472, 6 миллион теңге қайда кетті?
Жақында Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында 200 адамдықабылдайтын «Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясы ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Халыққа қызмет көрсетуге арналған жаңа нысанның жалпы ауданы 1200 шаршы метрдіқұрайды. Орталық жеке және заңды тұлғаларға анықтамалар беру, құжаттарды қабылдау сияқтықызмет түрлерін көрсететін соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіліп салынған.
Гүлнұр Райымбекова, зейнеткер:
– Бұған дейін ауылдағы халыққа қызмет көрсету орталығы ауылдың әр жерінде шашыраңқы, жалға алынған, бейімделген ғимаратта орналасқан еді. Бұл тұрғындарға мемлекеттік қызмет алуға қиындық тудыратын. Бір құжатты рәсімдеу үшін ұзақ сандалуға тура келетін еді. «Бір терезе» қағидаты да үнемі сақталабермейтін. Ауылымызда осындай арнайы салынған ғимаратта халыққа қызмет көрсететін жаңа нысанның ашылып, мәселенің толығымен шешімін тауып жатқанына қуаныштымын.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Абзал Сапарғалиұлы:
– Халыққа қызмет көрсетуге арналған жаңа орталық жертөлесі бар екі қабатты ғимаратта орналасқан. Бұл – бұрынғыдан екі есе үлкен деген сөз. Ғимараттың бірінші қабатында ана мен бала бөлмесі, 57 орындық күту залы, ресепшн, операциялық зал, «өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы», есеп айырысу кассалары, қызметкерлер бөлмесі мен қызметкерлерді оқытуға арналған бөлмелер бар. Ал екінші қабатта АХАТ бөлімі, Әлеуметтік қамсыздандыру, тіркеу және жер кадастры бөлімдері мен 50 орындық мәжіліс залы орналасқан. Келушілерге барлығы 44 маман қызмет көрсетеді.
Cонымен қатар нысанда халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына арналған лифт, жуынатын бөлмелер мен мемлекеттік қызмет көрсетуге ыңғайлы терезе қарастырылған. Жалпы жыл басынан бері Жетісу облысы бойынша жұмыс істеп тұрған 11 ХҚКО-дан 400 мыңға жуық азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілген.Бұлардың ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар да бар. Оларға әлеуметтік қызметтердіалуда инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыда Жетісу облысында бейімдеу жұмыстары қарқынды жүріліп келеді. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы 144 нысан ерекше азаматтар қажеттілігіне бейімделген болса, биыл 162 нысанға 472,6 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін осындай 1123 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының қорғалуына, олардың қоғаммен тығыз байланысқа түсуіне, өмір сүру сапасыныңжақсаруына әсер етеді. Ол үшін ең алдымен әлеуметтік қызметтерде қолжетімділікті қамтамасыз ету керек.
Қосқанат Бауыржан
Жетісу облысы