АҚШ Иранға оныншы тәулік қатарынан соққы жасап жатыр
АҚШ Қарулы күштері Иран аумағына жаппай әуе соққыларын оныншы тәулік қатарынан жалғастырды.
Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді.
20 шілде күні Солтүстік Америка шығыс жағалауы уақытымен сағат 16:00-де (Орталық Еуропа уақытымен 22:00) басталған жаңа шабуылдардың мақсаты Ормуз бұғазындағы азаматтық кемелерге шабуыл жасау үшін қолданылып жатқан Иранның әскери әлеуетін одан әрі әлсірету екені айтылды.
Кейін CENTCOM операцияның аяқталғанын хабарлап, соққылардың нысаналары Иран әскери күштерінің командалық пункттері, зымыран және дрон ұшыру алаңдары, сондай-ақ әуе қорғаныс жүйелері болғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Иран 20 шілдеде АҚШ-тың алдыңғы түнгі шабуылдарына жауап ретінде Парсы шығанағы аймағында қайтадан соққы жасады. AFP агенттігінің хабарлауынша, Кувейт пен Иордания аумақтарына дрондар мен зымырандар арқылы шабуыл жасалғаны туралы мәлімделді.
18 шілдеде Тегеран маусым айында Вашингтонмен жасалған, 60 күн ішінде түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізуді көздеген уақытша бітімді жарамсыз деп жариялаған болатын.
Жаңа шабуылдар алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды америкалық әскери қызметкерлердің қазасына байланысты қатаң жазамен қорқытты.
«Иран америкалық сарбазды өлтірген сайын, оған бірнеше есе ауыр жауап қайтарылады», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Оның айтуынша, бұл бұйрық АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетке жеткізілген.
Бұған дейін футболдан әлем чемпионатының финалынан кейін Вашингтонға қайтып келе жатқан Трамп соңғы соққылардың АҚШ әскери қызметкерлерінің қазасына жауап ретінде жасалғанын айтқан.
«Біз бүгін түнде оларға өте ауыр соққы жасадық. Мұны қаза тапқан сарбаздарымыздың құрметіне жасадық», – деді АҚШ президенті.
Жаңа қақтығыс басталғалы CENTCOM үш америкалық әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады. Осылайша, ақпан айының соңынан бері Иранмен қақтығыста қаза тапқан АҚШ әскери қызметкерлерінің саны 17-ге жетті.
Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы баяулады
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) 20 шілдеге қараған түні Ормуз бұғазы маңында екі мұнай танкерін ұстағанын мәлімдеді. «Тасним» агенттігінің хабарлауынша, кемелер бұғазға заңсыз кіруге немесе оңтүстік бағыт арқылы шығуға әрекет жасаған, кейін оларда жарылыс болған.
Әскери шиеленістің күшеюіне байланысты Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасы да баяулаған. Лондон қор биржасының мәліметіне сәйкес, 19 шілдеде бұғаз арқылы төрт кеме ғана өткен, ал 18 шілдеде олардың саны сегіз болған.