Трамп БРИКС-ке қарсы: қолдау білдіргендерге – қосымша 10% тариф

Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында БРИКС-тің «антиимерикалық» саясатын қолдайтын кез келген елге 10 пайыздық қосымша кедендік тариф енгізілетінін мәлімдеді.
Трамп өз әкімшілігі дүйсенбі күні сауда серіктестеріне жаңа тарифтер жөнінде хаттар жолдай бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Президенттің айтуынша, дүйсенбі күні түстен кейін (АҚШ-тың шығыс уақытымен 12:00-де) «ТАРИФТІК хаттар және/немесе ұсыныстар» жіберіледі.
«Антиамерикалық БРИКС саясатын қолдаған кез келген елге ҚОСЫМША 10% тариф салынады. Бұл саясаттан ешкімге ерекше жағдай жасалмайды», - деді Трамп жеке жазбасында.
Трамп жаңа тарифтер туралы шамамен 12-15 елге хат жолданатынын, кейбір елдермен келісімдерге де қол жеткізілгенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп тарифтерге 90 күндік үзіліс жариялаған еді, оның мерзімі 9 шілдеде аяқталады. Осыған байланысты журналистер Трамптан жаңа тарифтер осы аптада күшіне ене ме, әлде кейбір ресми тұлғалар болжағандай, 1 тамыздан бастала ма деп сұрады.
«Жоқ, бұл тарифтер болады… Меніңше, біз көптеген елдермен 9 шілдеге дейін келісімге келеміз. Не хат, не келісім», - деп жауап берді президент сенімсіз түрде.
АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник бұл жағдайға түсініктеме беріп, нақтылап өтті:
«Тарифтер 1 тамызда күшіне енеді. Бірақ президент мөлшерлемелер мен шарттарды дәл қазір белгілеп жатыр».
The Guardian басылымының еске салуынша, сәуір айында Трамп көптеген елдерге 10% базалық тариф және кейбіріне 50%-ға дейін қосымша баж салығын енгізетінін хабарлаған. Кейін ол барлық тарифтердің күшіне ену мерзімін 9 шілдеге шегерген. Енді жаңа күн – 1 тамыз, бұл елдерге тағы үш апта мұрсат берсе де, импорттаушылар үшін ұзақ белгісіздік кезеңін тудырып отыр.
Тарифтерге қатысты түсініксіздік Азия қор нарықтарына әсер етті. Жапонияның Nikkei индексі 0,3%-ға, ал Оңтүстік Корея акциялары 0,7%-ға төмендеді. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы MSCI құрама индексі Жапонияны есепке алмағанда 0,1%-ға төмендеді.
Бразилияда өткен БРИКС елдерінің бірлескен саммитінде қатысушы елдердің көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасап, «біржақты тарифтік шаралардың» күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, мұндай саясаттың жаһандық экономикаға зиян тигізуі мүмкін екенін атап өтті.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент CNN арнасына берген сұхбатында алдағы күндері бірнеше ірі сауда келісімдерінің жариялануы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Еуропалық одақ келіссөздерде едәуір ілгерілеуге қол жеткізген. Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың көп сауда қатынасы жоқ 100-ге жуық шағын мемлекеттерге де хат жолдап, олар 2 сәуірде жарияланған бастапқы тариф мөлшерлемесіне қайта оралуы мүмкін екенін ескерткен.
«Президент Трамп кейбір сауда серіктестерімізге хат жолдап жатыр. Егер мәселе қозғалыссыз қалса, онда 1 тамызда сіздер 2 сәуірдегі тарифтерге қайта ораласыздар. Сондықтан жақын арада көптеген келісімдерге куә боламыз», - деді Бессент.
The Guardian басылымының жазуынша, Трамп президенттік қызметке кіріскелі әлемдік сауда соғысын бастады, бұл жаһандық нарықтарды шайқалтып, көптеген ел үкіметін АҚШ-пен немесе басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге мәжбүр етті.
Ақ үй жанындағы Ұлттық экономикалық кеңестің басшысы Кевин Хассетт CBS арнасына берген сұхбатында кейбір елдердің маневр жасауға мүмкіндігі барын айтты:
«Мерзім бар, жақындап қалған маңызды сәттер де бар. Сондықтан кейбір оқиғалар кейінге шегерілуі мүмкін. Бұл туралы шешімді Трамп қабылдайды», - деді ол.