Қоғам

Бетін жапқанға ескерту: ІІМ 1179 адам жауапқа тартылғанын мәлімдеді

Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты талап қайтадан күн тәртібіне шықты.

Хиджаб

 Ішкі істер министрлігі азаматтарға заң талабын еске салып, мұндай құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.

Polisia.kz сайтының хабарлауынша, бұл норма «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңның 75-бабы 3-тармағында бекітілген. Яғни адамның түр-сипатын визуалды түрде тануға кедергі келтіретіндей деңгейде бетті жауып тұратын киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынған.

Алайда министрлік бұл талаптың бәріне бірдей қатысты емес екенін атап өтті. Мәселен, ауа райының қолайсыздығына байланысты шарф не орамал тағуға, медициналық себеппен маска киюге, қызметтік міндет атқару кезінде арнайы қорғаныс құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шаралар кезінде де ерекшелік қарастырылған.

ІІМ мәліметінше, жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабымен белгіленген. Алғаш рет заң бұзғандарға ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Министрлік қазірдің өзінде осы бап бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

– Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл талап бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады, – деп мәлімдеді ІІМ.

Соңғы уақытта қоғамда никаб пен бет-жүзді толық жабатын киімдерге қатысты пікірталас жиілегені белгілі. Бір тарап мұны қауіпсіздік мәселесімен байланыстырса, екінші тарап діни еркіндік тақырыбын алға тартады. 

Тегтер: Хиджаб
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз