Сараптама

АҚШ Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасы қайта күшіне енді

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы кезекті соққылар сериясын бастады.

Ормуз

 Бұл – қатарынан төртінші түн жасалып отырған шабуылдар. Таяу Шығыста АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 20-дан астам кемесі мен жүздеген әскери ұшағы жұмылдырылған.

CENTCOM мәліметінше, операция Иранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігін одан әрі әлсіретуге бағытталған.

Сондай-ақ АҚШ Иран порттарына немесе жағалауына бағыт алған әрі ол жерден шыққан кемелерге қатысты теңіз блокадасын қайта енгізгенін хабарлады.

Орталық қолбасшылық өңірде америкалық күштердің толық жауынгерлік әзірлікте екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Иранның Mehr агенттігі Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Ормуз бұғазы аумағында естілген жарылыстар судағы қақтығыстар мен атыстарға байланысты болуы мүмкін екенін хабарлады.

Трамп пен НАТО
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Трамп 20 пайыздық алымнан бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы үшін күрес аясында теңіз блокадасы қайта енгізілгенін жариялады. Сонымен бірге ол бір күн бұрын мәлімдеген теңіз жүктеріне салынатын 20 пайыздық алымды енгізуден бас тартты.

Трамптың айтуынша, АҚШ бұл табысты Парсы шығанағы елдерімен жасалатын сауда келісімдері арқылы алуды көздейді.

Кейін Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол Иранға қарсы соққылар «жеткілікті болды» дегенге дейін жалғасатынын айтты.

Президенттің сөзінше, Иранның әскери әлеуеті әлсірегенімен, елдің әлі де қарсылық көрсетуге шамасы бар. Сондықтан шабуылдар келесі аптаға дейін жалғасуы мүмкін.

Сондай-ақ Трамп келісімге қол жеткізілмесе, келесі аптада Иранның электр стансаларына соққы беру қаупін де айтты.

Оның мәлімдеуінше, 14 шілдеде АҚШ пен Иран өкілдері келіссөздер өткізген.

Ормуз
Фото: Getty images

Ормуз бұғазы АҚШ бақылауында екенін мәлімдеді

13 шілдеде Дональд Трамп Ормуз бұғазы АҚШ бақылауына өткенін және ол арқылы өтетін барлық кемелерге 20 пайыздық тариф енгізілетінін жариялаған болатын.

Сондай-ақ ол Иран кемелері мен Тегеранның серіктестеріне қатысты теңіз қоршауы қайта басталатынын айтып, АҚШ өзін «Ормуз бұғазының қорғаушысы» деп атайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, Трамп Конгресті Иранға қарсы әскери іс-қимылдардың қайта басталғаны туралы хабардар етті.

Ақш пен  Иран
Фото: NYT

Бұзылған бітім

АҚШ пен Иран 17 маусымда әскери іс-қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазындағы қоршауды алып тастау туралы негіздемелік келісімге қол қойған еді.

Алайда 25 маусымда ирандық камикадзе-дрон бұғаз арқылы өтіп бара жатқан азаматтық танкерге шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран аумағына бірнеше рет соққы жасады.

8 шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінде Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның күші жойылғанын мәлімдеп, АҚШ-тың Иранға қарсы мұнай санкцияларын қайта енгізгенін айтты.

Ал Reuters агенттігінің 11 шілдедегі ақпаратына сәйкес, Иран шенеуніктері АҚШ-пен жабық келіссөздер барысында Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған жаңа шабуылдар үшін жауапкершілікті «бақылаудан тыс қалған күштерге» жүктеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз