Қоғам

Жыл басынан бері 33 дропперлік топтың заңсыз қызметі тоқтатылды

Жыл басынан бері қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған.

ҚМА

Тергеу барысында қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекеттерге 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды.

ҚМА дерегіне сәйкес, дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы көлемі 112 миллиард теңгеден асатын күмәнді қаржылық операциялар жүргізілген. Ал соңғы екі айдың ішінде ғана мыңнан астам дроп-карта бұғатталған.

Батыс Қазақстан облысында агенттік интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастырумен айналысқан халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін әшкереледі. Тергеу мәліметінше, бұғатталған банктік шоттар арқылы шамамен 17 миллион теңге аударылған. Кейін қылмыстық топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қайта қалпына келтіруге мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас заңсыз схема Жетісу облысында да анықталды. Әлеуметтік желідегі жалған жұмыс туралы хабарландыруға сенген тұрғын кураторлардың тапсырмасымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін ол ақшаны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылар көрсеткен шоттарға аударып, әр операция үшін комиссия алып келген.

Ал Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджері арқылы жасырын әрекет еткен куратордың бақылауымен ұйымдастырылған. Тергеу дерегіне сәйкес, ол студенттер мен кәмелетке толмаған жастарды ақшалай сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге үгіттеген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеу аясында жауапқа тартылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды дропперлік схемаларға қатысудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, жеке банктік шоттар мен төлем құралдарын бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеуге шақырды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз