21:51, 25 Қаңтар 2019
Жақсыбековтің жақтасы кетті: «Астананың» тағдыры не болмақ?
Соңғы 5 жыл Қазақстан премьер-лигасында қарсылас шыдатпаған «Астана» клубында жаңа кезең басталып жатыр.
Клубта өзгеріс өте көп. Биыл «Астана» клубының құрылғанына 10 жыл толады. Елордадағы жаңа футбол ұжымының бастапқы тарихына тоқталудың қажеті жоқ шығар. Оны футбол қарап жүргендердің көбісі біледі.Соңғы 5жыл көлемінде клубты Саян ХАМИТЖАНОВ басқарды. Негізгі алған білімі, кәсібі футболға қатысты болмаса да, 2000 жылдардан бері Хамитжанов мырзаның қазақ футболында өзіндік орны бар. Жасыратыны жоқ, ҚФФ президенті Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ сенімді жақтасы 20 жыл көлемінде отандық футболдың тізгінін ұстаушылардың бірі болып келді. Әлі де болса, әлемдегі №1 спорт түрінен алыстап кетті деп айта алмаспыз. Бірақ «Астана» клубынан кеткені шындық. Осы 5 жылдың ішінде «Астананың» Қазақстан премьер-лигасындағы чемпиондық титулдарына күмәнмен қарайтындар бар. Бірақ Саян Жақсыгелдіұлының өзін ақтап алатын ең керемет аргументі мынау: яғни елорда клубы 4 жыл қатарынан еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шықты. Былтыр Еуропа лигасының 1/16 финалына дейін жетті. Оның алдында 2015/16 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуі қазақ футболы үшін үлкен жетістік екені сөзсіз. Сөйтіп, «Астана» Қазақстанда ғана емес, Еуропада да өзін мойындата бастады. УЕФА-ның рейтингінде алғашқы 50 клубтың қатарына енді. Соның арқасында «Астана» клубының ішкі чемпионаттағы кейбір күмәнді-көлеңкелі жағдайларын халықаралық аренадағы табыстары жауып кететінін айта кетуге тиіспіз.«Астана» клубын негізінен қаржыландырып отырған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Өмірзақ ШӨКЕЕВ басқарған тұста «Самұрықты» соратындар жырғап жүретін. Енді оның орнына Ахметжан ЕСІМОВ келгелі бұл қордан спорт үшін ақша алу бұрынғыдан сәл қиындаған тәрізді. Оны Хамитжанов та жете түсінсе керек, 2018 жылдың 31 желтоқсанында қызметінен кетті. Саян мырзамен бірге, «Астана» клубының атқарушы директоры Қайсар БЕКЕНОВ те жылы орнын босатты.Елорда клубының Еуропадағы толағай табыстарының негізгі себепшісі Станимир СТОИЛОВ енді Қазақстанда жұмыс істемейді. «Астана» командасынан кейін ұлттық құраманы 1 жылға жуық жаттықтырған болгар маманына да қазіргі кезде біздің елден жұмыс табылмай қалды.Хамитжанов «Астана» клубын басқарған жылдары барлық трансферлерді мұқият қадағалады. Оның тіпті, кейбір футболшылардың агенті екені де БАҚ беттерінде әлсін-әлсін айтылып қалады. Жақында өзі «Ордабасы» клубы президентінің кеңесшісі болып тағайындалысымен «Астанаға» тиесілі Алексей Щеткин, Марат Быстров, Дмитро Непогодов секілді ойыншыларды Шымкентке алып кеткенін білеміз.Қазір «Астана» клубының тізгіні Асқар БАТАЛОВТЫҢ қолында. Оның негізгі қызметі – «Астана» президенттік кәсіби клубының бас директоры. Жақында футбол клубына атқарушы директор ретінде ағылшын Пол ЭШУОРТТЫ таныстырды. Эшуорт енді Хамитжановтың жолын жалғастыра ала ма? Мәселе осында болып тұр. Жарты жылға жоғалып кеткен бас бапкер Роман ГРИГОРЧУК қайта оралды. Қазір ол командамен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі оқу-жаттығу жиынында жүр.Команданың бірнеше көшбасшы ойыншылары кетіп қалды. Олардың арасында Бахтиер ЗАЙНУТДИНОВ, Ласло КЛЯЙНХАЙСЛЕР, Ричард АЛЬМЕЙДА секілді былтыр негізгі құрамда ойнаған футболшылар бар. Былтыр Хорватияның «Риека» клубына жалға берілген Срджан ГРАХОВАЦ қайтып оралмайтын болды. Сондай-ақ шабуылшы Джуниор КАБАНАНГА да өзінің Сауд Арабиядағы клубы «Әл-Насырға» қайта оралды.Ардагер футболшы Юсуп ЩАДИЕВ осындай өзгерістерге қарамастан, «Астана» биыл да чемпион болуы мүмкін деп отыр.«Өзгеріс жасайтын уақыт келді. Өз жұмысына енді басқаша көзбен қарап көретін болады. «Астана» биылғы маусымда қаржылық проблемаларға кезікті. Сондықтан жүйке жұқартатын сәттер болғаны жасырын емес.Менің ойымша, «Астананың» осы жылдар ішіндегі барлық чемпиондығының 70-80 пайызы Саят Хамитжановтың арқасы деп білемін. Әрине, ол Станимир Стоиловты тауып әкелді. Екеуі, бір-бірін жақсы түсінді. Біреуі, дисциплинаны реттесе, екіншісі жаттығу процесіне көңіл бөлді», – дейді Юсуп Щадиев.Оның айтуынша, командадан кейбір ойыншылар кеткенімен, қазіргі құраммен де «Астана» алысқа шабады.«Венгриялық футболшы Ласлоның кеткені өкінішті. Бірақ ең бастысы, Иван Маевскийді сақтап қалу керек. Ал қалғанының орнын басатын ойыншы табуға болады. Жас әрі талантты футболшы Бактиер Зайнутдинов«Астананың» чемпиондығында үлкен рөл ойнады деп айта алмаймын. Алмейданың орнын Серік Мұжықов оп-оңай баса алады. Сондай-ақ Роман Мұртазаев бар. Орталық қорғаушы Марин Аничич, Иван Маевский, Марин Томасов және Ненад Эрич – «Астананы» ұстап тұрған негізінен осылар. Егер аталған футболшылар тағы да елорда клубында қалатын болса, алтыншы чемпиондыққа қол жеткізеді. Клубтағы ең басты фигура деп Саян Хамитжановты айтар едім. Ол еліміздегі ең мықты футбол менеджерлерінің бірі. Жаңадан келген басшы Хамитжановтың деңгейіне жете ала ма, Жоқ па? Оны уақыт көрсетер», – дейді футбол сарапшысы.
Бек ТӨЛЕУОВ