Аймақ

17 жобаның құны 33,5 млрд теңге

Алматы облысында агроинвестициялық серпін негізінде 33,5 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асуда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға, өңір экономикасын әртараптандыруға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған.

жоба

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 8 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында заманауи сүт фермалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттары мен жылыжай кешендері бар.

Жаңа нысандардың іске қосылуы нәтижесінде 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл ауылдық жерлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік бермек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісовтің айтуынша, агроөнеркәсіп саласында қолға алынған жобалар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

«Әрбір жаңа жоба қосылған құн мен жергілікті өңдеу үлесін арттыруға бағытталған. Инвесторларға барлық кезеңде қолдау көрсетіледі. Біз үшін басты мақсат өнім өндірісін ғана емес, оны терең өңдеуді де дамыту», – деді Ғалым Тоқпейісов.

Сарапшылардың пікірінше, өңірде іске асырылып жатқан жобалар ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтауға, еңбек өнімділігін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін инвестиция тартуға қолайлы сала ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, Алматы облысы алдағы уақытта да аграрлық-индустриялық бағыттағы жобаларды кеңейтіп, экспорттық әлеуетті арттыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ Алматы облысында 13 сүт фермасы мен қайта өңдеу бағытындағы бірнеше ірі жоба қолға алынған. Мәселен, ABDI AGRO және «Байсерке Агро» компанияларының жаңа жобалары іске қосылғанда жылына 4 мың тоннадан астам сүт өндірілмек.

Сонымен қатар Кеген ауданында «KегенМясоПром» ет өңдеу комбинаты салынуда. Жоба құны 2,5 млрд теңге, жылына2 500 тонна ет өңдеуге қауқарлы. Комбинат іске қосылған соң жергілікті фермерлер өнімдерін тікелей өңдеуге өткізе алады. Өңірде жылыжай саласына ерекше көңіл бөлінген. 2026 жылға дейін 10 ірі жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Олардың жалпы өнім шығару қуаты – 25 мың тонна көкөніс.
Мысалы, Alatau Green Production жобасы бойынша 8 гектар аумақты қамтитын заманауи жылыжай салынып жатыр. Мұнда тамшылатып суару мен климаттық бақылаудың автоматты жүйелері қолданылады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама маусымаралық кезеңде нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге және импорттық көкөніс тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп жобаларына қаржылай қолдау көрсету мақсатында облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ қаржы министрлігі арасында арнайы келісім жасалған.
Жобаларды басқару мен бақылау функциясын «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы атқарып отыр.

Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындары шағын несиелер алып, жылыжай немесе мал шаруашылығы жобаларын іске асырып келеді. Мысалы, Шелек ауылында екі азамат 25,8 млн теңге несие алып, шағын жылыжай кешенін ашқан.

Алматы облысы әкімдігі алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін екі есеге ұлғайтуды, экспортқа бағытталған жоғары сапалы өнімдер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Осы мақсатта жаңа қоймалар мен логистикалық орталықтар салу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және агроөнеркәсіп кооперациясын кеңейту көзделген. Алматы облысының агроинвестициялық жобалары ауылдық аймақтардың әлеуметтік дамуына серпін беріп, экономиканы әртараптандыруға үлес қосуда. Сүт, ет және көкөніс өндірісін ұлғайту – өңірдің ғана емес, жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы болып отыр.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Алматы облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз