Адвокат: Айгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлады
Құқық қорғаушы Айнара Айдарханова азаматтық белсенді Айгерім Тілеужанға шұғыл медициналық көмек керек екенін мәлімдеді. Қорғаушы бұл туралы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Адвокаттың айтуынша, Әйгерім Тілеужан бірнеше күннен бері қан қысымы көтеріліп, бетінің оң жағы ұйып қалғанын хабарлаған.
«Әйгерім Тілеужанова бірнеше күннен бері қан қысымының жоғарылауымен ауыратынын, бетінің оң жақ бөлігі ұйып қалғанын, оң жақ көзі көгергендіктен қызарып, құлағының шуылдағанын хабарлады. Денсаулығының нашарлығы туралы арызына жауап жоқ, жедел жәрдем шақырмайды. Неліктен тағы да медициналық көмек көрсетілмейді? Мен бұған шұғыл жауап беруді және жедел жәрдем шақыруды, толық тексеруден өтуді және тиісті медициналық көмек көрсетуді сұраймын», - делінген адвокаттың хабарламасында.
Айта кетейік, 10 сәуірде Әйгерім Тілеужан кезекті рет аштық жариялағанын мәлімдеген.
Фото: orda.kz