Әлеумет

1 қыркүйектен бастап алматылықтардың жарығы өшуі мүмкін

Алматыдағы кейбір тұрғын үй кешендерінде электр энергиясына қатысты қарыз өтелмесе, 1 қыркүйектен бастап электр жарығын шектеу немесе толық тоқтату шаралары қолданылуы мүмкін. Бұл туралы «АЖК» АҚ филиалы – «Энергосбыт» хабарлады.

Жарық

Компанияның мәліметінше, мәселе жеке пәтер иелерінің емес, электр энергиясына берешегі бар тұрғын үйді басқаратын МИБ, КСК немесе басқарушы компаниялардың қарызына байланысты. Яғни үй бойынша жиналған берешек өтелмеген жағдайда, тұтынуға шектеу қойылуы мүмкін.

Тұрғындарға тамыз айынан бастап түбіртектерінде жаңа ақпарат көрсетіле бастаған. Атап айтқанда, төлем құжатында үйдің электр энергиясына берешегі бөлек жолмен жазылған.

«Энергосбыт» алматылықтарға түбіртекті тексеріп, өз үйінде қарыз бар-жоғын анықтауды ұсынды. Егер берешек көрсетілген болса, тұрғындар мәселенің себебін білу үшін өздерінің МИБ, КСК немесе басқарушы компаниясына жүгінуі қажет.

28 тамыздағы мәлімет бойынша, ең көп қарыз жиналған тұрғын үй кешендерінің қатарында «Алма Сити 5/2» бар. Оның электр энергиясы бойынша берешегі 125,94 млн теңгеге жеткен. Одан кейін «Alatau City» – 109,37 млн теңге, «Жас Қанат» – 104,21 млн теңге, «Алма Сити 1,2,3» – 102,63 млн теңге және «Medeu city» – 102,18 млн теңге қарызбен тұр.

Сондай-ақ «Алма сити 4» тұрғын үй кешенінің берешегі 60,17 млн теңгені, «Tamarix» – 56,20 млн теңгені, «Мирас» – 37,14 млн теңгені құрайды.

Компания жариялаған тізімде электр энергиясына берешегі бар 50 тұрғын үй кешені мен тұрғын алабы көрсетілген. Олардың қатарында «Altyn City», «Алтын Бұлақ-1», «RAMS CITY», «Ожет», «Four Seasons», «Есентай Сити», «Biography», «Ақкент» және басқа да нысандар бар.«Энергосбыт» электр энергиясын жеткізуге қатысты міндеттемелердің уақытылы орындалуы маңызды екенін ескертті. Сондықтан тұрғындарға үйдің ортақ қарызы туралы ақпаратты назардан тыс қалдырмай, басқарушы ұйымнан берешектің қалай қалыптасқанын нақтылау ұсынылады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз