Әлеумет

Путин интернет өшірілген кезде де маңызды сервистердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды

Ресей президенті Владимир Путин үкімет пен Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФҚҚ) интернет өшірілген жағдайларда аса маңызды онлайн-сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Путин

 Бұл туралы 1 маусым күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл үшін «ақ тізімдер» («белые списки») жүйесін жетілдіру көзделіп отыр. Яғни интернетке қойылатын шектеулер кезінде де белгілі бір маңызды ресурстар қолжетімді болып қала береді.

Песковтың сөзінше, «ақ тізімдер» тұрақты түрде толықтырылып отыратын жүйе. Оның құрамына мемлекет үшін маңызды деп танылған онлайн-қызметтер енгізіледі.

Путиннің тапсырмасы 23 сәуірде өткен үкімет мүшелерімен кеңестің қорытындысы ретінде Кремль сайтында 30 мамыр күні жарияланған құжатта көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, интернет шектеулері кезінде азаматтар үшін келесі сервистер қолжетімді болуы тиіс:

медициналық көмек көрсету жүйелері;

мемлекеттік қызметтер порталы – «Госуслуги»;

төлем жүйелері мен қаржылық сервистер.

Бұл тапсырманың орындалуына Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен ФҚҚ директоры Александр Бортников жауапты болып белгіленген.

Сонымен қатар ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский бұл шешім интернетті бұғаттау мәселесінде ФҚҚ-ның негізгі рөл атқаратынын жанама түрде растайды деп есептейді.

Оның пікірінше, Путиннің тапсырмасы интернеттегі жаппай шектеулер мен «ақ тізімдерді» қалыптастыруды дәл осы қауіпсіздік қызметі үйлестіретінін көрсетеді. Сарапшының айтуынша, бұл бағытта ФҚҚ тіпті цифрлық даму саласына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын да қадағалайды.

Соңғы жылдары Ресейде қауіпсіздік мақсатындағы сылтаумен интернет байланысын уақытша шектеу тәжірибесі жиілеп кеткен. Билік мұндай шараларды көбіне дрон шабуылдары немесе төтенше жағдайлар қаупімен түсіндіреді. Алайда құқық қорғаушылар мен сарапшылар бұл қадамдарды интернет еркіндігін одан әрі шектеу тетігі ретінде бағалап келеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз