Әлеумет

Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Жақыпов ERG менеджерлер кеңесіне кірді

Eurasian Resources Group (ERG) S.à r.l. компаниясының менеджерлер кеңесінің құрамына қазақстандық жаңа өкілдер қосылды.

А

Компания сайтындағы мәліметке сәйкес, олардың қатарында бизнесмен Шахмұрат Мүтәліп пен Самұрық-Қазына басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бар.

ERG дерегінде Қазақстан атынан менеджерлер кеңесіне төрт өкіл енген:

🔺Шухрат Ибрагимов – менеджерлер кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директор;

🔺Шахмұрат Мүтәліп – кеңес мүшесі, Integra Construction KZ жетекшісі;

🔺Роман Скляр – кеңес мүшесі;

🔺Нұрлан Жақыпов – кеңес мүшесі.

Бұған дейін Роман Скляр бұл құрамға бірінші вице-премьер қызметін атқарып жүрген кезде қосылғаны айтылған. Ол кезде кеңесте бұрынғы құрам мүшелерінің бірі ретінде министр Мади Тәкиев те болған.

23 мамырда Шахмұрат Мүтәліп ERG құрылымындағы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің үлестерін сатып алғаны хабарланған. Оның бақылауындағы Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы топтағы 39,3% акцияға иелік етті.

Оған дейін ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов қызметінен мерзімінен бұрын кеткен. Кейін бұл лауазымға Абылай Сәденов тағайындалды, ал кейінірек қазақстандық периметрдің CEO-сы ретінде Кудрет Шәмиев аталды.

ERG – әлемдік шикізат нарығындағы ірі компаниялардың бірі. Ол феррохром мен кобальт өндірушілері қатарында және мыс жеткізуші ретінде де белгілі. Қазақстанда компания жоғары маркалы алюминий өндірісін жүзеге асырады.

Қазіргі деректерге сай, компания капиталының 40%-ы Қазақстан мемлекетіне тиесілі.

ERG Африка мен Оңтүстік Америкада да активтерге ие: Конго Демократиялық Республикасында мыс пен кобальт өндірісі, сондай-ақ Замбия, Зимбабве, Мозамбик, Мали және ОАР елдеріндегі жобалар бар. Бразилияда компания BAMIN темір кені кешенін дамытып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз