АҚШ Ресейге қарсы санкция тізімін ұлғайтты
АҚШ 23 ақпанда Ресейге қарсы санкция тізімін айтарлықтай ұлғайтты. Оған ЧВК "Вагнер" жетекшісі Андрей Трошев, Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков және мемлекеттік думаның бұрынғы төрағасы, Ресейдің Минскідегі елшісі Борис Грызлов енді. Тізімде 500-ден астам адамның аты-жөні мен фирма – ірі ресейлік компаниялар мен банкілер бар.
Қылмыстық жазаны орындау федералдық қызметі директорының орынбасары Валерий Бояринев де санкцияға ілінді. Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастары оның саясаткерге түрмеде қатты қысым жасағанын айтқан. Саясаткер көз жұмған "Полярный волк" түрмесінің директоры Вадим Калинин де тізімге енді.
АҚШ санкциясына сонымен бірге ресейлік төлем карталарының ұлттық жүйесі – "Мир" жүйесінің операторы, ресейлік ірі ипотекалық компания мен Aurus лимузинін өндіруші де енді. "Сібір көмір энергетикалық компаниясы", "Мечел" тау-кен өндіруші кәсіпорны, құбыр өндіретін ТМК ірі кәсіпорны және "Трансконтейнерге" де шектеу қойылды.
Санкциялар Ресейдің әскери өнеркәсібіне қатысы бар бірқатар компаниялар мен олардың жетекшілерін де қамтиды. Атап айтқанда, тізімде әскери дрон өндіретін "Алабуга" ерекше экономикалық аймағы мен оның басшылары, соған қатысы бар ресейлік және ирандық компаниялар бар.
Тізімге қос мақсаттағы тауар өндіруші компаниялар да енді: 3D-баспа және оған арналған принтерлер, өнеркәсіптік автоматика, оптика, машинақұрылыс, электроника, химия өнеркәсібі, навигациялық және энергетикалық жабдық, аэроғарыш секторы мен IT саласындағы компаниялар бар.
Санкцияға "Авангард" және "Модульбанк" сияқты бірнеше ресейлік банк пен Ресейдің энергетика саласындағы компаниялары және санкцияны айналып өтіп, Ресеймен сауда қарым-қатынасын үзбеген делдалдар ілінді. Арасында Азат Еуропа/Азаттық зерттеуінде айтылған компаниялар да бар.
Мәселе Қазақстан мен Латвия арқылы санкциялық тауарлар жеткізетін компаниялар жөнінде болып отыр.
Тізімде Soha Info, Goodforwarding және Kominvex компаниялары бар.
Ресейлік компаниялар мен жеке тұлғалардан бөлек, тізімді Қытай, Сербия, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге елдерден келген компаниялар мен жеке тұлғалар толықтырды.
Санкция тізіміне енген компаниялардың Америкадағы активтері бұғатталып, АҚШ компаниялары мен жеке тұлғаларына олармен коммерциялық келісімшарт жасауға тыйым салынады. Тыйым салынған компаниялармен қарым-қатынас жасаған үшінші елдердің ұйымдары да АҚШ қаржы министрлігінің жанама санкциясына ілінуі мүмкін.