ШҚО-да аю 20 жылда алғаш рет адамға шабуылдады
Риддерде 58 жастағы омарташы Иван аюдың шабуылынан ауыр жарақат алып, аман қалды.
Оқиға тайгадағы туристік үйдің және Батыс Алтай қорығының маңында болған. Аю ер адамға кенеттен тап берген. Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, зардап шегушінің басы қатты жараланып, аяқ-қол сүйектері сынған.
Ер адамды ажалдан қасында болған екі серігі құтқарып қалған. Олар аюды үркітіп, жараланған омарташысын дереу ауруханаға жеткізген. Қазір ол ауруханадан шығарылып, үйіне оралды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, бұл – оның осы салада жұмыс істеген 20 жыл ішінде өңірде аюдың адамға шабуылдаған алғашқы оқиғасы.
Мамандар аюлардың елді мекендерге жиі жақындауын азықтың тапшылығымен байланыстырады. Көктемгі үсіктің салдарынан тайгада жидек пен жаңғақ азайған. Сондықтан қысқы ұйқы алдында қорек іздеген аюлар елді мекендерге қарай жиі шыға бастаған.
Қазір инспекторлар Риддер, Серебрянск және Өскемен аумағын күшейтілген режимде патрульдеп, жабайы аңдарды орманға қарай үркітіп қайтаруға тырысып жатыр. Соған қарамастан, жеке секторлар мен саяжай тұрғындары аюларды жиі байқағанын хабарлауда.