Оқиғалар

Мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді және жауапкершілікке шақырады – Мәдениет және ақпарат министрі БАҚ пен блогерлерге үндеу жасады

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты туындаған мәселелер жөнінде мәлімдеме жасады.

Балаева

Ол журналистер мен блогерлердің заң аясында кәсіби қызметін еркін атқаруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті.

Балаеваның айтуынша, «Масс-медиа туралы» заң журналистерге кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнежазба жасауға, сондай-ақ ақпарат таратуға мүмкіндік береді.

Оның сөзінше, журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз үш жағдайда түсірілім жүргізе алады. Атап айтқанда, адам көпшілік іс-шараға, бейбіт жиналысқа, мәдени немесе спорттық шараға қатысып жатса, оның бейнесі қызметтік не қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ бейнені пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау үшін қажет болған жағдайда келісім талап етілмейді.

Сонымен қатар министр бірқатар БАҚ өкілдері, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа тоқталды.

«Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді», – деді Аида Балаева.

Ол Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, соның ішінде журналистер мен БАҚ аккаунттарын бұғаттамайтынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мемлекет сөз және пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіріп, қоғам алдында оларды теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін.

Балаева соңғы уақытта осы бағытта алаңдататын жағдайлар байқалғанын айтып, министрлік масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін жеткізді.

Ол бұл мәселенің сайлау науқаны кезінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс», – деді министр.

Аида Балаева заң алдында адамның лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең екенін де еске салды.

Сонымен бірге ол журналистер мен блогерлер тарататын ақпараттың анықтығын тексеруге міндетті екенін айтты.

Министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жұмыстарын күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз контентпен күрес заңды пікірді, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталасты шектеуге ұласпауға тиіс екенін ескертті.

«Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын, ал қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел қоғам қалыптастырады», – деді Аида Балаева.

Ол БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.

Тегтер: Аида Балаева
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз