Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Дубайға рейсті тоқтатты
Air Astana Таяу Шығыстағы ахуалдың бүгіннен бастап күрт шиеленісуіне байланысты Алматы – Дубай рейсін тоқтатып, Астанадан Дубайға ұшып кеткен ұшағын кері қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты келесі өзгерістер енгізілді. 12 шілде күні сағат 07:10-да Астанадан Дубайға ұшып шыққан KC205 рейсі ұшып шыққан әуежайға қайтарылады. Ал 12 шілде күні сағат 08:50-де ұшуы жоспарланған KC897 Алматы – Дубай рейсі тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Әуе компаниясының мәліметінше, рейстері тоқтатылған жолаушылар билет құнын толық көлемде сатып алған жері арқылы қайтара алады.
Ұшу кестесіндегі өзгерістер туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.