1,5 трлн зейнетақы қаражаты: ақшаны «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» басқарады

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов энергетикалық нысандарды жаңғырту үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан (БЗҚ) шығаруды жоспарлап отырған 1,5 триллион теңгенің қалай бөлінетінін түсіндірді.
«Қаржыландыруға қолдау көрсетілсе, бұл іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айтайын. «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» өз облигацияларын шығарады, ал бұл облигацияларды БЖЗҚ сатып алады. Сонда ғана «Бәйтерек» пен «Самұрық» нақты жобаларды өздері қаржыландыратын болады. Зейнетақы қорының алдында, яғни болашақ және қазіргі зейнеткерлердің алдында жауапты болатын нақты жобалар емес, «Бәйтерек» пен «Самұрық» жауапты болады», - деді Сүлейменов жұма күні Ұлттық банкте өткен брифингте.
Ұлттық банк басшысы бұл құрылымдардың қаражатты басқаруға тартылуынан үлкен тәуекелдерді көрмей отырғанын атап өтті.
«Қазақстанның егемендік рейтингі ВВВ деңгейінде, «Бәйтеректің» де, «Самұрықтың» да рейтингі шамамен бірдей. Бұл жоғары рейтингті, өте сенімді компаниялар, сондықтан зейнетақы қорын «Самұрық» және «Бәйтерек» облигацияларына инвестициялау қалыпты нарық тәжірибесі болып табылады. Мен қазақстандықтардың ақшасы Қазақстанда жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Біз қордағы ақшаның экономикамызға, нақты секторымызға салынуын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек. Дұрыс көзқараспен мұны жүзеге асыруға болады деп ойлаймын, бірақ бұл қосымша талқылауды қажет етеді», - деді Сүлейменов.
Жалпы, Ұлттық банк бұл қаражатты зейнетақы қорынан шығару қажеттігі туралы үкіметтің ұстанымымен келіседі. Бірақ 1,5 триллион теңгенің барлығын тек инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға болмайды, деп қосты Ұлттық банк басшысы.
«Ол жерде бөлу шамамен болуы керек деп есептейміз: үштен бірі инфрақұрылымдық жобаларға, қалған ақша экономиканы әртараптандыруға және ішкі ұсынысты арттыруға қатысты жобаларға бағытталуы керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және т.б., жоғары өнімді қызметтер. Бұл бөлу мәселесі, бұл мәселені үкімет «Бәйтерек», «Самұрықпен» талқылауы керек. Өйткені, экономика солардың саласында», – деді.