Live

Журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Астана полициясы журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы - «Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

 Лұқпан Ахмедияров

Полицияның мәліметінше, іс «көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі» бойынша тергеліп жатыр. Алайда ведомство журналистің іс бойынша қандай мәртебеде екенін нақтыламады.

Оқиға 3 тамызда Ахмедияровты Қазақстаннан шығармай қойғаннан кейін белгілі болды. Журналист отбасымен бірге Астана әуежайынан Черногорияға ұшпақ болған. Алайда Шекара қызметінің өкілі оған елден шығуға Астана полициясы тыйым салғанын айтқан.

Бұған дейін, 31 шілдеде, журналист тергеушінің шақыртуымен полицияға барып, түсініктеме берген. Оның айтуынша, Өскемен тұрғыны Андрей Котов журналистің үстінен арыз жазған. Котовтың шағымына Украинадағы «Хочу жить» жобасы жариялаған Ресей әскері қатарында соғысып жүрген шетел азаматтарының тізімі себеп болды. Ахмедияров осы тізімді әлеуметтік желіде бөліскен.

Тізімде Котовтың да аты-жөні болған. Котов Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін, Украинадағы соғысқа қатыспағанын айтып, журналистің әрекетіне шағымданған. Оның сөзінше, осы жарияланымнан кейін жақындарымен, әріптестерімен және көршілерімен қарым-қатынасы нашарлаған. Кейін желіде Руслан Мухаметов есімді азамат та осыған ұқсас мәлімдеме жасап, журналисті жауапқа тартуды сұраған. Ал Лұқпан Ахмедияров Украина жобасы жариялаған ақпаратты әдейі таратқанын және мақсаты Қазақстан билігінің назарын осы мәселеге аудару болғанын айтты.

Журналистің сөзінше, ол тізімдегі Қазақстанның 661 азаматының барлығы соғысқа қатысты деп мәлімдемеген, тек Украина тарапы жариялаған тізімді бөліскен.

Айта кетейік, «Хочу жить» жобасы Ресей әскері қатарында соғысқан шетел азаматтарының тізімін кезең-кезеңімен жариялап келеді. Бұл ақпаратты Қазақстанда бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары да таратқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз