Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:36, 25 Қазан 2021

Жастар саясаты – ел дамуының жарқын бағдарламасы

None
None

Қазақстанның болашағы қашан да жастарға тәуелді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жастар жалпы халықтың 20,2 пайызына тең екен.

Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған әртүрлі бағдарламалар қабылдануда.

Естеріңізде болса, 2015 жылдың 9 ақпанында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданған болатын. Құжатқа сәйкес, жастар санатына елдің 14-29 жастағы азаматтары кірді. Ал биыл жастар санатына жататындардың қатары артуы мүмкін. Мұны ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл басында мәлімдеген болатын. Мәлімдемеде 35 жасқа дейінгі азаматтарды сол санатқа жатқызу туралы ұсыныс айтылған болатын. Сонымен бірге, жастарға жағдай жасауға бағытталған бірнеше бағдарламаға өзгерту енгізілген-ді.

Жастар саясаты бағдарламасының негізгі мақсаты мен міндеті қандай? Ол қандай қағидаға сүйеніп іске асады? 2015 жылы қабылданған заңда жастардың толыққанды рухани, мәдени дамуы мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты екені айтылған болатын. Сондай-ақ, жастардың білім алуы мен кәсіби біліктілігінің артуы, шешім қабылдау процесіне атсалысуы, физикалық тұрғыдан дамуына басымдық берілген еді. Жастар саясатының басты міндетіне жас азаматтар құқығының қорғалуы, заңды мүддесінің жоғары тұруы жатады.

Жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасыдағы тәрбие кіреді. Мәселен, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары: сапалы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты баспанамен қамту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу, экологиялық мәдениет, талантты жастарға көмек, мәдени демалысқа баулу.

Айтпақшы, биыл жыл басында Елордада «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында конференция өткен болатын. Жиынға мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, білім және ғылым министрлігі, спорт және мәдениет, ішкі істер министрілігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қатысты. Жиында 2021-2025 жылдарға арналған жастар саясатына қатысты министрлік жоспарының басым бағыттары таныстырылды. Онда жастардың тұрмыс жағдайын, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кешенді жоспарлар қабылданған. Атап айтсақ, «Жастар жылы» аясында жол картасы іске асты. «Қазақстан – 2020: Болашаққа бағдар» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру мәселесі аяқталды...

2021 жылы жастарды қолдау жөніндегі институционалды база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес, кәсіпорын, жоғары оқу орындарында, колледждерде 897 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді.

Жастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жоба аясында жастар даму индексін әзірлеу және оны аймақтарда дамыту, талантты жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтар» грантын беру, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұның бәрі 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспарланған.

Тәуелсіздік алған 30 жыл бойы жастардың жағдайын жақсартып, әлеуметтік мүддесін қамтамасыз ететін жан-жақты дамытатын мемлекеттік қолдау шаралары жасалып келеді. Шаралар кешені Жастар жылы аясында іске асырылуда. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасы» жыл басында әзірленіп, жұмыс жоспар бойынша жүрді. Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында да Жастар жылы аясында жоспарланған бірқатар шаруалар жүзеге асты.

2021 жылға жастар және отбасы саясаты саласында қандай шаралар жоспарланған? Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Facebook-тегі ресми парақшасында вице-министр Асхат Ораловтың төрағалығымен өткен АҚДМ жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің онлайн отырысы кезінде айтылды.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Баймановтың айтуынша, жастар мәселесі – біздің мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың бірі. Жастар жылы аясындағы жол картасы шеңберінде шаралар кешенін іске асыру жалғасып, «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аяқталды. 2020 жылы жүргізілген кең ауқымды ғылыми-зерттеу және талдамалық жұмыстардың басым бөлігі 2021 жылы бастау алатын мемлекеттік жастар саясаты туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін нақты негіздерді айқындады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» үш заң қабылдады. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы, отыздан астам нормативтік құқықтық актілер, ондаған мемлекеттік бағдарламалар мен жол карталары жүзеге асты. Мұның бәрі кешенді жұмыстар.

Осы бағдарламалар негізінде бұдан былай жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 пайызға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу мәселерін басынан өткізеді. Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске қосылған.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жарты жыл тәжірибеден өтіп, мамандық бойынша біліктілікті арттырып, қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Жобаның мақсаты – маман жоғары оқу орнында білім алған соң үш жыл ішінде өзінің кәсібі бойынша жұмысқа орналасады. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылатын бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер қатысады.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда түлектерде мамандық бойынша тәжірибе болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмайды. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы еліміздің 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарын қолдауға арналған.

Ел болашағы жастардың қолында: олардың еңбекқорлығына, талап-мұратына, арман-мақсатына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.

Жастардың тағдыр-талайы мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде емес, оларға мемлекеттің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі иесі ретінде қарағанда ғана ұлт құндылығын ұлықтай аламыз.

Тегтер: