Киевке қысым көрсетуді тоқтатыңдар – Еуропарламент үндеуі

Еуропарламент Ресей тарапынан заңсыз ұсталған украиналық бейбіт тұрғындардың жағдайына қатысты арнайы қарар қабылдады.
Құжатта Ресей шенеуніктеріне – тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін – жеке санкциялар салу ұсынылған.
Қарар 2024 жылғы 9 шілдеде Страсбургте қабылданды. “Иә” деп 507 депутат дауыс берсе, 77-і қарсы болды, 45-і қалыс қалды. Құжатта бейбіт украин азаматтарын ұстағаны және бомбалау жалғасып жатқаны айтылады.
Еуродепутаттар ЕО мен мүше елдерге Ресей түрмелерінен шыққан украиналықтарға гуманитарлық және медициналық көмек, психологиялық қолдау, заңгерлік көмек және реинтеграция қызметтерін ұсынуды ұсынды. Сонымен қатар Еуропарламент ұрланған украин балаларының, тұтқындалған бейбіт тұрғындар мен әскери тұтқындардың отбасыларына көмектесіп жатқан үкіметтік емес ұйымдарға алғыс білдірді.
Парламентарийлер Ресей тарапынан бейбіт азаматтарды заңсыз ұстау, күштеп жер аудару және қатыгез әрекеттерді қатаң айыптады. Мәскеуден тұтқын украин азаматтарының нақты орналасқан жері мен денсаулығы туралы ақпарат беруді және оларды дереу босатуды талап етті.
Қарарда:
“Бейбіт украиналықтарды заңсыз ұстау мен азаптау – Ресей режимінің адам өміріне деген ашық немқұрайдылығы мен ішкі қатігездігінің айқын көрінісі”, - делінген.
Еуропарламент Украинаның оккупацияланған аумақтарында террорды жүйелі түрде қолдану халықты үркіту, қарсы пікір мен белсенділікті басып-жаншу, украин тілі мен ұлттық болмысты жою мақсатында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қарарда Қырымда Ресейдің тарапынан қырым татарларын саяси себеппен тұтқындау, азаптау, діни және сөз бостандығына шектеу қою, күшпен жоғалту әрекеттері де айыпталды. Еуропарламент олардың барлығын дереу босатуды және ЕО мен халықаралық ұйымдарды қырым татарларына қорғау шараларын күшейтуге шақырды.
Еуропарламент Ресей мен Беларусь тарапынан украин балаларын өлтіру, азаптау, заңсыз депортация, жыныстық зорлық-зомбылық пен орыстандыруды қатаң айыптады. Ресей азаматтығын күштеп таңу және балаларды ресейлік отбасыларға асырап алғызу – Еуропарламент пікірінше, геноцидтік саясаттың бір бөлігі.
“Бейбіт тұрғындарға, әсіресе балаларға қарсы бағытталған жүйелі шабуылдар Ресей үкіметі тарапынан жоспарланып, жүзеге асырылған геноцид стратегиясын көрсетеді”, - делінген құжатта.
Сондай-ақ, Еуропарламент Ресей тарапынан украин соғыс тұтқындарын өлім жазасына кесу – соғыс қылмысы және Женева конвенцияларын өрескел бұзу деп танылатынын еске салды. Мәскеуден Украинамен “барлығына – барлығы” қағидасы бойынша тұтқын алмасуды дереу жүзеге асыруды талап етті.
Қарарда алғаш рет Ресейдің Куба сарбаздарын жалдап жатқанын және КХДР-мен әскери байланысын арттырғаны айтылды.
Еуропарламент ЕО елдерін Украинаға әскери көмек көрсетуді жеделдетуге, сондай-ақ Ресейдің бұғатталған активтерін тәркілеуге немесе Украина қорғанысы мен қалпына келтіруге жұмсауға шақырды.
“Кез келген болашақ Ресей агрессиясының жаһандық қауіпсіздік пен экономикаға кері әсері қазіргі көмектен әлдеқайда қымбатқа түседі”, - делінген қарарда.
Құжатта Украинаны оккупацияланған аумақты беруге көндіру әрекеттері – репрессия, зорлық-зомбылық, заңсыз ұстап отыру мен депортация, сондай-ақ халықты үрейде ұстау үшін қолданылатын жүйелі террордың жалғасуына жол ашатыны баса айтылған.