Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:44, 09 Қазан 2024

Франция Усама бен Ладеннің ұлын депортациялады

а
Фото: CentralAsia

Францияның ішкі істер министрі Бруно Ретайлло Нормандия ауылында тұратын Усаманың ұлы Омар бен Ладенді депортациялау туралы хабарлады. 

Euronews ақпаратынша, ішкі істер министрлігінің басшысы 2023 жылы Омар бен Ладеннің әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттайтын пікірлерін жариялағанын айтты. Нәтижесінде префектура басшылығы «Франциядан кетуге міндеттеме» берді, ал Ішкі істер министрлігі оны мақұлдады. Омар бен Ладеннің бұдан былай Францияға «кез келген себеппен» кіре алмайтындығына кепілдік беретін әкімшілік тыйымға да қол қойылғаны атап өтілді.

Министр мұны «ұлттық қауіпсіздік шешімі» деп атады, бірақ Омар бен Ладеннің нақты қашан және қай жерде депортацияланғанын нақтыламады.

Француздық Parisien газеті Омар бен Ладеннің қазір Катарда екенін, ол жерден депортациялау шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіргенін, бірақ жұма күні француз соты оны қабылдамағанын хабарлады.  

Жергілікті Le Publicateur Libre газетінің хабарлауынша, даулы твиттерді бин Ладен 2023 жылы 2 мамырда, әкесінің туған күні жариялаған. Алайда, Омар өз аккаунты бұзылғанын айтады.

«Басқа елден келген адам менің Twitter аккаунтымның құпия сөзін алып, атымды пайдаланып твит жариялады. Бұл менің сөздерім емес еді. Мен бұл туралы Twitter-ге хабарладым және бір аптадан кейін аккаунт бұғатталды. Мен адамдарға терроризм мен зорлық-зомбылықты шын жүректен айыптайтынымды айтқым келеді», - деді ол журналистерге.

Омар 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терактілерді ұйымдастырушы, «Әл-Каида» лаңкестік тобының негізін қалаушы Усама бен Ладеннің ұлы.

Омар бен Ладен 14 жасында «Әл-Қаида» лагерінде жаттығып, 2000 жылы лаңкестік ұйымның қатарынан кеткен. Ол әкесінің әрекетімен келіспейтінін мәлімдеді. 2016 жылы ол Ұлыбритания азаматтығындағы әйелімен Нормандияға қоныстанды.

Ковид-19 пандемиясы кезінде кіші бин Ладен сурет салумен айналысып, жұмыстарын 800-ден 2000 еуроға дейін сатқан және мейрамхана ашуды жоспарлаған. Өткен шілдеде Омар бен Ладеннің үйіне тінту жүргізіліп, ол тергеуге алынғанымен, кейін іс жабылды.

Тегтер: