Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 17 Сәуір 2025

Жастар үні: Magnumмен бойкот, тіл мен талап

1
Фото: из открытых источников

Өткен аптада әлеуметтік желілерде талқыға айналып, арты дауға ұласқан Magnum супермаркетіне қатысты бойкоттың дүмпуі әлі де басыла қойған жоқ. Әлеуметтік желідегі жұрт дүкенге қатысты жарыса жағымсыз пікір қалдырып, сауда жасаудан бас тартқанын айтып әлек. Бізде осындай даулы мәселелердің көбісі «бітімгершілікпен» аяқталып жатады. Қоғам қызу талқылай бастағанда екі тарап (мейлі ол кім болса да) бірден ымыраласып, достасып, қол алысып, құшақтасып, халықты, береке-бірлікке, татулыққа шақырып, бір тарап «қателігін мойындап», кешірім сұрап шыға келеді. Содан да болар, осындай дау туындай қалса кейбір желі қолданушылар «кешірім сұрайтындардың видеосы қашан шығады екен» деп жаттанды «әдісті» күлкіге айналдырып жатады. Жан-жақтан қысым көбейген қысылтаяң кезде Magnum да осы ескі «әдіске» жүгінді.

Көп ұзамай даудың басталуына түрткі болған Асылхан мен азық-түлікті жеткізген курьер жігіттің мәмілеге келіп, қол алысқан видеосы тарады. Олар елді татулыққа, бірлікке үндеді! Жұрттың тебінін бәсеңдетуге ұмтылған дүкеннің бұл әрекеті халықтың тіпті шамына тиген сияқты. Мысалы, 2 GIS бағдар картасы желісінде дүкендер желісінің рейтингі айтарлықтай төмендеген, ал әлеуметтік желілердегі аккаунттары жағымсыз пікірден көз ашпайды. Бұл бойкот – жай ғана қазақ тіліне байланысты туған кезекті мәселеге қоғам реакциясы емес, көптен бері қоғам көкейінде қордаланып қалған наразылықтың көрінісі іспетті. Әлеуметтік желілерде дүкендердегі жұрт қарасының едәуір азайып кеткенін көрсеткен бейнежазбалар да жиі жариялана бастады.

Байқасақ, әлеуметтік желіде басталған «бойкотты» қолдап, жалғастырып жатқандардың басым бөлігі – жастар. Иә, бүгінде даусы жиі естіле бермейтін, көп жағдайда бейқам, «өз күнін өзі көріп жүрген» буынның бұл жолы әлеуметтік әділеттілік үшін белсенділік танытып, ортақ пікір білдіруі — назар аударуға тұрарлық жағдай. Бұған әлеуметтік желілерде жарияланған Magnum бөлімшелерінің бейнежазбалары, бойкотты қолдаған хэштегтер мен пікірлер дәлел. Шынын айтқанда, француз философы Эмиль Дюркгейм «әлеуметтік трансформация агенттері» деп атаған жастар тобының қоғамдағы осы секілді өзекті мәселелерге үн қосып, пікірін ашық айтқаны көңіл қуантады. Әдетте, жастардың саяси белсенділік танытуы қоғамның жаңаруын, іштей түлеуін қамтамасыз ететін негізгі тетік. Мәселен, философ бұл процесс үш кезеңнен тұратынын айтады: сана-сезімнің оянуы, әрекетке көшу және жүйелі өзгерістерге ықпал ету. Ал бұл кезеңдердің бастамашысы көбіне-көп жастар болатыны жасырын емес. Әсіресе дамыған елдерде саяси төңкерістер мен қоғамдық өзгерістердің алдыңғы шебінде әрдайым жастар жүргені тарихтан белгілі. Мұндай мысал өзімізден де табылады. Кешегі қызыл империяның іргесін шайқалтқан Желтоқсан оқиғасы мен Қаңтар оқиғасында да алаңның бел ортасында жастар жүрді емес пе?!

Хош. Бұл бір ғана «бойкоттан» ештеңе шешілмесі анық. Алғашқы дүмпу ғана. Бірақ осындай дүмпудің өзі де – үміт. Бұл жарияланған бойкот жай ғана бір супермаркетке қарсы емес еді. Ол – отар ұлттың мызғымай тұрған үстемдігіне, құлдық сана мен тұтынушы тарап болып қана қалуға қарсы жасалған наразылық дер едік. Осындай мәселелерге жастар өз үнін қоса алса, олар тек болашақ иесі емес, біз бен сіз сүріп жатқан бүгінгі қоғамның да құрылысшысы болмақ. Біз үнсіз қалсақ, өзгелер біз үшін шешім қабылдайтыны рас.

Алайда бойкоттың алғашқы күндерінде жүзеге асқан жастардың қарқынды толқуы мен белсенділігі кейінгі күндері саябырси бастағанға ұқсайды. Сөреде тұрған заттардың бағасы арзандаған сәттен-ақ студенттер супермаркетке ағылғаны туралы бейнежазбалар тарай бастады. Бұл әрекет осындай әлеуметтік-қоғамдық мәселелердің жастар арасында бос сөз, болмашы ұран деңгейінде ғана қалып қойған жоқ па деген қынжылысты ойға жетеледі. Көштен қалмайын деп әу баста ұрандатқан кей жастың бұл қарсылығы бір апталық «дабырадан» аса алмай қалғаны өкінішті-ақ. Көп жағдайда жастар арасында бойкот, флешмоб, хэштег, кәнсел мәдениеті сияқты әрекеттердің тек әлеуметтік трендке айналып, ішкі мазмұн мен дәйектіліктен жұрдай болып қалатыны жасырын емес. Бұл – қоғамға ғана емес, өзімізге де, болашақтағы саяси белсенділігімізге де сын. Әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұру тек бір апталық ұран мен пост емес, күнделікті өмір салтындағы ұстаным болуы тиіс емес пе еді деген сұрақ туады.

Қалай десек те жастардың үні, жастардың пікірі қоғамға жетуі тиіс. Осы мақсатта «Жас Алаш» «Менің құрдастарым» деп аталатын жаңа айдар ашты. «Жас Алаш» – жастардың газеті. Сондықтан газет төрінен жастарға да орын берілуі заңдылық. Мұнда әлеуметтік-қоғамдық мәселелер төңірегінде замандастардың, соның ішінде әртүрлі салада оқып, ізденіп жүрген студенттер мен жастардың пікірін сұрамақпыз. Біздің буынның ойы мен пікірі, ұстанымы мен көзқарасы – қоғам болашағын анықтайтын индикаторлар. Осы орайда «менің құрдастарым» Magnum дүкеніне бойкот жариялады ма екен? Бұл мәселеге қандай көзқарас танытты? Сол турасында жауап алдық.

Озат Қасиханұлы, тарих пәнінің мұғалімі:

Бір апталық айқай-шудан аса алмай отырмыз

Бұл жағдайда кімдікі дұрыс-бұрыс деп баға беру мүмкін емес секілді. Адамдардың арасындағы кикілжіңде қай тараптың шын айтып тұрғанын аңғару қиын. Менің ойымша, «магнум» кейсі – жай ғана клиент пен курьер арасындағы тілге байланысты жанжал емес. Бұл оқиға біздің халықтың тіл мәселесіне назар аудара бастағанын, қазақ тіліне деген эмпатиясының пайда болғанын, ал ең бастысы – халықтың бір идеология аясында бірігіп, бас көтере алатынын көрсетті. Әлбетте бойкот арқылы тіл мәселесі шешіліп кетпейді. Оның үстіне бұл бойкот тек әлеуметтік желіде ғана өрбіді, ондай акцияларды қоғам уақыт өте келе ұмытып кететінін көріп жүрміз. Тіл белсенділері бұл бойкотты ауқымды еткісі келсе – оффлайн бойкотты да жариялауы керек еді. Мәселен, сол дүкеннің алдында үнпарақтар таратып, постерлер жабыстырып деген секілді. Әлеуметтік желінің цифрлық әлем екенін, ондағы үндеулер мен әрекеттер сол цифрлық әлемде ғана қалып қоятынын ұмытпағанымыз жөн. Цифрлық әлемдегі бұндай акциялар жалған оппозиция секілді – иллюзия қалыптастырып, көзімізді арбайды. Тіл мәселесі көтеріліп жатқан секілді көрінуі мүмкін, алайда жеме-жемге келгенде бір апталық айқай-шудан аса алмай отырмыз.

Магнумға бұл оқиғаға дейін де сирек баратынмын. Өйткені тауарларының сапасына көңілім толмайды. Бұл компанияның мемлекеттік тілге деген құрметсіздігін көргеннен кейін енді табалдырығын аттамаспын, таныстарыма да айтарым осы. Жалпы қазақ тілін жақтырмайтын һәм бизнес тілі емес деп менсінбейтін ұйымдарды айналып өтуге тырысамын. Қоғам қазақ тіліне деген сұранысты арттырса, ең болмағанда қазақша амандасып, қазақша мәзір сұраса – соның өзі тілге жанашырлық деп білемін. Билік пен бизнес қазақ тілін қолдамайынша, қазақ тілінің беделі көтерілмейді. Мемлекеттік органдардағы қызметкерлер орысша сөйлеп жүрсе, онлайн трансляциямен көрсетіп жүрген сот процестері толықтай орысша өтіп жатса, халық қалай қазақша сөйлемек? Өкімет тарапынан қазақ тілін қолдайтын бағдарлама аз. Тегін тіл курстары, үгіт-насихат, шет тіл мектептерінде қазақ тілі пәнінің кадрлары жетіспейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, өкімет бұл жерде біздің «role model» болып тұр. Қоғам билікке қарап бой түзейді, бұл заңды құбылыс. Өкімет қандай, елі де сондай. Сондықтан біз «Магнум» кейсі секілді салдармен емес, себеппен күресуіміз қажет деп ойлаймын.

Жәнібек Әмре, журналист:

Тілге қатысты дауды тудыратын да, өршітетін де бизнес өкілдері

Қазақ тіліне қатысты даудың туындап тұруы – қалыпты жағдай. Билік пен бизнес 30 жыл бойы орыс тілінде сөйлеп келді. Қазақша мәзір талап ету былай тұрсын, Алматыдағы қарапайым бір кофехананың қызметкерінен 30 жыл бойы «Орысша сөйле!» деген сөзді естіп келген халықтың реакция білдіруі не үшін орынсыз болуы керек? Негізінен қоғамдағы тілге қатысты дауды тудыратын да, өршітетін де – бизнес өкілдері.

Мысалы, Астанадағы Qazaq Coffee деген кофехана тұтынушыға қазақша мәзір беруден бас тартып, 2GIS қосымшасына «Қазақ тілін білуге міндетті емеспіз!» деп пікір жазған. Кейін кофехана әкімшілігі «Пікірді стажёр жазды» деп құтылуға тырысты. Бірақ желі қолданушылары Qazaq Coffee-ні кәнсілдеп, кофехана ақыры жабылып тынды. Бұл – қоғамдағы тілге қатысты дауды тудыратын да, өршітетін де бизнес өкілдері екенін дәлелдейтін бір ғана мысал.

Magnum кейсі де Qazaq Coffee кейсіне өте ұқсас. Бұл жерде дау Асылхан Әлімханұлы деген жігіттің Threads-парақшасында жазба жазып, «Қазақша сөйлей берсей» деген курьерді жұмыстан шығартып жібергенінен басталды. Magnum бұл нәрсені «Екі адамның арасындағы келіспеушілік» деп түсіндіруге тырысты. Биліктің де риторикасы осындай болды. Вице-премьер Серік Жұманғарин бұл екі тұлға арасындағы тұрмыстық дау деп пікір білдірді.

Билік пен Magnum пікірінің бір жерден шығуы – екі тараптың да қазақша сөйлейтін адамдардың проблемасын түсінбейтінін көрсетті. Халық арыз жазған жігітті жек көргеннен не курьер жігітті жақсы көргеннен наразылық білдірген жоқ. Бұл нәрсенің астарында терең әлеуметтік проблемалар жатыр. Қоғамдағы қазақша сөйлейтін адамдарға дискриминация, әлеуметтік теңсіздік, қазақ тілінің үнемі екінші тіл болуы деген сияқты мәселелер бар. Magnum басшылығы «Қазақша сөйлей берсей» деген курьерді жай ғана бір жазба үшін жұмыстан шығарып жіберді. Ал 30 жыл бойы «Орысша сөйле!» деп жекіріп келгендердің бір рет болсын жазаланғанын көрдіңіз бе? Міне, халық осы үшін ашуланды, осы үшін наразы болды. Билік пен бизнес 30 жыл бойы қазақша сөйлейтіндердің проблемасын түсінбеді, түсінгісі де келмеді, қазір де түсініп жатқаны шамалы.

Халықтың бойкот жариялауы қаншалық дұрыс не бұрыс екеніне баға бере алмаймын. Бойкот арқылы мәселе шешіле ме, жоқ па – оны да білмеймін. Білетінім – бойкот наразылық білдірудің бір формасы ғана. Яғни қоғам тілге қатысты мәселеде үнсіз қалудан шаршады. Халық кез келген жолмен өз наразылығын білдіруге дайын. 2GIS қосымшасына пікір жазу, бойкот жариялау деген сияқты нәрселер әйтеуір үнсіз қалмаудың амалы. «Ереуіл – тыңдалмағандардың тілі» деген сөз бар. Осы секілді бойкот та Қазақстан қоғамының шарасыздықтан баратын қадамы. Өйткені елде қандай да бір проблеманы шешетін институт жоқ.

Дильназ Кажмуханова, суретші:

Клиентке сыпайы қызмет көрсету – бизнес этикасы

Шынымды айтсам, бұл жағдай маған біржақты болып көрінді. Иә, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, оны дамыту қажет. Бірақ енді бір курьердің «қазақша сөйле» дегені тұтынушыны ыңғайсыз жағдайға қалдырса, оны бірден ұлтшылдықтың туы етіп көтерудің қажеті жоқ сияқты. Оның үстіне, тұтынушы – клиент. Клиент қазақша айтса да, орысша айтса да, оған қызмет көрсету – бизнес этикасының негізі. Ал бизнес өкілі, керісінше, клиентке талап қойып отыр. Бұл – қателік. Бірақ оны бүкіл қазақ тілі үшін соғыс деп көрсету – тым артық. Менің ойымша, бұл кейсте эмоция басым болды. Курьер де, оны жақтаған тарап та шектен тыс агрессия көрсетіп қойды. Неге біз осы тіл мәселесін сабырмен шеше алмаймыз? Интернет беттерінен байқасам, Магнумға бойкот жариялаған қазақтілді жастар супермаркетке барып, сөреде тұрған заттарды бүлдіріп жүр. Бұл орыстілді қауымның агрессиясын одан сайын күшейтіп, «қазақтілділер жабайы» деген түсінік қалыптастырып жатыр. Қазір «кәнсел», «бойкот» мәдениеті қоғамда енді-енді қалыптасып келеді, тіпті әдетке айналып бара жатыр ма деп қалдым. Біреу бірдеңе десе болды, бүкіл бизнеске тиісе бастаймыз. Оны бір жүйелі мәдени қозғалыс емес, жай хайп сияқты қолдана салатынымыз ұнамайды. Бұндай бойкоттар көбіне эмоциямен басталып, ешқандай нәтижесіз аяқталады. Ертең ұмытылады, сосын тағы бір дау шығады – қайтадан бойкот. Бұл шексіз цикл сияқты. Және бойкоттың артына тығылып, радикалды пікірлер айтып жатқандар да бар. «Орыстілділер кетсін», «орысша сөйлегендерге қызмет көрсетпеңдер» деген сияқты ұрандар көбейіп барады. Бұл қазақ тілінің мәртебесін көтеруден бұрын, халықты екіге бөлуге әкеледі. Сөйтіп қоғам ішіндегі сенімсіздік күшейеді. Қазақ тілі мұндай әдіспен дамымайды. Ашығын айтайын, мен үшін ең ыңғайлы, қолжетімді супермаркет – осы «Магнум». Бұл оқиғадан соң да барып, әдеттегідей керегімді сатып алдым. Қай барғанымда да адам қаптап жүрді. Қырғын кезек. Арасында бірер орыс болмаса, қалғаны қазақ екен. Олардың жұрт жазып жатқан көп посттардан хабары да жоқ сияқты. Бәлкім, менің үйіме жақын, нарықта «Магнуммен» бәсекелесіп тұрған бірнеше супермаркет не дүкен болса, саналы түрде бас тартушы едім. Оның үстіне, шынымды айтсам, «осы дүкенге барсам, мен қазақ тіліне қарсы боп кетем бе» деген ой келмеді. Бұл тек дүкен. Ол жерде мыңдаған адам жұмыс істейді. Бір адамның ісі үшін бүкіл желіні кінәлау – әділетсіз. Жалпы, меніңше, мұндай кейстерде тым идеологияға беріліп кетпей, сәл рационалды болу керек. Қазақ тілін қолдау – міндет, бірақ ол үшін өзге тілді кемсітудің керегі жоқ. Әйтпесе біз тек жаңа даулар тудырып, қоғамда жаңа таптаурындар мен «қабырғалар» орнатамыз. Кей құбылыстарға ұлт, ру дегенді ысыра тұрып, жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан баға берсек деймін.

Айназ Есекеш, филология факультетінің студенті:

Тіл мәселесінің шешілуіне қозғау салады деп үміттенемін

Меніңше, қоғамда орын алған кез келген нәрсеге біржақты қарауға болмайды. «Таяқтың екі ұшы барын» ұмытпаған жөн. Егер «Магнум» қызметкері сатып алушының шамына тиетіндей сөз айтса, әрине, бұл оның қателігі. Ал егер ешбір астарсыз, дұрыс ниетпен айтылған сөз болса, қызбалыққа салынған сатып алушының өз кінәсі. Мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұрмағаны белгілі. Осындай оқиға қайталанған сайын адамдар екі топқа бөлінеді. Бірі – «Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ та өмір сүруге болады» деушілер болса, екінші топ – «әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп шырылдайтындар. Шын мәнінде, дамыған елдерде мұндай парадоксалды жағдайлар тіптен болмайды. Еліне келген туриске де «менің тілімде сөйле» десе, ешкім шағымданбайды. Ал бизнес төңірегіндегі мұндай жағдайларда әрдайым тұтынушының құқығы бірінші кезекте қорғалатыны да белгілі. Әрине, ешкімге мәжбүрлеп тіл үйрете алмасымыз анық. Сондықтан еліміздің әр азаматы қазақ тілін білуі үшін, әуелі, билік қазақ тілінде сөйлеуі керек деп ойлаймын.

Кез келген кәсіптің тұтқасы тұтынушы екені түсінікті. Тұтынушысы бас тартса, кәсіпкер қойылған талапты амалсыз орындайды. Ал бұл бойкот тапсырысты жеткізуші мен сатып алушы арасындағы конфликтіден ғана туындамаған сияқты, қоғамдағы күні бүгінге дейін түйіні шешілмеген тіл мәселесінің ушығуынан туған наразылықтың пісіп жетілген түрі. Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, кез келген мәселеге қатысты қарсылықты қандай жолмен болса да көрсету керек (әрине, бейбіт түрде). Сондықтан бұл жағдай да тіл мәселесінің шешілуіне қозғау салады деп үміттенемін. «Магнум» дүкендер желісіне өз басым бұрын барып тұрушы едім, бірақ соңғы болған жағдайдан кейін барған жоқпын.

Мұхтархан Ерсін, робототехник:

Бұл – ішімізде жиналған ашу мен өкпенің сыртқа шыққаны

Қазақ тіліне немқұрайлық мәселесі алғаш туындап жатқан жоқ. Көп жылдан бері түйіні шешілмей келе жатқан мәселе. Бұл жерде қателік тек бір тарапта емес – бизнес те, билік те, тіпті халықтың өзі де біраз уақыт «тіліміз өзінен-өзі дамиды ғой» деп сеніп келді. Бірақ «Магнум» оқиғасы халық санасында маздап жатқан шоқты үрлегендей болды. Бұл – ішімізде жиналған ашу мен өкпенің сыртқа шыққаны болса, ал бойкот – халықтың үнсіз қалмағанының дәлелі. Бұл жақсы. Әрине, бір бойкотпен бәрін өзгерту мүмкін емес. Ең бастысы – реакция бар, үнсіз қалмадық. Бойкот жиі бола бергені де дұрыс шығар. Халықтың шыдамы таусылып келе жатқанын көрсетеді. Бір күні бұл толқын нағыз өзгеріске айналады деп сенем. Өзім «Магнумға» бұрыннан сирек барамын. Бойкот жарияланғалы әлі бірде-бір өнім сатып алмадым. Менің ойымша, қазақ тіліне қажет туғызу үшін бір ғана жол бар – талап ету. Заңмен де, сұраныспен де, қоғамдық қысыммен де талап етуіміз керек.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: