Live

Сыр өңірінде жол-көлік инфрақұрылымы жаңаша серпін алды

Қазіргі таңда еліміздің көлік-логистика саласын жетілдіру – экономикалық өсімнің басты драйвері.

логистика

Бұл бағытта нақты көрсеткіштер «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында айқындалған. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылғандай, Қазақстанның географиялық артықшылығын пайдалану арқылы халықаралық жүк тасымалын, транзиттік бағыттарды және логистикалық әлеуетті барынша іске асыру міндеті қойылды. Осы мақсатта Сыр өңірінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асуда.

Қызылорда облысында автомобиль, теміржол және әуе көлігі салалары қарқынды дамып келеді. Өңірлік және республикалық деңгейдегі жолдарды қайта жаңарту мен салу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 545 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 024 шақырымы – республикалық, 555 шақырым – облыстық, ал 1 965 шақырым – аудандық маңызы бар жолдар. Биылдың өзінде 42,1 млрд теңге бөлініп, 330 шақырымнан астам жол мен көпір өткелдері жөнделіп, жаңғыртылуда. Қалалық және шет аймақ көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әйтеке би, И.Тоқтыбаев, Жаппасбай батыр, Сағымбаев, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы сынды негізгі көшелер кеңейтіліп, заманауи стандарттарға сай жаңартылды.

Әсіресе, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы – өңір үшін ірі жобалардың бірі. Ұзындығы 6,7 шақырымды құрайтын бұл даңғыл екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршамдар, спорт алаңдары орнатылып, заманауи талаптарға толықтай сай келтірілді. Сонымен қатар «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы 424 шақырымдық республикалық жолдың 216 шақырымы жаңартылып жатыр. Құны 108,5 млрд теңге болатын бұл жобада бес мердігер мекеме жұмыс істеуде. Биыл аяқталатын бұл жол аймақтың стратегиялық маңызын арттырады. Мұнымен қатар, «Самара–Шымкент» жолының Қызылорда мен Сексеуіл аралығындағы бөлігі бірінші техникалық санатқа өтпек. Жобаға қажетті техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, қаржыландыру көздері анықталып жатыр.

Қалааралық және облысаралық жолаушылар тасымалы да жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда облыста 202 бағытта автобус маршруты жұмыс істейді. Оның 71-і ауданаралық, 99-ы аудандық, 32-сі қалалық. Сонымен қатар Ташкентке халықаралық рейс және елдің бірнеше ірі қаласына тұрақты автобустар қатынайды. Жолаушылардың сапарлауын ыңғайлы ету мақсатында Сырдарияның сол жағалауынан жаңа автовокзал ашылды. Бұл нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан, сондықтан автобустар қала ішіне кірмей-ақ қатынайды. Заманауи ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Мұнда тәулігіне 200 адамға қызмет көрсетіледі, билеттер онлайн және касса арқылы сатылады. Автовокзалдан Қызылорда-Ташкент, Астана, Алматы, Жезқазған және басқа қалаларға бағыттар ашылған. Халықаралық және облысаралық қатынас жолға қойылып, жолаушылар саны артуда.

Аймақтағы авиация саласы да қарқынды дамып жатыр. Өткен жылы Қызылорда қаласындағы жаңа әуежай терминалы пайдалануға берілді. Жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті бұл терминал халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа ғимараты 7,5 мың шаршы метр аумақта бой көтеріп, телескопиялық баспалдақтар, автоматтандырылған багаж тексеру жүйесімен жабдықталған. Үкімет пен «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің әуе логистикасына қосылған маңызды үлес болды. Қазіргі таңда Астана, Алматы, Анталья қалаларына аптасына 37 рейс ұйымдастырылып, жолаушылар ағыны 17,4%-ға артты.

Теміржол саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Облыс аумағындағы теміржолдың ұзындығы – 1051,7 шақырым. Қазіргі таңда 8 вокзал мен 2 қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. Қызылорда қаласынан еліміздің әр өңіріне қатынайтын пойыздар бар. Әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда–Бесарық–Түркістан» пойызы оңтүстік бағыттағы 26 елді мекенді қамтып отыр.

Жол-көлік инфрақұрылымы – ел дамуының өзегі. Қызылорда облысында қолға алынған әр жоба халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, экономиканың өркендеуіне де оң ықпал етуде. Жаңарған әуежай, заманауи автовокзал, теміржол вокзалдарының қайта жандануы, жаңа жолдар мен күрделі жөндеуден өткен көшелер – мұның бәрі біртұтас жоспарлы дамудың айғағы. Болашағы айқын бастамалар жалғасып, Сыр өңірі елдегі үлгілі көлік торабына айналары сөзсіз.

Тегтер: Сыр өңірі
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз