Live

Алматыда биыл қарбыз бен қауыннан улану дерегі тіркелмеді

Жаз басталғалы бері Алматыда қарбыз немесе қауын тұтынудан уланған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Сондай-ақ зертханалық тексерулер барысында бақша өнімдерінен нитраттардың рұқсат етілген мөлшерден асқаны анықталмаған.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді.

Қарбыз

Оның айтуынша, жаз мезгілінде тағамнан улану қаупі артқанымен, биыл алғашқы алты айда бактериялық тағамнан уланудың 32 жағдайы ғана тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7 пайызға төмен. Зардап шеккендердің 21-і 14 жасқа дейінгі балалар.

Мамандардың мәліметінше, азық-түлікті дұрыс сақтамау, санитариялық талаптарды бұзу, мерзімі өткен өнімдерді пайдалану және жол бойындағы бейресми сауда орындарынан азық-түлік сатып алу тағамнан уланудың негізгі себептері саналады.

Биыл қаладағы базарлар мен бақша өнімдері сатылатын орындардан алынған қарбыз және қауын үлгілері зертханалық сараптамадан өткізілген. Нәтижесінде нитраттардың шекті мөлшерден асқаны немесе өзге де қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны тіркелмеген.

Санитариялық дәрігерлер тұрғындарға бақша өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алып, кесілген жемістерді алмауға, қарбыз бен қауынды пайдаланар алдында мұқият жуып, кесілгеннен кейін тоңазытқышта сақтауға кеңес берді. Сонымен қатар нитраттардың нақты мөлшерін тек аккредиттелген зертханалар ғана анықтай алатынын ескертті.

Мамандар жүрек айну, құсу, іш өту, әлсіздік немесе бас айналу секілді белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу дәрігерге қаралу қажеттігін айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз