Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

АҚШ сенаторы Грэм Трампты Украинаға «Tomahawk» беруге шақырды

Грэм
Фото: REUTERS

АҚШ-тың республикалық сенаторы Линдси Грэм Вашингтон әкімшілігін Украинаға ұшу қашықтығы 2500 шақырымға дейін жететін Tomahawk қанатты зымырандарын беругді ұсынды. Оның айтуынша, бұл қару Ресейдің әскери нысандарына соққы беру үшін қажет.

13 ақпан күні Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында журналистерге берген сұхбатында Грэм:

«Мен Украинаға “Tomahawk” жеткізілгенін қалаймын. АҚШ бұл зымырандарды Путин дрондар мен басқа да қару-жарақ өндірісінде сүйеніп отырған инфрақұрылымды жою үшін беруі керек. Мен әскери күштердің арақатынасын өзгерткім келеді», – деді.

Сенатор сондай-ақ Мәскеуді мазмұнды бейбіт келіссөздерге итермелеу үшін қысымды күшейту қажеттігін айтты.

Қаңтар айында Линдси Грэм АҚШ президенті Дональд Трампқа Ресейдің мұнайын, газын, уранын және өзге де шикізатын сатып алатын мемлекеттерге 500 пайызға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік беретін екі партиялы заң жобасын қолдағанын мәлімдеген. Бұл шара, атап айтқанда, Қытай, Үндістан және Бразилияға да қатысты болуы мүмкін.

Tomahawk
Tomahawk-тың ұшырылу сәті. Фото: threads.net/@defenceaustralia

Tomahawk жеткізу мәселесі

Украинаға Tomahawk зымырандарын беру мәселесі АҚШ-та 2025 жылдың күзінде талқылана бастаған. Қазан айының соңында CNN телеарнасы Пентагон мұндай жеткізілімдерді қолдағанын хабарлаған, алайда түпкілікті шешім Трамптың құзырында екені айтылған. CNN дереккөздерінің мәліметінше, АҚШ президенті бұл қадамды Ресейге қысым көрсету тетігі ретінде қарастырып отыр.

Өткен жылдың қараша айында Украинаның Вашингтондағы елшісі Ольга Стефанишина Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында елі Tomahawk зымырандарын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтқан. Бұған дейін Трамп бұл зымырандарды Киевке беру мүмкіндігін жоққа шығарған еді.

Тегтер: