Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:08

Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынамасына қатысты тексеріс барысы белгілі болды

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынамаcын ашу рәсіміне қатысты түсініктеме берді.

Федерация президенті Рахимжан Ерденбековтің айтуынша, В сынаманы ашу рәсімі АҚШ-тың Юта штаты, Солт-Лейк-Сити қаласында халықаралық антидопингтік регламенттерге толық сәйкес және барлық процессуалдық талаптарды сақтай отырып өткізілген.

Оның айтуынша, рәсім спортшы командасының өкілдері, тиісті салалық мамандар және белгіленген тәртіппен қатысуға рұқсат етілген барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өткен. Бұл өз кезегінде қандай да бір заң бұзушылықтарға жол бермей, процестің барынша ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Рахимжан Ерденбековтің мәлімдеуінше, В сынама ашылғаннан кейін қайта мөрленіп, тиісті зерттеулер жүргізуге уәкілетті аккредиттелген халықаралық зертханаға ресми түрде жолданған. Талдау бірізді стандарттарға сай жүргізіледі.

"Осы кезеңде қандай да бір құқықтық немесе нақты негіздерге сүйене отырып қорытынды жасауға, айып тағуға немесе өзге де интерпретацияларға баруға себеп жоқ. Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы спортшының кінәсіздік презумпциясын және рәсімге құрметпен қарау қағидатын қатаң ұстанады, - деп атап өтті федерация басшысы.

Сонымен қатар ол федерация ұстанымының өзгермейтінін айтты.