Ақмола облысында тоғызыншы сынып оқушысын өлтірген ер адам өмір бойына бостандығынан айырылды
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тоғызыншы сынып оқушысын өлтірді деп айыпталған 36 жастағы Владимир Виногронға қатысты үкім шықты.
Сот оны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде аса қатыгездікпен адам өлтіру, кәмелетке толмаған баланы зорлау және сталкинг (артынан қалмай аңду) бойынша кінәлі деп тапты. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сот сотталушыны педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 14 қарашада Целиноград ауданының Ынтымақ ауылында болған. Сол күні дүкенге қансыраған 9-сынып оқушысы жүгіріп кіргені хабарланды. Көрсетілген көмекке қарамастан, бойжеткен алған пышақ жарақаттарынан қайтыс болды.
Қылмыстан кейін күдікті бой тасалаған. Полиция оған іздеу жариялады. 17 қарашада ер адам Родина ауылына жақын маңдағы далада ұсталды. Ұсталғаннан кейін ол тергеу изоляторына қамалып, сот шешімімен қамауға алынды.
Қайтыс болған қыздың жасы 14-те болғандықтан және аталған іс кәмелетке толмаған баланың қылмысына қатысты болғандықтан, тергеудің егжей-тегжейлері жарияланған жоқ. Тергеу мәліметтері бойынша, сотталған азамат қыздың отбасын таныған.