Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 09 Мамыр 2024

Жазығымыз не, жолдас Сталин?..

1
Фото: из открытых источников

«Жеңіс деген не? Біздің сталиндік жеңіс пе? Ең әуелі ол бүкілхалықтық қасірет.

 Совет халқының алапат қырғынға ұшырағандарды аза тұту күні. Ол өзен боп аққан жас, теңіз боп тұнған қан. Миллиондаған жарымжан. Миллиондаған жетім мен қауқарсыз кәрі. Ол миллиондап тәлкекке ұшыраған тағдырлар, көтерілмей кеткен шаңырақ, тумай кеткен сәби. Алдымен фашистік, кейіннен советтік лагерьлерде азапталған Отанының патриоттары».

Бұл – атақты маршал Иван Коневтің Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында жасауға тиіс болған, бірақ Брежневтің қарсылығымен кері қайтарылған баяндамасынан бір үзінді. Маршалдың ерекше тапсырмалар бойынша көмекшісі, генерал-полковник, хабарсыз кеткен және қаза болған отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру және іздеу орталығының президенті болған Степан Кашурко екеуара әңгімеде жазып алғанын куәландырады. Және ол кезде мұндай сөзді басудың мүмкін емес екенін, бірақ Коневтің өз сөзінің (және соғыс туралы шындықтардың) түбі бір жарық көретініне сенімді болғанын жазады. Кашурко 2007 жылы 80 жасқа қараған шағында дүние салды.

Кашурконың соғыс мүгедектерінің қайыр тілеп кеткені туралы жазбасы «Азапталған жеңіс» деген тақырыппен «Дош» журналында 2005 жылы – Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында алғаш жарияланады. Осыдан бастап Ресей қоғамында ұзақ уақытқа созылған дау пайда болды – әлі күнге жалғасып келеді. Коневті де, оның сөзін жеткізді делінетін Кашурконы да жерден алып жерге салғандар аз болған жоқ. Керісінше, соғыстың шындығына басқаша көзқараспен қарай бастаған жаңа заман өкілдері материалда ұсынылған фактілердің растығына ден қойды.

Мұндағы фактілерді Ресей пропаганасы жоққа шығарып баққанмен, бір нәрсе анық: Соғыс кезіндегі Совет әскерінің ауыр ахуалы, соғыстан соңғы адам төзгісіз ауыр хәлі. Екінші дүниежүзілік соғыстың (соңғы жылдары «Ұлы Отан соғысы» тіркесінен саналы түрде бас тарту үрдісі күшейіп келеді) аяқталғанына 79 жыл толар қарсаңда Конев-Кашурко жазбасындағы кейбір қорқынышты цифрлар мен фактілерді «Жас Алаш» оқырмандарына ұсынсақ дейміз.

Қайырымсыз отанның қайыршылыққа ұшыраған ұлдары

«Иван Степанович жазу үстелінен мәлімет парағын алды, шамасы әлгі Совет одағының төрт мәрте батыры, «Жеңіс Орденінің» кавалері және үш мәрте Совет одағының идеологы болған маршалдың алдына сан мәрте қайтып келген баяндама болса керек.

«Совершенно секретно» деген таңбасы бар қағаз цифрдан көрінбейді. Қаншалық ішіне кірген сайын, соншалық жүрегім шымырлап кетті:

...46 миллион 250 мың адам жараланды. Үйіне оралған 775 мың майдангердің бас сүйегі жарылған. Бір көзі жоқ – 115 мың, соқырлар – 54 мың. Бет-аузы бұзылған – 501 342. Мойын омыртқасы қисайған – 157 565. Қарны жарылғандар – 444 046. Омыртқасына зақым келген – 143 241. Жамбас жағынан жараланған – 630 259. Жыныс мүшесі жұлынған – 28 648. Бір қолы жоқ – 3 миллион 147. Қолы жоқтар – 1 миллион 10 мың. Бір аяғы жоқ – 3 миллион 255 мың. Аяғы жоқ – 1 миллион 121 мың. Қол-аяғының бір бөлігі жұлынғандар – 418 905. «Самаурын» аталып кеткен, қол-аяқсыз тұл қалғандар – 85 942.

Фашистік Германия Совет одағына шабуыл жасаған 22 маусым күні КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі 1905-1918 жылдары туған 13 жас ерекшелігі бойынша әскерге міндеттілерді жұмылдыру туралы мәлімдеді. Әп сәтте 10 миллионнан астам адам жұмылдырылды. Екі жарым миллион еріктілерден 50 жасақ дивизиясы және 200 жеке атқыштар полкы құрылды, олар ешқандай киімсіз, іс жүзінде ешқандай тиісті қару-жарақсыз соғыс отына кіргізілді. Екі жарым миллион жасақтың 150-мыңнан астамы ғана тірі қалды.

1941 жылы Гитлердің тұтқынына түскендер: Гродно-Минск маңында – 300 мың совет әскері, Витебск-Могилев-Гомель қоршауында – 580 мың, Киев-Умань – 768 мың. Чернигов маңы мен Мариуполь аумағында – тағы 250 мың. Брянск-Вяземский қоршауында 663 мың адам қалды, т.с.с. Егер өлі-тірісін қосса Ұлы Отан соғысы жылдары фашистік тұтқында аштықтан, суық пен үмітсіздіктен өлген, Сталинге жау, дезертир атанған төрт миллиондай совет жауынгері мен командирін санап аласыз.

Қайырымсыз отаны үшін жан беріп, адам сияқты көмілмей қалғандарды да еске ала кеткен ләзім. Орман-тоғайларда, далалар мен сай-салаларда көмусіз қалған екі миллионнан астам қаһарманның сүйегі шіріді. Ресми құжаттарда олар хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілді.

Қарғыс атқыр соғыс халықтың ішіне ұсқыны кеткен жауынгерлердің алып толқынын қаптатып жіберді. Соғыстан соңғы Сталин басқарған үкімет байғұстарға көк тиындық құны жоқ жәрдемақы тағайындап, ең бір бейшара кейіпте күн кешуге мәжбүрледі. Сонымен тоқтай салмай, мемлекет мүлкін үнемдеу мақсатында мүгедектерді жүйелі түрде ВТЭК-терде қайта куәландыру арқылы қорлыққа салды: бұл сорлының жұлынған аяғы немесе қолы қайта өсіп кетпеді ме, тексерейік дегендей. Онсыз да қайыршылық күйде жүрген, жәбірленген отан қорғаушысының пособиясын қысқарту үшін ғана мүгедектіктің басқа сатысына ауыстыруға ұмтылды.

Соғыстан кейінгі тұрмыста мүгедектерге қаншама арсыз, келеке ат қойды! Әсіресе соцобес пен медициналық мекемелерде. Жүйкесі құрыған, психикасы бұзылған ғаріптерді марапаттаған жоқ ол жерде. Өз ұлдарының ерлігін халық ұмытпайды деп мінберлерден шешендер сайрады. Ал бұл мекемелерде бет-аузының талқаны шыққан бұрынғы жауынгерді «Квазимодо» (Квазимодо – В.Гюгоның «Собор Парижской богоматери» романының бас кейіпкері, құбыжық тектес кемтар адам – Ред.) дейтін («Эй, Нина, Квазимодоң келді!» деп еш қысылмай-ақ тіл қатыса беретін қызметкер әйелдер), бір көзі жоқтарды – «камбала», (бір көзді балық – Ред.) омыртқасы зақымданғандарды – «паралитик», жамбас жағы жараланғандарды – «кривобокий» деп атайтын. Бір аяғы жоқ, балдаққа сүйенгендерге «кенгуру» деп ат қойды. Екі қолы да жоқтарды «қанатсыздар», ал екі аяғы жоқ, қолдан жасалған арбалармен жүретіндерді «самокаттар» деп асқақтатты. Сосын, дене мүшесінің бір бөлігі жұлынып қалғандарға «черепаха» деген айдар тағылды.

...40 жылдардың соңына қарай әбден сорлаған әскери мүгедектердің тасқыны жақсы өмір іздеп, шеткі аймақтардан Мәскеуге құйылды. Астана осы бір, енді ешкімге керексіз жандарға толып кетті. Пана болар, әділдік орнар деген алдамшы үміт жетегінде митингіге шыға бастады, өздерінің сіңірген еңбегін биліктің есіне салып, мазалап, талап ете бастады.

Ақыры, 49-дың жазында Мәскеу аса құрметті көсемнің мерейтойын тойлауға дайындала бастайды. Астана шетелдерден қонақтар күтіп отыр: жуынды, тазарды. Ал мынау жауынгерлер – балдаққа сүйенген, арбаға мінген, жер бауырлаған, қаптаған әлгі «тасбақалар» – «басынғаны» сонша, дәл Кремльдің алдында наразылық білдірді. Бұл халықтар көсемін сұмдық ашуландырды. Сосын ол: «Мәскеуді «қоқыстан» тазартыңдар!» – дей салды.

Әбден тойдырып біткен, «астананың көркін кетіріп тұрған» мүгедектерді жаппай ұстау басталды. Қаңғыбас иттерді аулағандай, санаулы күннің ішінде көшеден, базардан, вокзалдан, тіпті мазарлардан ұстап алды да, «құрметті һәм сүйікті Сталиннің» мерейтойы алдында Мәскеуден, тарих күресінге итере салған жарымжан жауынгерлердің өзі қорғап қалған мерекелі Мәскеудің өзінен шығарып тастады.

Жеңімпаз армияның айдалып кеткен солдаттары өле бастады. Ол өте тез келген қырғын болды: жарақаттан емес, – жүректі күйдіре қайнап жатқан қан, тістене-тістене қарысып қалған ауыздардан шыққан: «Не үшін, жолдас Сталин?» деген сөздер – көрген зәбірден...

Олжас Сламжан

Тегтер: