Атырауда бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты үкім шығарды.
Сот оны адам өлтіру, алаяқтық, ұрлық, құжаттарды қолдан жасау және автокөлікті заңсыз иелену баптары бойынша кінәлі деп таныды.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді судья Зарема Хамидуллина.
Сот шешіміне сәйкес, сотталған жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді
Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының әкесі, анасы, ағасы және әпкесін өлтірді деп айыпталған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
Сонымен қатар ол жәбірленушілерге моральдық өтемақы ретінде 40 миллион теңге төлеуге міндеттелді.