Қайрат Сатыбалдының люкс сағаттары көз алдымызда арзандап жатыр

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) Қайрат Сатыбалдыға тиесілі люкс сағаттарды сата алмай әлек.
Сатып алушылар болмағандықтан, баға күннен-күнге төмендеп келеді.
Бұған дейін ҚАБК бірнеше миллионнан бастап 214 миллион теңгеге дейін бағаланған люкс сағаттар коллекциясын сатылымға шығарғанын хабарлаған.
Айта кетейік: мұндай жеңілдік — сатушының қалауынан емес, нарықтағы ережеге сай жүзеге асады (сатылмай жатқан тауарды өткізу үшін баға біртіндеп төмендетіледі).

Сатылымдағы сағаттар тізімі:
- Коллекциядағы ең қымбат сағат — Ulysse Nardin Classic 789-80 (18 караттық алтынмен безендірілген) бағасы 214 миллион теңгеден 150 миллион теңгеге дейін түскен.
- Тағы бір сәнді модель — Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser алғашында 29 миллион теңгеге бағаланған, қазір 20,3 миллион теңге.
- Frank Muller Geneve алтын корпусы және рубинді циферблаты бар сағат бұрын 29,2 миллион теңге тұрса, қазір 20,4 миллион теңге.
- Ақ алтыннан жасалған, 139 бриллианты бар Breguet 3099 BE моделі 15,3 миллион теңгеден 10,7 миллион теңгеге дейін арзандаған.
Бірнеше модель, жеңілдікпен болса да, сатылып кеткен. Мысалы, Breguet 882U №3271 моделі 10,3 миллион теңге тұрса, соңында 8,8 миллион теңгеге сатылған.
Осыдан үш жыл бұрын Сатыбалдының құны 230 миллион АҚШ долларынан асатын эксклюзивті бағалы тастар мен зергерлік бұйымдар анықталып, елге қайтарылды.
Басқа да істерді ескергенде, Сатыбалдыұлы соңғы 2,5 жылда мемлекетке жалпы сомасы 783 миллиард теңгені құрайтын активтерді қайтарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ТҮРМЕДЕН ШЫҚҚАН МИЛЛИАРДЕР: ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫНЫҢ БИЗНЕСТЕРІ
Оларға мыналар кіреді:
- Дубайда орналасқан құны 20 млрд теңгеге бағаланған екі зәулім вилла;
- Францияның Лазур жағалауында орналасқан төрт элиталық пәтер – 4 млрд теңге;
- Мәскеудің ең беделді тұрғын үй кешендерінде орналасқан 15 жылжымайтын мүлік нысаны – 5 млрд теңге;
- Түркияның Бодрум және Ыстамбұл қалаларындағы екі элиталық вилла мен бір пәтер – 4 млрд теңгеден асады.