Зеленский мен Трамп телефон арқылы сөйлесті
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті.
Бұл туралы олар өздерінің әлеуметтік желілерінде хабарлады.
Зеленский Трампты президенттікке кандидат ретінде ұсынуымен құттықтап, 13 шілдеде Пенсильваниядағы митингіде болған қастандық әрекетті айыптады.
«Мен мемлекетіміздің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау үшін екі партиялық және екі палаталы американдық қолдаудың маңыздылығын атап өттім», - деді Украина басшысы.
Ол сондай-ақ Трамппен бейбітшілікке жету үшін қажетті қадамдарды талқылайтын жеке кездесуге келіскенін айтты. Бұл кездесудің қашан және қайда өтетіні әзірге белгісіз.
Трамп өз кезегінде Зеленскиймен болған әңгімені «өте жақсы» деп атады. Ол Украина президентіне хабарласқаны үшін алғысын білдірді.
«Америка Құрама Штаттарының болашақ президенті ретінде мен әлемге бейбітшілік орнатып, көптеген адамдардың өмірін қиған және сансыз жазықсыз отбасыларды қиратқан соғысты тоқтатамын», - деді Трамп.