Академияда «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына арналған зияткерлік кездесу өтті
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Даму күні аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабына арналған зияткерлік кездесу өтті.
Іс-шара мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалардың идеологиялық негіздер, ел дамуының стратегиялық басымдықтар және Президент еңбегінде көтерілген өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу мақсатында өті.

Зияткерлік кездесуге Құрылтайдың алғашқы шақырылымының депутаты Жанарбек Әшімжан, Академияның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Кездесуді Академия ректоры Азамат Жолманов жүргізіп, Президенттің жаңа еңбегі мемлекеттік қызметшілер үшін құндылығы жоғары саяси әрі дүниетанымдық басылым екенін атап өтті.
«Бүгінгі кездесуіміздің арқауы болып отырған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы да қазіргі цифрлық транформация дәуіріндегі мемлекетіміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерін нақтылайтын тұжырымдар жинағы. Кітап мазмұнына енген тақырыптардың әрқайсысы мемлекетіміз үшін өзекті, мемлекетттік қызметші үшін құнды. Ұлт сапасы, Тәуелсіздік, егемендік пен мемлекеттілік, Конституция, Әділетті Қазақстан, мемлекеттік басқару, Президенттік миссия, Заң мен Тәртіп, Ынтымақ пен бірлік, Цифрландыру және жасанды интеллект сияқты мәселелерден басталған ойлар Қазақстанның бүгінгі даму бағытын да, ертеңгі саяси өрісін де нақты бағдарлауға мүмкіндік береді», – деді ректор.
Зияткерлік кездесудің арнайы қонағы, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Президент еңбегінде көрініс тапқан идеялардың мазмұнына кеңінен тоқталып, олардың елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформалармен сабақтастығын жан-жақты саралады. Депутат әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту және жауапты мемлекеттік басқару қағидаттары Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың өзегіне айналғанын атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ Академияның Басқару институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Дастан Көшербаев Президент еңбегіне ғылыми-сараптамалық талдау жасап, кітаптағы саяси философияның мазмұны мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызына тоқталды.
Іс-шараның ерекшелігі – пікірталасқа Академия магистранттары мен докторанттарының белсенді қатысуы болды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда қызмет атқарып жүрген білім алушылар кітапта көтерілген идеялар жөнінде өз ойларын ортаға салып, мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру, реформалардың мәнін терең түсіну және мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі туралы пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» еңбегі тарихи дәйексөздер жинағы ғана емес, Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың нақты бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды еңбек екенін айтты.
Зияткерлік кездесу қатысушылар үшін Президенттің стратегиялық көзқарастарын зерделейтін, мемлекеттік басқару саласындағы заманауи үрдістерді пайымдайтын және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды пікірталас алаңына айналды.