Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:19, 20 Сәуір 2020

Жоғарғы оқу орындарындағы қашықтықтан оқыту – заман талабы

         Қазіргідей білім мен техника қарыштап дамыған заманда ғылым мен инновациялық технологияның дамуы арқасында   заманауи  жетістіктерге негізделген қашықтықтан білім беру жүйесі маңызды рөл атқарып отыр.
Қашықтықтан білім беру жүйесін дамытудың ең негізгі мақсаттарының бірі – оқушылардың кез-келген мектептер, колледждер және университеттердегі оқу бағдарламасы бойынша білім алуға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жұмыс бабымен жұмыстан шығуға мүмкіндігі болмайтын жандарға жағдай туғызу және білім берудің ақпараттық жүйесін құру арқылы оқушылар мен студенттердің білім деңгейінің дәрежесін жоғарылату.

Расында, соңғы кездері қашықтықтан оқытудың жергілікті жүйесі бүгінде толық дамып, жан-жақты зерттелініп, оның тиімді тұстары да нәтиже беруде. Мәселен, қашықтықтан білім беру жүйесі дамыған елдерде мемлекет деңгейінде жүргізіліп, тіпті арнайы қаржыландырылады екен. Бүгінде сол алпауыт  елдердің бірқатар  жоғарғы оқу орындары қашықтықтан білім беру технологиясымен жұмыс жасауда. Мысалы, Америка құрама штаттарында 1995 жылдан бастап жоғарғы оқу орындарының 58%-ы  қашықтықтан оқыту технологиясына тәжірибе жасап, оның тиімді екенін алға тартыпты. Қазірде бұл елде мыңдаған оқу орындары осы әдіс бойынша жұмыс жасауда. Сол елдерде күндізгі немесе қашықтықтан білім берудің қайсысының дұрыстығы жөнінде сөз де болмайды екен. Өйткені, қашан да, қалай болғанда да — басты орында — сапалы білім.

Білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғы шарттары Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетілген. Сапалы білімді меңгеруге талпынған қазіргі жастардың жаңа технологияның барлық түрлерін пайдалануға толыққанды мүмкіндігі бар. Себебі, оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі – қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы оқыту. Себебі, қашықтықтан оқыту дегеніміз – оқу процесі барысында заманауи талаптарға сай компьютерлік және телекоммуникациялық технологияларға негізделіп, инновациялық және дәстүрлі оқыту әдістерін қолдану арқылы, күндізгі және сырттай білім алудың негізгі түрі. 

 Қашықтықтан оқыту – адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп, білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуальдық (синхрондық немесе асинхрондық) өзара іс-қимыл.

 Синхрондық деп аталатын өзара іс-қимыл студент пен оқытушының нақты уақыт режиміндегі қатынасты қарастырады. Яғни студент пен оқытушы бір-бірін виртуалды көре отырып, өздерін толғандырған сұрақтарға студенттер нақты іс-әрекетпен немесе практикалық тұрғыда  көріне отырып, жауап береді. Мысалы, белгілі бір тақырыпты ортаға тастап талқылау қажет болса және оған бірнеше адамның пікірі қажет болса, бейне байланыстардың бүгінгі таңдағы жетілген түрлері (ZOOM жүйесі, скайп немесе басқа да бейне құралдар) пайдаланылуы мүмкін. Кейде бұл үшін қашықтықтықтан оқыту жүйесінің чаттары немесе бейне конференциялар қолданылып жатады.

 Асинхрондық өзара іс-қимыл студент пен оқытушы нақты уақытта қарым-қатынаста болмаған жағдайда жүзеге асырылады, бұл жағдайда қашықтықтықтан оқытудағы байланыстар жіберу тізімдерінің немесе телеконференциялардың көмегімен электрондық пошта бойынша хат алмасу арқылы ұйымдастырылады. Оқытушының кеңесі (синхрондық немесе а    синхрондық) – қашықтықтан оқытуды орындаудың міндетті шарттары.

 Жалпы,  қашықтықтан оқыту  — білім, білік дағдыларды алу үрдісі, бұл кезде оқыту процедураларының тұтас немесе белгілі бір бөлігі оқытушы мен студенттің жергілікті алшақтығына қарамастан жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.                                                                                                                                                                                                                                         Сондай-ақ, қашықтықтан оқытудың жетістігі — оқытушының өзінің қатысуынсыз студенттер назарын өзінен тыс қалдырмайтын қабілеттілігіне байланысты. Жаңа тақырып бойынша берілетін материал баспаға шығарылған түрде қашықтықтан оқыту курсында электрондық түрде немесе электрондық оқулық түрінде беріледі. Жаңа тақырыпты бұлай баяндау кезінде сабақтың басты элементі форум немесе чат болып табылады. Мұндай баяндаулар алдын-ала жоспарланып, алдын-ала даярланған сценарий бойынша жүргізіледі. Оқу үрдісіне тьютор белсенді қатысады. Қашықтықтан оқытуда жаңа материалды баяндаудың тағы бір нұсқасы — виртуалды шебер. Әдетте оқу материалын баяндау және талқылау бір мезгілде жургізіледі.

  Қашықтықтан оқыту ұғымын кең мағынада алсақ, бұл — тыңдаушылар мен оқытушылардың бір-бірінен кеңістікте алыстатылған оқу формасы. Ол тыңдаушылардың өзара белсенді ақпаратпен алмасуын қарастыратын және жоғарғы дәрежедегі қазіргі жаңа ақпараттық технологияларды (аудио-визуальды кұралдар, дербес компьютерлер, телекоммуникация құралдары, т.б.) пайдаланатын белгілі бір тақырыптар, оқу пәндері бойынша ұйымдастырылатын оқу процесі. 

 Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті — білім алушының келесі түрдегі орындалатын өз бетінше жұмысын басқару болып табылады: туындайтын мәселелерді қарастыру; мақсат пен міндеттерді қою; білім, тәжірибелерді беру; ұйымдастыру қызметі; білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру; оқу процесін бақылау. Тыңдаушылар қашықтықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін  қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді темптегі  өз  бетінше жұмысты құрайды. Сондықтан тындаушылар  жұмыстың техникасы мен әдістемесін жоғарғы деңгейде, білімді өз бетімен толықтыру арқылы меңгеруі қажет.  Бұл жүйеде оқытушы студенттің жүмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Білім беру жүйесінің ортасында студент тұратынын ескерсек, оқыту жүйесі тұтасымен өзгереді. Оқытушы студентке арналған өзіндік жұмыстарды ұйымдастырумен шұғылданады. 

 Яғни, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауга зор мүмкіндік алады.

 Қашықтықтан оқыту арқылы  студентке өз бетінше қайталанбайтын көпнұсқалы, көпдеңгейлі дидактикалық шарттар негізінде тапсырмалар беру, білім мен дағдыны объективті бағалау, ерекше ақпараттық материалдарды мультимедиалық формада беру, виртуалды өмірге енгізу т.с.с. жаңа мүмкіндіктер ұсынылады. Сонымен қатар, мұндай бағдарламалар материалды өз бетінше игеру жетілдірілген психологиялық және  педагогикалык әдістерді пайдалану, қашықтықтан оқытуды студенттің жеке психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай таңдауына  мүмкіндік береді.  Сессиялар арасындағы кезеңде қашықтықтан оқыту нысаны білім алушыларға теориялық материалдарды өз бетінше зерделеуді және тьюторлардан қашықтық кеңестерін алуды ұсынады. Студенттің өзіндік жұмысына электрондық оқу-әдістемелік кешенімен және қосымша материалдармен атқарған жұмысы жатады. Оқытушы–тьютордың жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысына барлық оқу пәндерінің материалдары бойынша интерактивті консультация жатады (чат, форум арқылы). Қазіргі қойылатын талапка сай жаңа технологиялар – берілетін білім деңгейінің кенейтілуінің және студенттердің білім дәрежесінің артуын талап етіп отыр.

Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда оқытушының атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеледі: ол курстың бағдарламасының құрылымын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді. Бұл ретте қашықтықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орындау шарт. Жалпы, мұндай оқытушы компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуі қажет және қашықтықтан оқыту технологиясын жетік білетін, білім саласындағы қызметкерлерді, оқушыларды тарта отырып, оқытудың телекоммуникациялық құралдарын қолдану ісіне дағдылануын қалыптастыруы керек, атап айтқанда: тұтынушылар арасында ақпараттар алмастыру және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануға бейімдеуі  қажет.

 Жалпы алғанда, қашықтықтан оқыту — адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп, білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Оның маңыздылығы – білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы студенттердің білім деңгейін көтеруге ықпал ете отырып, әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттырып, білікті маман дайындау. Тек, осы істе қапы қалмай, оқытудың тиімді тәсілдерінің бірі ретінде ұсынылатын бұл қашықтықтан оқытуды  алдағы уақытта да  өз игілігімізге жарата білсек, ұтар тұсымыз да сол болмақ. 

 Толқын Өмірбаева

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 

филология және журналистика кафедрасының доценті,

 филология ғылымдарының кандидаты

Тегтер: