Шетелдегі қазақтардың «қандас» екені қалай анықталады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы сырттан келетін отандастарымызға «қандас» статусы қалай берілетінін түсіндіріп берді.
Жергілікті атқарушы органның жанынан комиссия құрылады. Оның құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы түрлі профессорлар мен сарапшылар қатысады, — деді Асқарбек Ертаев.
Ертаевтың айтуынша, қандас статусын беруді аталған комиссия қарап, анықтайды.
Комиссияның жұмыс функциялары, азаматтармен сұхбаттасу тәртібі, яғни өз ұлтын растай алмайтын адамға қандай сұрақтар қоюға болатыны туралы ережелер әзірленген. Сонымен қатар комиссияда қандай да бір күмән туындаған жағдайда геномдық сараптама жүргізуді қарастырылған. Сараптама арқылы азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады, — деді Асқарбек Ертаев.