28 жылдан кейінгі жүлде
Париж олимпиадасының алғашқы күні-ақ Қазақстан құрамасының қоржынына екі жүлде түсті. Алтын жүлдені Е.Сметов жеңіп алса, пневматикалық мылтықпен 10 метрден ату бағдарламасында аралас құрамда Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Александра Ле мен Ислам Сәтбаев іріктеу кезеңінде 630,8 ұпай жинап, В финалына өтті. Яғни Германия құрамасымен қола жүлдеге таласатын болды. Ольга Довгунь шәкірттері кіші финалда аса жоғары деңгейде өткізді. Олар Германияның Анна Янсен мен Максимилиан Ульбрихтен жасақталған жұбын 17:9 есебімен қапы қалдырды.
Қазақстан құрамасы нысана көздеу спортынан 1996 жылы соңғы жүлде иеленген еді. Ол кезде ел қоржынына Сергей Беляев – екі күміс, Владимир Вохмянин бір қола салды. Содан бергі 28 жылда мергендеріміз олимпиада олжасын жеңіп алған жоқ.
Жарыстың екінші күні дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) қола тұғырға көтерілді. Ол Давид Гарсия Торне (Испания), екі дүркін олимпиада жүлдегері Ан Ба Ул (Оңтүстік Корея), әлем чемпионатының қола жүлдегері Уәлиде Хияр (Франция) сияқты қарсыластарын жолға тастап, жартылай финалда бразилиялық Уиллиан Лимаға (Бразилия) «алтын ұпай» беріп қойды. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде сербиялық Стархинья Бунчичті (Сербия) вазари ұпайымен жеңіп, Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде салды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасының нәтижесін Париж додасының алғашқы күні-ақ жаңартты.
Есей Жеңісұлы