Қытай жаңа әскери жаттығулар аясында Тайваньды қоршауға алды
Қытай жаңа әскери жаттығулар өткізу барысында Тайваньды қоршауға алды. Жаттығуларға әскери кемелер, жойғыш ұшақтар және зымыран әскерлері қатысады, олар аралды блокадаға алу сценарийін имитациялайды.
Жаттығулардың мақсаты — «аралдың сепаратистік билігіне қатаң ескерту жасау», деп мәлімдеді Қытай халық республикасының билігі. «Би-би-си» қытай әскери күштеріне сілтеме жасап, жаттығулар «Тайваньға барынша шабуыл жасауға арналған жалпы репетиция» екенін хабарлайды.
Ал, Тайваньның қорғаныс министрлігі Қытайдың әскери жаттығуларын қатаң сынға алды. Ведомство оларды провокация деп есептейді. Тайвань әскери күштері «еркіндікті, демократияны және егемендікті қорғау» үшін әскер жібергендерін мәлімдеді. Тайваньды қолдайтын АҚШ билігі Пекиннің әрекеттерінің «негізсіз» екенін және «эскалацияға әкеп соғатынын» айтты.
Қытай мен Тайвань арасындағы қарым-қатынастар 2024 жылдың қаңтарында арал мемлекетінде жаңа президент сайланған кезде нашарлады. Сайлауда Лай Циндэ жеңіске жетті, оны Қытай халық республикасының билігі «сепаратист» деп санайды.