Сараптама

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс ауқымды соғыс қаупін күшейтті

Ормуз бұғазы маңындағы жағдай күрт шиеленісіп, АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс кең ауқымды соғысқа ұласу қаупін күшейтті.

П

18 шілдеге қараған түні АҚШ әскері қатарынан жетінші түн Иранның әскери нысандарына соққы жасаса, Тегеран Кувейт пен Бахрейнге қайтадан шабуыл жасады.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, шабуылдар Иранның бақылау бекеттеріне, жерасты қару қоймаларына және өзге де әскери инфрақұрылымына бағытталған. Ал Иран бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ азаматтық инфрақұрылымды да нысанаға алғанын мәлімдеді.

Иранның жауап шабуылдары

Тегеран бұған жауап ретінде Кувейт пен Бахрейнге соққы бергенін хабарлады. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Иорданиядағы АҚШ әскери базалары маңында жарылыстар болғаны туралы ақпарат тарады.

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы Ормуз бұғазы маңындағы Сирик ауданында және Бендер-Аббас порты маңында жарылыстар болғанын хабарлады. Ал Fars агенттігінің мәліметінше, Хормозган провинциясындағы көпірлер қайтадан шабуылға ұшыраған.

Press TV телеарнасы АҚШ шабуылдары салдарынан кемінде үш бейбіт тұрғын қаза тауып, сегіз адам жараланғанын мәлімдеді.

Ормуз
Фото: ашық дереккөз

Ормуз бұғазындағы жағдай

Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазында бірлескен зымыран-дрон операциясы барысында төрт кемені тоқтатқанын хабарлады. Сонымен қатар екі мұнай танкері минаға түсіп жарылғанын айтып, оған АҚШ-ты айыптады.

Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл мәлімдемені жоққа шығарып, ИРСК таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Тегеранның ескертуі

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи АҚШ шабуылдары жалғаса берсе, Иран қарсыластарын «қылмыстық агрессияға қатты өкіндіретінін» айтты.

Ал Иранның Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Мохсен Резаи егер АҚШ шабуылдары тағы екі-үш күн жалғасса, ел «жан-жақты шабуылдау және жою операциялары кезеңіне» өтетінін, бұдан былай тек жауап соққыларымен шектелмейтінін ескертті.

АҚШ ұшағы
Фото: AP

АҚШ әскери күштерін күшейтіп жатыр

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, АҚШ Ирандағы шабуыл нысандарының аясын кеңейтіп, Еуропадан Таяу Шығысқа қосымша жойғыш ұшақтар жіберіп жатыр.

Ал Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Израильге әскери операциялардың кеңеюі мүмкін екенін ескертіп, аймаққа ондаған әуе жанармай құю ұшағын жөнелтетінін хабарлағанын жазды.

Кеме қозғалысы күрт азайды

Қақтығыстың күшеюіне байланысты Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы айтарлықтай төмендеді. Kpler аналитикалық компаниясының мәліметінше, 16 шілдеде бұғаздан небәрі сегіз кеме өткен. Бұл – соңғы үш аптадағы ең төмен көрсеткіш.

Сонымен қатар Йемендегі Иранды қолдайтын хуситтер АҚШ-тың одақтасы Сауд Арабиясына «қоршауға алатынын» айтып, қоқан-лоқы жасады. Сарапшылардың пікірінше, егер қақтығыс Сауд Арабиясына тараса, бұл Вашингтон мен Тегеран арасындағы делдалдық жасап жүрген Пәкістанды да соғысқа тарту қаупін арттыруы мүмкін.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз