Әлеумет

1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды – Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл шоқтары мен басқа да сыйлықтарды мектеп аумағында беруге болмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Мұғалім

Журналистер мұғалімге берілетін гүл шоғына ата-аналар қанша қаражат жұмсай алатынын және мұндай дәстүрдің қаншалықты қажет екенін сұраған.

«Біз жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолдадық. Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге жол берілмейді. Мұны арнайы атап көрсеттік. Сондықтан оған қажеттілік жоқ», – деді Ақпарова.

Министрлік гүл шоғының рұқсат етілетін құнын нақтыламады. Ведомствоның түсіндіруінше, шектеу мектеп аумағында берілетін гүлдер мен сыйлықтарға қатысты.

Сонымен қатар 1 қыркүйекте еліміздің барлық мектеп сыныбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады. Олардың ұзақтығы шамамен 45 минут болады.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге гүл сыйлау мәселесіне қатысты басқа ұстаным білдірген. 2024 жылы ведомство ұстаздарға гүл сыйлауға болатынын айтып, оны құрмет пен ризашылықтың белгісі деп атаған. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та оқушылардың ұстаздарына гүл сыйлауын жақсы дәстүр деп бағалаған.

Қазақстанда 2026/2027 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушылары үшін ақпан айында қосымша демалыс қарастырылған.

Тегтер: Мұғалім
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз