Қоғам

Садыр Жапаров «халық жауларына» қатаң жаза қолданылатынын айтты

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі тұрақтылықты бұзуға әрекет ететін және сыртқы күштерден қаржылай қолдау алатын адамдарға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Садыр Жапаров

Садыр Жапаров 29 тамызда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштік құрылымдардың дайындығын тексерді.

Жиын барысында Жапаров құқық қорғау органдарының басшыларынан баяндама тыңдап, жеке құрам мен арнайы техниканың әзірлігін тексерді. Ол халықаралық деңгейдегі іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және Қырғызстан азаматтары мен шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті.

Қырғызстан президенті күштік құрылымдарға ведомствоаралық байланысты күшейтуді, тәртіпті қатаң сақтауды және адам көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен жеделдік таныту қажеттігін айтты.

Садыр Жапаров елдегі тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, сыртқы күштердің арандатуына еріп, қаржылай сыйақы үшін қоғам арасында алауыздық туғызуға тырысатын адамдарға жеңілдік жасалмайды.

«Бірінші әрі басты шарт – темірдей тәртіп. Біз сыртқы деструктивті күштердің арандатуына еріп, олардан сыйақы алып, арамызда әрекет ететін, кек алуға шақыратын және қоғамдағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын аз ғана халық жауларын қатаң жазалаймыз. Мұндай адамдарға рақымшылық болмайды», – деді Қырғызстан президенті.

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз