеуде, екі бұрымды қара шашпен толығып, жаныңды самал жел желпігендей әсер қалдыратын. Осындай қаса сұлулықты берген қыз армансыз әрі тәкаппар болар деп ойлайтын оны алғаш көрген жан. Жоқ, қателесесіз! Гауһардың арманы көп болатын. Оның тәні ғана емес, жаны да сұлу еді. Әдеби кітаптарды көп оқитын. Оның көкірек сарайына орныққан лирикалық өлеңдер жанын жай таптырып, үнемі аспанда ұшып жүргендей сезім сыйлайтын. Түсінде де ақша бұлттармен толқын шаштары астасып ұшып жүретін. Оның өмірге деген көзқарасы мүлдем бөлек-тін. Әсіресе алда-жалда біреулер намысын таптаса оған Гауһарымыз шыдамайтын.

    Жасырамын назым менен өкпемді,

    Бүгінімді, болашақты, өткенді.

    Неғыламын шуағы жоқ көктемді?

    Құрағы жоқ неғыламын көк белді?!

− деп ешбір пендені, небір баһадүр жігіттерді көзіне ілмей жүргенде ол кенеттен бір жанға арбалды да қалды. Ол жан бастық та, алып та, ақын да, шешен де, көсем де емес-тін. Жай ғана май-май болып жұмыс істеп жүрген мұнайшы жігіт еді. Оның ерекше қасиеті мен өнері әнді мәнерлеп, жүрекпен, қоңыр үнмен шырқайтын. Қоңыр үнді, қоңыр көзді жігіттің тағы бір ерекшелігі көркем де қарапайым мінезі бар еді оның өзгелерді баурайтын. Әрине, бойы да, сарабдал ойы да бар Гауһар сүйген жігіттің өзіне деген махаббаты да, сезімі де мөлдір һәм пәк болатын. Осы пәктік, тазалық қызды өзіне магниттей тартып, оның жүрегін мәңгілікке «улады». Гауһар сұлуды барлығын тәрк еткізіп «улаған» жігіттің аты кім?

    − Темірха-ан! – Қыз алдағы топпен бірге алаңға кетіп бара жатқан жігітіміздің есімін еркелете айтқанда олардың бәрі бұған жалт қарасты. Сәт өтпей сұңғақ бойлы жігіт әлгі топтан жырылып қыздарға бет бұрды.

    − Қарамайсың ғой тіптен, − деді қыздарынан оңашаланған Гауһар кішкентай жұдырығымен жігіттің иығынан нұқып.

    − Алаңға асығып… Өзің бүгін одан сайын сұлуланып, құлпырып кетіпсің. Мен ғана емес бүкіл жігіттер сенің сұлулығыңа тәнті болып қарады ғой.

    − Қойшы… адамды ұялтпай. Бүгін ән айтасың ба? – Қыздың жүзі қызыл арайланып, тана көздерінен жігітке деген ыстық сезімі себезгілеп тұрғандай еді.

    − Айтамын. Сен ше, өлең оқисың ба?

    − Иә, тәуелсіздік жайлы толғауларды нәшіне келтіріп оқимын. – Екеуі күліп жіберді.

    − Гауһаржан, салтанатты мерекеден соң кездесеміз ғой, ә? Бетіңнен бір сүйгізші, − деді қолын кеудесіне баса Темірхан жымия күліп.

    − Қой, тентек болма! Айналаңдағы ағылған жұртты көрмейсің бе?

    − Мен сені сүйемін, Гауһартай! Мен сені өлгенше сүйіп өтемін. Сен ше? – Жігіттің көздері от жайнап қызға еміне қарады.

    − Мен… мен… Мерекеден соң айтайыншы, Теміш? Мақұл ма?

    − О-о, ол дегенің мен үшін тым-тым алыс қой, алыс. Бірақ ғасырлар өтсе де мен шыдаймын, жаным. Ал мен кеттім. Сау бол!

    Неге екенін кім білсін, Теміші ұзап бара жатқан кезде Гауһар жүрегінен бір нәзік жіп үзіліп кеткендей болды...

                                                            ***

    Түсімдегі қызды көргенде селк ете қалдым. Сол… сол ғой. Әппақ шашы, мұңды көздері… Қандай сұлу жан өзі. Бірақ жүзінде шаршаңқылық бар. Түнімен ұйықтамаған, жылаған қыз осы ма?

    − Сізді мен түсімде көрдім, аға. Бүгін міне, алдымда отырсыз. Сізге менен не керек? – Таңғалдым. Гауһар да мені түсінде көріпті. Тіліме мына өлең жолдары орала берді.

    − Кел, менің қасыма кел, қасыма кел,

     Жеңдіріп үрейіңді басыла гөр!

     Сұлулыққа сұқтанған жат көздерден

     Жалт еткен жанарыңды жасыра бер.

     Панала, қасыма кел, қасыма кел!

    Айналайын қарындасым, мен де сені түнде түсімде көрдім. Бір емес, бірнеше рет. Сонсоң Гауһартай, сені іздедім. Тапқаныма қуанып отырмын. Темірханыңнан қапияда айрылып қалыпсың. Қайғыңа ортақпын!

    − Рақмет, аға! Сіздің даусыңыз менің Темішіме ұқсайды екен. Жып-жылы. Ағатай, мен әлемдегі ең жақын адамдарым, әкешім мен Темішімнен айрылған қаралы сәттен бастап аруаққа айналдым.

    Сен пәниден бақиға,

    Мені тастап аттандың.

    Табанында тағдырдың,

    Талай сенсіз тапталдым.

    Қаншама рет құшақтап,

    Қабіріңді жастандым.

    Өмір емес

    Бұл менің –

    Өрт ішінде бастаңғым.

    Жел қанатты бұлтымын,

    Жеті қат көк аспанның.

    Кете берем қаңғырып,

    Есіміңді ән қылып!

    Менің әдемі аяғымды оқ жұлып қана кеткен жоқ, қанатым да бірге қырқылды. Өмірім қараңғылыққа айналды. Менің қазір күнім түн, түнім түнек. Кеудесін оқ тескен менің момын әкемнің не кінәсі бар еді? Сүйгенінің ернінен бір сүймей кеткен Темішім әділеттілікті бейбіт түрде талап еткені үшін жазықты ма?..  

    Біз Гауһармен ұзақ әңгімелестік. Оның айтқан әрбір сөзі менің жүрегімді қан жылатты. Сол күні талай жазықсыз бейбіт жан оққа ұшты. Кім атты? Неге? Не үшін? Бәрін де бейбіт түрде шешуге болатын еді-ау. Неге мұндай зұлымдыққа, қатігездікке барды екен? Тек қана бір отбасы қаншама қайғы бұлтын жамылды десеңші?! Күндердің күндерінде ақиқат пен әділдік сөзі айтылар. Алайда осы қасіреттің орны толмайды ғой, толмайды!

    Мен қанша тырыссам да қанаты қайрылған арудың қайғысын жамай алмадым, оның көкірегінде рух отын жандыруға дәрменім жетпеді. Ең бастысы оны жұбата алмадым! Соншама қауқарсыздығыма қатты налыдым. Сұлу қыздың қап-қара шашы, әкесінен, Темішінен айрылған сол күні-ақ ағарып кетіпті. Бүкіл Жаңаөзен жігіттерін ғашық еткен оның тана көздеріне ақ, ақша жүзіне әжімдер түсіпті. Әттеген-ай! Талай нәзік жанды сұлуларға қайғы уын жұтқызған, талай тағдырларды таптап, ажал оғын атқан зұлмат жандарға лағнет айттым. Қолымнан келгені осы – Гауһаржан, кешір ағаңды...

                                                            ***

    Кейін естідім, қара тастан да ауыр қайғыдан ес жия алмаған күйі Гауһар қарындасым көз жұмыпты. Өлерінде екі аманат айтыпты: бірі мүрдесін Темішінің жанына қоюды, екіншісі протезін алып тастап, оның орнына оқ жұлып кеткен аяғын салуды өтініпті… Мен оның үшінші аманатын орындап, оның нәзік жаны, махаббаты, Темішін өлердей сүйетіндігі туралы новелламды жазып бітірдім.       

Тегтер: