«Қазақтелеком»: Мыс дәуірінен Мусин дәуіріне
Биыл жазда елдегі жалғыз телекоммуникациялық компания «Қазақтелекомды» тапжылмай 15 жыл бойы басқарған Қуанышбек Есекеев қызметінен босады.
Оның орны қаншама сыннан кейін министрліктен босап қалған Бағдат Мусинге керек болған сияқты.
Біздің билік дәліздеріндегі жүрістердің қарабайыр логикасына сай Мусиннің әйтеуір бір компанияға баратыны орнынан кете салғанда-ақ түсінікті болған. Бірақ, жағдай, керісінше, күрделеніп бара жатқандай болған. Алдымен сәуір айында ол цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан «өз еркімен» кетті. Артынша мамыр айында БАҚ-та оның үстінен жеке деректердің таралып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалғаны жайында ақпарат тарады. Жұрт бір қызық басталайын деп тұр деп алақанын ысқылап күтіп отырғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрге қатысты қылмыстық істің өндірісте жоқ екенін, бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деп, оның екі айдай бос жүріп қалғанын сан саққа жүгірте бастаған маусым айында Бағдат Мусин «Қазақтелекомның» төрағасы болып шыға келді. Жуырда ол бұл қызметке арнайы ұсыныспен келгенін, ұсыныс түскен соң «жоқ дей алмағанын», негізінде, өзінің жоспары басқаша болғанын айтты.
Министр кезінде цифрлық трансформация, цифрлық платформалар жайында жасаған таңғажайып мәлімдемелері ұмыт бола қоярдай уақыт өткен жоқ. «Интернет жылдамдығынан жапондарды басып оздық» деп Қазақстанды қойып, Токионы да таңғалдырған мәлімдемесі; «eGov ескірді» деп, орнына қолданысқа енгізбекші болған «Сбер» платформасы; елді ашықтыққа үйретеді деген «Ashyq» қосымшасы; «Қолжетімді интернет» жобасы, Ресеймен бірге пайдаланып келе жатқан «+7» телефон кодын ауыстыру туралы бастамалары да қоғамда талай талқыға салынды.
Мусинге министр кезінде білмегенін білдірген «Қазақтелеком»
Ол министр кезінде Қазақстандағы интернеттің қарымына ешқандай шәк келтірместен кетті. Ал енді «Қазақтелекомға» барғалы Мусин елдегі интернет байланысының нашар екенін мойындай бастапты. Тіпті ол біздегі интернет сапасының неге нашар екенінің жауабын да тауып қойыпты.
Экс-министр тапқан жұмбақтың жауабы бойынша елдегі интернет жүйесінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанына мыс телефон сымдары мен ескірген ADSL жүйелері кінәлі. Техникалық жүйенің ескіруі «Қазақтелекомның» жоспарын орындауға кедергі келтіріп отырған көрінеді. Оның айтуынша, елімізде 1 млн тұтынушы әлі күнге ескірген ADSL технологиясын пайдаланып, мыс телефон сымдарын қолданады. Мусин бұл олқылықты алдағы үш жылда шешіп, 800 мың тұтынушыны мыс сымдарынан оптикалық талшыққа ауыстырмақ. Оған 400-500 млрд теңге қаражат қажет.
Мусин сондай-ақ байланыс сигналының нашарлауының себептерін де тауыпты. Қазірде 580 мыңға жуық тұтынушының жоғары сапалы интернетке қолы жетпей отырғанының себебі – пайдаланушылардың жабдығында екен. Яғни тұтынушының үйіне дейін интернет сигналы 512 кбит/с жылдамдықпен келеді де, жабдықтың кесірінен оның жылдамдығы азайып кетеді. Осыдан барып кешкі уақытта YouTube дұрыс ашылмайды, Netflix-тен кино көре алмайды, тағы басқа қызметтерге қолжетімділік жоғалады.
«Оның бәрі осы жабдықтың кесірі. Мысалы, сіздің ас үйіңізде теледидар бар, бұл теледидар Wi-Fi-ға қосылған. Роутердің күші интернет таратуға жетпейді. Мен бұл жағдайды автобанмен салыстырар едім, онда 8 жолақ бар, бірақ көлік қозғалысы тек бір жолда ғана. Бізде де солай. Оптика сегіз жолаққа мүмкіндік береді, бірақ біз қазір «Қазақтелекомнан» бір жолақты ғана береміз», – деп түсіндірді ол.
Осылайша, «Қазақтелеком» басшысының сөзіне сүйенсек, мыс сымдармен интернетіміз шабан жүрістен арылмайды, ал оптикалық талшық автобан жүрісі тәрізді интернетті жылдам жүргізеді. Болашақта стационарлық телефондардың да сымдары оптикалық құралдарға ауыстырылады. Сол кезде барып қызмет сапасы артып, интернетіміз Токиодан озатын тәрізді. Былтыр «Токиодан оздырған» жүйрік интернетіміздің қандай кабельдерден тарағанын кім білсін, әйтеуір Мусин мысты құртуға мыс-мыс ақша сұрайын деп отырған сияқты.
Фобиямен күресіп жеңе алмаған
ІТ саласының маманы, сарапшы Елдос Еркебай Қазақстанда «Қазақтелеком» телекоммуникация саласы бойынша 30 жыл бойы жалғыз ойыншы болғанын, осы уақытқа дейін бұл нарықта тек жалғыз монополист болғанның кері әсері мен зардаптарын енді тарта бастайтынымызды айтады.
«Қазір катарлық инвестор басқаратын Mobile Telecom-Service компаниясы Tele2 және Altel-ді сатып алды. Осы әрекеті арқылы үкімет байланыс нарығына «жаңадан ойыншы қосылды» дегенді дәлелдегісі келеді. Алайда бұдан «байланыс нарығында бәсекелестік туады» деп айта алмаймын. Керісінше, шетелдік инвесторлар сатып алғалы аталған байланыс операторлары қызмет құнын өсірді. Жұрт мобильді байланыс қызметі үшін қымбат төлей бастағанын айтып, шағымданып жүр. Енді қараңыз, шетелдік инвесторлар халыққа қымбат қызмет түрін ұсынды екен деп, «Қазақтелеком» халыққа одан арзан қызмет түрін ұсынбайды. Өз кезегінде «Қазақтелеком» да биыл 51 тариф бойынша бағасын көтерді. 51 тарифтік жоспардың бағасы 5 500 бен 11 000 теңгенің аралығында бекітілді. Бұл – бәсекелестік орта туғызатын қадам емес. Бәсекелестік орта болуы үшін нарықта бірнеше ойыншы болып, олардың қызметінің сапасы бірінен-бірі асып түсіп жатуы керек. Бізде ондай жоқ.
Білесіздер, үкімет келер жылдың соңына дейін Қазақстанды 5G желісіне қосып бітеміз деп отыр. Енді қараңыз, қазір бізде радиожиілік тек «Қазақтелекомның» қолында бар. Шетелдік инвесторлар келгеннің өзінде елде радиожиілік спектрлері мен ресурстары жоқ. 30 жыл бойы бұл салада тек «Қазақтелеком» жүрді. Басқа жекелеген операторлар өз кабельдерін төсегісі келсе, «Қазақтелекомның» сымды жолағы кедергі келтірді. Енді келіп компания «мыс кабельдерді алып тастап, оптикалық талшықты желі орнатамыз» дейді. Нарықтағы бір ғана ойыншымен 5G желісін құрып, бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Ол үшін радиожиілік диапазоны көп болуы керек. Бұған дейін «Қазақтелеком» да, цифрлық даму министрлігі де осы радиожиілікті көбейту жағын ойламады. Оны көбейтпей тұрып сапалы интернетке қол жеткізу мүмкін емес. Бұл арада мыс кабельдердің мәселесінен бұрын радиожиілік тартатын радиостанциялардың жайын шешіп алу қажет», – дейді сарапшы.
Радиожиілік демекші, Мусин министр кезінде радиожиілік тапшылығын қарапайым халықтың өзінен көрген кезі де болған. Мұны ол радиофобиямен байланыстырған. Экс-министрдің айтуынша, жұрт радиотолқындағы ақаудан қорқып, радиостанция қойдырмай қойған. Ол «біз базалық станцияларды алып тастауға мәжбүрміз. 2022 жылдың бірінші тоқсанында 37 базалық станция орнатылған, оның 35-і алынып тасталды» деген мәлімдемелер де жасаған. Бірақ біз радиотолқыннан қорқып, Мусинге қарсы шығыпты деген радиофобтар туралы естімеп едік, арнайы іздеп көргенімізбен, ондай ақпарат таба алмадық. Оның айтып отырғаны – тұрғын үйлердегі бірді-екілі тұрғынның қарсылығы болса керек. 2022 жылы Мусин «біз үйдегі 99 тұрғынды тыңдап, байланыс сапасын қамтамасыз етуіміз керек пе, әлде радиофобиясы бар бір тұрғынды тыңдауымыз керек пе!» деп байбалам салғаны есте. Демек, бұл жалғыз тұрғынның жарасы жеңіл, түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, байбалам салатындай мәселе емес еді. Ал Мусин сол «үні шықпайтын жалғызды» тыңдай қалыпты, сөйтіпті де, соншама радиостанцияны сыпырып тастапты. Ол келтірген деректерге қарасақ та бұл жұмыстың ауқымды жүрмегенін, басталып, тоқтап қалған көп шаруаның бірі болғанын байқаймыз.
Сарапшыдан сұрағанымызда да радиостанциялардың өркениетті елдерде кеңінен қолданылатын, диапазоны үлкен сала екенін айтты. Негізінде, біздің елде де, шет мемлекеттерде де, радиотолқыннан қорқып, оны орнатуға қарсы шығып, акция ұйымдастырып, петиция жариялаған фактілер жоқ деп отыр. Соған қарағанда, бұл да Мусиннің кезекті бір «отмазкасы» болған сияқты. Шындығына келгенде, Мусин айтып отырған халық радиофобиямен «ауырмақ» түгілі, оның не екеніне де бас қатырмайды. Мұндай «элитный» ауруды жұқтырып алғандар болды деген күннің өзінде, оларға «радиостанция қойсақ, интернетті қырдың үстінен, қора-қопсының төбесінен іздеп әуре болмайсыңдар» десінші, іргесін өзіміз қалап берейік дер еді.
Көрінбейтін жаумен күресіп, жеңіліс тапқан белгісіз батыр – Мусиннің үш жылдық жоспарына қайта оралайық.
«Бұл шараға осыдан 10 жыл бұрын кірісуіміз керек еді. Өз басым, үш жылда байланыс саласына оптикалық талшықтарды енгізу қиын дер едім. Бұл жерде инфрақұрылымдық шығындар жыл сайын өсетінін ұмытпауымыз керек. Компания жаңғыртуға арналған құрал-жабдықтардың барлығын шетелден сатып алады. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып жатыр. Мұны ескеру керек. Әрине, шығын өскен сайын, компания қызмет құнын да өсіреді. Ақырында шыққан шығынның өтеуін халық төлейтін етіп, тарифтерін қымбаттатумен болады. Осы жағын үкімет бақылауы керек. Бұған дейін байланыс нарығын дамыту үшін қыруар қаржы жұмсалды. Егер телекоммуникация нарығын жетілдіруге кеткен қаражат өзін-өзі ақтағанда қазір біз сапасыз интернет пен ескі технология жайында сөз етіп отырмас едік», – дейді Е.Еркебай.
Деректерге жүгінсек, байланыс операторлары саланы дамыту үшін 2020 жылы 136 млрд, 2022 жылы 76 млрд теңге инвестиция құйыпты. Бұл аралықта мобильді интернет жылдамдығы артқан жоқ, керісінше, баяулай түсті. Ал мобильді байланыс тарифі бірнеше рет қымбаттап кетті. Бұдан соң Қазақстанның 1 200 ауылына сапалы интернет жеткізу үшін Starlink, One Web, SES өндірушілерімен келіссөз жүргізіп жатқаны ресми хабарланды. Осы мақсатта «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 2023-2027 жылдары 1 трлн 32 млрд теңге жұмсалуы керек болған. Оның 325 млрд теңгесі республикалық бюджеттен алынса, 707 млрд теңгесі бюджеттен тыс қаражат деп көрсетілген. Ауылға интернет таратқан операторларға 50 пайыз субсидия төлеу де Мусин кабинетінің бастамасы болатын.
Тізе берсек, Мусиннің министр болып тұрған кезіндегі бастамалары жетерлік. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жасырын барып, ондағы жұмысты бақылап, жүргізуші куәлігін парамен рәсімдеу арқылы саланың былығын «ашып берген» пиаршы экс-министр тыныш отырмай, мыспен күрес бастап жатыр...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ