Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 16 Желтоқсан 2022

Желтоқсан – қазақтың жан жарасы

None
None

Желтоқсан – қазақтың жан жарасы. Әлемдік ауқымда маңызы бар осы көтеріліс әлі күнге дейін біздің билік тарапымыздан саяси-құқықтық бағасын ала алмай келеді.

Менің осы тақырыппен үзбей айналысқаныма 35 жылдай уақыт өтті. Осы аралықта «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының он бес томын елге ұсынып едім. Енді бір-екі күнде айғақ-кітаптардың он алтыншы томы, әдеттегідей аз таралыммен, өз қаржыландыруым арқылы жарық көреді. Ішіндегі материалдары құнды деректерге толы. Уақыт ілгерілеген сайын, қоғамдық-саяси өзгерістерге байланысты олардан да құнды, айтуға батпай, ашылып жаза алмай келе жатқан қатпарлы, жұмбақ оқиғалардың шыға беретініне күмән жоқ. Демек, менің көп жылдық бағдарды жұмысым одан ары жалғаса түседі.

Көтерілістің 36 жылдығына орай, ішіндегі батыр кейіпкерлерімнің өздерінен артылмайтын осы кітаптан төменгі материалдарды ұсынғанды жөн көрдім.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

публицист-жазушы, айғақ-кітаптардың құрастырушы авторы және жауапты шығарушысы

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

КОЛБИНМЕН КЕЗДЕСУ

1986 жылдың31 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы аяқ астынан әбігерге түсті. Өз-өзінен шала бүлініп жүргендер де қатардағы хатшылар, әйтпесе, сонша жанығатындай «бас жарылып, көз шыққан» дәнеңе де жоқ. Бұл – өрттің лаулап жанып бітіп, енді күйіктің иісімен дем алған дәрменсіз күндер еді.

Дүбірлеп желтоқсан өтті. Жер жүзін аузына қаратқан атышулы оқиғадан соң 13-ші күні Қазақстан жазушыларымен «қаңғып келген шүрегей» Колбин кездеспекші. Мен «Жұлдызда» істеймін, әрі бастауыш партия ұйымының хатшысымын. Бас редактор Бекежан Тілегенов жиналысқа кірерде бәрімізді жиып ап: «Тыныш отырыңдар, артық сөз болмасын», – деп соңғы рет ескерту жасады.

Сахнаның төріне Колбин шықты. Қасында Олжас Сүлейменов. Ду қол шапалақ. Олжас оң қолын жаңа басшының иығына артып тұрып: «Біздің Қазақстан Жазушылар одағына осындай деңгейдегі партия қызметкері бірінші рет келіп отыр», – деді кең залға қарап көз қысып.

Шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Әжетхана, бильярд залы, «Қаламгер» кафесі, тағы да басқа қуыс-қуыстар алдын-ала мұқият тексеруден өткен. Залда түр-түсі бөлек адамдар отыр, Құдай біледі, үш әріп өкілдерінің нақ өзі.

Одақтың бірінші хатшысы О.Сүлейменов кездесуді ашты. «Қазақстанның идеологиялық термометрі нөлді көрсетіп тұр», – деп, Орталық Комитеттің идеология хатшысы Закаш Камалиденовті бір түйреп өтті. Ол суық қана жымиды.

Жазушылар жарыссөзге шықты. Әуелі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлжаппар Әбішев сөйледі. «Біз сіздей басшыны жиырма бес жыл күттік», – деп аяқтады сөзін. Білетіндер: «Қонаев Төлебаев көшесіне көшкенде ескі үйін атын атап тұрып, осы кісіге тастап кетіп еді», деп күбірлеп сөз қылды.

Мінбеге Жұбан Молдағалиев көтерілді. Ол жазып алған сөзін оқып берді. Алабұртып, қайта-қайта тұтығып, қан қысымы көтеріліп тұрғандығы байқалды.

«Мен кешегі қанқұйлы соғыста кеудемді оққа тосып, кең-байтақ советтік Отанымды қорғадым. Сіз неге менің қаршадай ұл-қыздарымды қорғамадыңыз?!» дегенде, Колбиннің көзілдірігі салбырап, төмен қарады.

Ол сөйлеп тұр. Қайта-қайта тұтығып, сөзінен жаңылыса берді.

– Қақаған аязда балаларды көк мұзға жатқызып, өрт сөндіруші машинамен үстіне су құйған деген не сұмдық! Осыны көргенше сол соғыста мен неге өліп кетпедім, – деп сөзін аяқтап, қап-қара боп түтігіп, төрдегі орнына келіп отырды. Сосын дәрісін іздегендей қайта-қайта қалтасын қарағыштады.

Кезек бойынша Сафуан Шаймерденов мінбеге шықты. Ол қағазға қарамай сөйледі. Әр сөзді іздеп, орысша қинала тіл қатып тұрды.

– Құрметті Геннадий Васильевич, – дегенде, Колбин иығымен бұрылып, күлімсірей қарады. – Осы Хайдер деген Ақ Үйдің алдында үш ай бойы аштық жариялап жатқанда, бір американдық полицей қолының ұшын тигізген жоқ...

Бірінші хатшы иығы селкілдей күлді. Әрине, күлкіге күлкі қосылды.

– Демократия деген осы емес пе? Біздің балаларымызға да тимей-ақ қоюға болмас па еді...

Жұбанның сөзі ыза мен кекке толы болды.

Сафуан сарказммен сөйледі.

Мінбеге Колбин шықты. Сауалдарға жауап берді. «Біздің балаларға жеңілдік бола ма?» деген сауалға өзінің Грузияда екінші хатшы болғанын айтып, сонда құқық қорғау саласының ісіне ешқандай қол сұқпағанына тоқтала келіп, «бұл мәселені солар шешеді» деп түйіндеді.

Қаланың тәртібі туралы айтты. «Алматыдағы нашақорлар мен бұзықтарды үш күнде басқа жаққа аттандырып, жер аударамыз» дегенде, зал ду қол соқты. Бізді құртатын да сол құрғақ қол соғу ғой. Сол «бұзықтар мен нашақорлар» өз перзенттеріміз емес пе?

Көп сөйледі. Жаңалығы жоқ жадағай сөз. Бірақ әр сөзі қол шапалақпен қошеметтеліп отырды.

Бірінші қатардың сол жағынан санағанда ең бірінші «меншікті» орнын иемденген Қалмұқан Исабаев бір мезет мінбеге қарай көтеріліп бара жатты. Ол кісі мінбердің үстінде тұрған «Сарыағаш» суын қырлы стаканға лекілдете құйып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына құрмет көрсетті. Бірінші бас изеп рақмет айтпады. Судан да дәм татпады.

«Үш әріп» өкілдерінің асқан қырағылының арқасында біздің бір қызметкер жиналыс біткенше әжетханада қамалып тұрды.

Жұбанның қырағылықтан аттап өтіп, аңызға айналған рухты сөзі осы күні айтылып, Ульяновскіден келген суыт қонақты селк еткізген еді.

Әйтсе де, Колбин Жазушылар одағына басын төмен сап келіп, көк тіреп қайқайып шықты. Оның басын көкке жеткізген де кеңпейіл халықтың дүркін-дүркін қол шапалақтауы еді.

«Ақиқат» журналы, №11-12, 2006 жыл.

Жанатбек ЖАҚЫП

ОТЫЗ ЖЫЛ ҚҰЛАМАҒАН БАРРИКАДА

1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» кезінде біздің қоғам сан қырлы қарама-қайшылықтардың үстінде тұрды. Совет Одағы жүргізген насихат жұмыстарының нәтижесінде халқымыздың санасына әбден сіңісті «ұстанымдарымыз»  күн санап емес, сағат санап өзгеріске түсіп жатты.

Бұл өзгерістердің көбі жүрген ортамызда саябырсып, адамдар екшелі құндылықтарға ден сала берген уақытында бір замандасымның «тұнық бұлақ түбін лайлағандай» ескі ұстанымдағы қарсы пікірін естіп, бір кейігенім бар.

Астана қаласында дизайнер ретінде «Қаланы безендіру» мекемесіне жұмыста жүрген кезім болатын.

Коллективтегі қарбалас жұмыс күндерінің бірінде, қызметтестер арасында «Желтоқсан» туралы әңгіме өрбіп кетіп, жастардың алаңға «дұрыс барғандығы, желтоқсаншылардың арқасында тәуелсіздікке жеткеніміз» туралы пікірлерін бір-бірімен жарысып айтып жатты. Бұл отырыстағы еске алуымыздың нәтижесінде желтоқсаншыларға деген құрметіміз бұрынғыдан еселеп, артқандай болды. Кеудемізді қуаныш пен мақтаныш кернеп, жақсы ауанда отырдық. Желтоқсанның ызғарлы уақытында жан аямай күреске түскен маған өте әсерлі күн болды. Кеудемді «елім үшін, осындай батыр халқым үшін» қуаныш кернеген.

Бәріміз осындай эйфориялы қуанышты сәт билеп тұрған кезде «желтоқсаншылардікі мүлдем дұрыс емес» деген кесіп айтылған сөз құлақ түбін қарып өтті. Біреудің «сәтсіз шыққан қалжыңы болар» деп ақырын бас бұрып қарасақ, М. деген досымыз екен. Шынымен ашу билеп тұр өзін. Екі көк көзі қанталай бастаған. Оның шын қарсылығы екенін бәріміз түсіне қойдық. Тәуелсіз Қазақстанымыз әбден орнығып, (Аллаға шүкір), мемлекетіміз алдына неше түрлі мақсаттар қойып, дамуға аяқ басып тұрған уақытта… мына тік түскен «байламға» не дерімізді білмей абдырап қалдық. Ақырындап, досымыздың бұл қарсы пікірін қаншалықты түзеуге тырыссақ, соншалықты ол өз ойына бекемденіп, ширыға түсті.  Ақыры шыдамы біткен ол: «қанша айтсаңдар да, сендердікі дұрыс емес» деп қайталап бекітіп бір  айтты да, отырған орындығын «ғырылдата» қозғап тұрып кетті. Ала көзімен біздің басымыздан сырғи қарап, есікті тарс жауып, тысқа шықты. Дос кеткенімен оның «желтоқсаншылардікі дұрыс емес» деген бір-екі ауыз сөзі құлағымызда шыңылдап қалды. Ашу кернеген оның адыраңқы бейнесі, «жау тартқан» қайшыласқан екі көкшіл көздері қазірге дейін есімде жатталып қалыпты. Ашулы, тістенген бейне есіктен кеткенімен, менің есімнен көпке дейін кетпеді. Көкшіл екі көздің жарқыл күші тереңімді түртіп кеткендей болды, жаныма жайсыздық орнады, сонан соң ескі күннің естеліктері қылаң берді. «Қайдан көрдім екен, осы жігітті» деген ой менің басыма күннен-күнге орныға түсті. «Иә, иә мен оны бір жерден көрдім, ол – анық» деп жүрдім ішімнен.

Арада 30 жыл өткенде әлгі, баяғы «досымызды» Астананың бір тыныш жерінде, алмабақ ішінде қыдырып жүргенімде кезіктіріп қалмасым бар ма. Аман-саулықтан соң сөзден сөз туындап, сол дауласқан уақытқа келіп тоқтадық, «Желтоқсан» туралы пікірталасқа қалай, қайтіп түсіп кеткенін ол өзі байқамай қалды. (Бұл көтерілетін әңгіме ауанын түртпектеп, әдейі науалағанымды жасырмағаным дұрыс болар… бір айтарым болған соң, әрине).

 – Мәке, мен сені сол «Желтоқсанда» көрдім, – дедім көзіне көзімді тік қадап тұрып.

Айтқаным нық, әрі сенімді шықты. Шауқылдасқандағы арамыздағы көңілді ауан бүгежектеп барып төменшіктеп, іркіліп қалды. Байқағаным: досыма бастаған тақырыбымыз ұнамады. Түрі көз алдымда сүреңінен ауып, өшіңкі тарта бастады.

– Қайдан көрдің? – деді, біраздан соң, құлықсыз.

– Алаңда, тура мінбердің алдында, герб ілінген тұста.

–  Иә, болғамын… есімде, – деді көзіме ол да тура қарап тұрып. «Герб есімде...» – деп жымиғандай болды.

Мен оны «ілдалдалап», тақырыптағы оның орнын анықтап алған соң: «сен орыс солдаттарының ішінде не істеп жүрдің?» – деп орнаған ауырлау ауанды жеңілдетейін деп әзіл қостым.

– «Служить» етіп жүрген жерден «тревогамен» алып кетті ғой.

–  «Өз билігің өзіңде жоқ...»

– Дәл солай...

–  Онда сол гербтің түбінде болған бір оқиғаны есіңе салайын… Дәл сол жерде бір қазақ қызы жандарыңа келіп, сендерге: «Өздерің де қазақсыңдар ма? Орыстарға сатылып кеттіңдер ме? Бізді ұрайын деп тұрсыңдар ма, өз халқыңа қарсы шығып» деген сөздерді орысша айтты ғой...

–  Есімде, бірақ ол қызды мен ұрғамын жоқ қой...

– Білемін. Қызды орыстың солдаты сенің артыңнан айналып келіп ұрды. Мен сонда он шақты метрдей жерде қарсы алдыңда тұрғанмын. Орыс солдаты қызды қақ төбесінен бір ақ ұрды емес пе, дубинкамен. Шалқая құлап бара жатқан қызды жанындағы ілесе шыққан жігіті болар, үлгеріп қағып алды. Есіңде ме, сол жері?

– Иә, ұмытатындай көрініс емес қой ол.

– Сол қызды ұрған кезде мен де жанымдағылармен қол ұстасып, шепте тұрғанмын. Көрген жағдайға шыдас бермей жалаң қолдарымды алға салып, боқтай-соқтай сендерге қарсы атып шыққан едім. Менің артымнан тағы да жігіттер қосылған, сол тұс есіңде болар?.. 

– Сондай бірдемелер болған...

– Міне, мен «сені қайдан көрдім» деп, қанша жыл сенің осы көкшіл көздеріңді есіме түсіре алмай әуре-сарсаң болып жүр едім.

– Біз ол кезде тек «бұйрықтарды» орындадық қой… біз өткен жағдайға кінәлі емеспіз.

– Иә, ол жағы түсінікті ғой… Сені кінәлап отырған жоқпын.

Ол жан-жағына оңды-солды мойнын бұрып тұрып қарап алды да, «жүр мында барайықшы» деп, мені өзіне ілестіріп, қалқалау жерге апарды.

Мен де саған бір нәрсені мойындағым келіп жүр еді. Мен қазір олай ойламаймын, – деді, біраз орнаған үнсіздіктен соң.

– Қалай, нені ойламайсың? – дедім

– Желтоқсан кезінде сендер дұрыс істепсіңдер, осыны мойындайын деп едім...

Біраз орын алған үнсіздіктен соң, мен: «30 жыл өткен соң мойындап тұрсың ба?» – дедім.

Ол жымияйын деп еді, онысы мәнсіз шықты.

Осы әңгімеден соң оның жанында көп тұрғым келмеді, тез қоштастым да жөніме кеттім.

«… Сонда осыны түсіну үшін 30 жыл керек болғаны ма дедім ішімнен кетіп бара жатып...

Астана қаласы

ҰРАНСӨЗ ЖАЗЫП, ҮЛЕС ҚОСЫППЫН

Жатақханада бірге тұратын Естөре, Ерлан деген жігіттерді ертіп бірге әпкеме бардық. Әпкем Жанар РМУ-да оқитын. Ол 8 март көшесінен жоғары Мирзоян көшесінде пәтер жалдап тұратын. Әпкемнің жағдайын біліп, біраз әңгіме айтып болып біз сағат 18:00-дер шамасында жатақханаға қайтуға шықтық. Аэровокзалдан №32 автобусқа отырдық. Барар адресіміз «Орбита-3» мөлтек ауданы, Фрунзе көшесінде орналасқан №3 жатақхана. Алматы Архитектуралық-құрылыс институтының студенттері едік.

Содан автобуста келе жатып, ойымызда ешнәрсе жоқ. Бір кезде автобус жүргізушісі Абай даңғылына жетер-жетпес жерде көлігін тоқтатты. Далаға шықсақ, үлкен жігіттер: «Брежнев атындағы орталық алаңға беттеңдер, сол жақта үкіметке айтар ойымыз бар, соған ат салуға шақырамыз» деп жүр екен. Сол қазақ жігіттеріне қосылып, біз де алаңға бардық.

Алаңға барсақ, негізгі жиналып, ұрандатып жүргендер жас қыз-жігіттер екен. Арасында бірен-саран үлкендеу кісілер көрінді. Біз сәлден соң сол орталық алаңда жүргендерден сұрасақ, олар Қазақстанды қаншама жыл басқарып келген Д.Қонаевты орнынан алып тастап, орнына қайдағы бір Г.Колбинді бірінші хатшы қылып сайлаған екен. Сол үшін бейбіт шерумен үкіметке қарсылықтарын білдіруге шыққан адамдар болып шықты. Біраз уақыттан соң бір үлкенірек жігіт келіп, қай ВУЗ-дансыңдар деп сұрады. Біз ААСИ-дан дедік. «А онда қолдарыңнан сызу-жазу, лозунг жазу келетін болар, жүріңдер менің артымнан» деп, бізді Абай даңғылы мен Фурманов қиылысындағы жатақханасына алып келді.  Лозунг жазуға керектінің бәрін берді, «ал жаза беріңдер» деп, өзі шығып кетті әлгі бөлмеден. Біз жазып болған лозунгтарды басқа жігіттер алаңға алып кетіп жатты. Ара-арасында біз де алаңға барып-келіп тұрдық. Содан түн ауа бізді қайта беріңдер деп бағанағы жігіт шығарып салды.

Біз жатақханаға келіп бөлмемізге кірсек, қабырғада ілініп тұрған «Медео» деген радиодан соңғы хабар беріліп жатыр. Бүгін Жаңа алаңда бұзақылар мен нашақорлар, маскүнемдер орталық алаңда тәртіпсіздік жасап, біраз келеңсіздік келтірді» деп жатыр екен. Жағдайды көзбен көріп келген біздер оған сене қоймадық. Көпке дейін көзіміз ілінбей, әлгі өтірікке ызаланып жаттық.

Ертесіне жатақханадан шығу тәртібі өзгеріп шыға келді. Жатақхана шыға берісінде мұғалімдерден құрылған, арасында милиция қызметкерлері де бар кезекшілер тобы студенттік билетіміз бойынша журналға тіркеп, кім қаншада шыққаны жайлы мәліметтер жазып жатыр екен. Таңертең институтқа кіру тәртібі де солай тіркеу арқылы жүрді. Мен соңғы сабақтан шыға салып, жатақханаға соғып, тамақтанып алған соң қайта орталық алаңға асықтым. Сөйтсем, Абай даңғылы Жандосов көшесінен Ленин даңғылына дейін жабық, көлік жүрмейді екен. Құрманғазы мен Мирдің қиылысынан жоғары жүріп қана алаңға жеттім. Орталық алаңға келіп, болып жатқан жағдайларға қарап тұрдым. Алаңды бір қатар милиционерлер, бір қатар солдаттар қоршап тұр екен. Беттерінде шыны маскасы бар каска киген, қолдарында резинка-дубинка бәрінде. Бір кезде артымнан «Талғат! Талғат!» деген дауыс естілді. Қарасам ауылдан келген 10-11 жасар Қаракөз деген қыз мамасымен тұр екен. Ол қызды жақсы танитыным, әпкесі Аягөз менің кластасым еді. Қастарына барып амандасып, сұрай келсем: олар мамасы екеуі Шонаның (Смаханұлы) үйінен шығып алаңға келген екен. Қаракөз мектепте жап-жақсы өлең, ән айтушы еді, содан 19 декабрь күні болатын «Тамашаның» жаңажылдық хабарына түсуге шақырумен келген екен. Бірақ болып жатқан жағдайларға байланысты жоспарлары өзгеріпті. Сөйтіп, Қаракөз «Тамашаның» сахнасында емес, Брежнев алаңында үлкен кісілермен бірге «Менің Қазақстаным» әнін айтты.

Сол күні оларды Құрманғазы көшесіне дейін шығарып салып, қайта келдім алаңға. Кешкі сағат 19:30-дарда Фурманов-Сәтбаев көшесінің қиылысында бес-алты милиционер бір топ жігіттердің қолынан ақ матаға жазылған лозунгтарды тартып алып жатыр екен. Лозунг жыртыла-жыртыла шыршаға оралып қалды. Милиционерлер жігіттерді қуа жөнелгенде мен ақ матаға жазылған лозунгты ала қаштым, кері қарай. Сол қашқаннан Орталық стадионнан өтіп барып тоқтадым да, лозунгты қойныма тықтым. Сөйтіп, Жандосов көшесіне дейін жаяу барып, трамвайға отырып, жатақханаға жеттім. Жатақханаға балконнан кіруге тура келді. Бөлмеге кіргеннен кейін лозунгты ең жоғары шкафқа тықтым.

Сол күндері Колбиннің көшеде екі адамнан артық топталып жүруге болмайды деген бұйрығы шықты. Жатақханаға да тергеушілер жиі келіп тексеріп, бақылауды үдетті. «16, 17, 18 күндері қайда болдың, не істедің?» деген сұрақтарын қояды. «Анда болдым, мұнда болдым» деп неше түрлі жауаптар айттық. Олар біздің бөлмемізге келіп отырғанда менің бар ойым жоғары шкафта жатқан лозунгта болды. Тауып алып жатса басыма пәле болатыны айдан-анық еді. Бірақ оңды болғанда олар тіміскілемеді. Содан мен ол лозунгты 30 декабрьде ауылға (жаңа жыл мерекесіне барғанда) алып кеттім. Ауылға келіп, үйге кірместен, шөп қораның бір бұрышына тықтым. 2018 жылы ауылдағы ағам оны тауып алыпты. «Әй, Талғат, мынау лозунг саған тиесілі-ау деймін» деп телефон соқты. «Бір жерге қойып қойыңыз» дедім. Содан оны ауылға бір барған кезімде алып келдім. Сол баяғы кленка дастарқанға оралған лозунг. Тек сәл былғанғаны болмаса, не жазылғаны көрініп-ақ тұр екен. «Идет перестройка, где демократия?» «Каждому народу своего вождя!» деген жазулар. Баяғы өзім жазған лозунг.

«Е, мен алаңда атой салмасам да, Желтоқсан көтерілісіне ұрансөз жазып үлес қосқан екенмін ғой» дедім ішімнен...

Талғат Кеншінбеков

Тараз қаласы

Тегтер: