Әлеумет

АҚШ Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау үшін жасырын дәліз құрған

АҚШ Қарулы күштері Ормуз бұғазы арқылы әлемдік нарыққа күн сайын миллиондаған баррель мұнай шығаруға мүмкіндік беретін құпия теңіз дәлізін ұйымдастырған.

Ормуз

Дональд Трамп әкімшілігіндегі америкалық шенеуніктердің мәліметінше, Оман жағалауындағы оңтүстік арна арқылы әр түні АҚШ әскерінің қорғауымен 15-тен 20-ға дейін танкер өтеді. Олар тәулігіне шамамен 10 миллион баррель мұнай тасымалдайды. Бұл – соғысқа дейінгі көлемнің шамамен жартысы.

Құпия операция АҚШ армиясының Солтүстік Каролина штатындағы Форт-Брэгг штабынан басқарылады. Америкалық әскерилер танкерлердің қозғалысын толық үйлестіріп, түнгі керуендерді жасақтайды, олардың өту кестесін белгілейді және кемелерді Иран шабуылдарынан қорғайды.

«Біз Ормуздың оңтүстік бөлігін екі айдан бері бақылауда ұстап отырмыз. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) белгілі бір кедергілер келтіре алады, бірақ бұғазды олар бақылап отырған жоқ. Оны біз бақылап отырмыз», – деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.

Мұнай тасымалдайтын кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ Әуе күштері жойғыш ұшақтарды да жұмылдырған. Олар Иранның қанатты зымырандары мен дрондарын атып түсіреді. Осы аптаның басында ғана америкалық әскерилер теңіз дәлізіне қарай ұшырылған сегіз дрон мен екі зымыранды жойған.

Қауіпсіз дәліз CENTCOM-ның екі аптаға созылған операциясынан кейін іске қосылған. Оның барысында Иранның негізгі радарлары мен бақылау жүйелері жойылған. Соның салдарынан қазіргі уақытта Тегеранның бұғаз акваториясын бақылау мүмкіндігі айтарлықтай шектелген.

Тегтер: Ормуз бұғазы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз