Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 19 Қараша 2023

АҚШ соты Трамптың 2021 жылы Капитолийдегі шабуылға қатысы барын растады

капитолий вашингтон
Фото: википедия

Колорадо штатының судьясы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың 2021 жылдың 6 қаңтарында жақтастарының Капитолийге басып кіруіне қатысы барын мойындады, бірақ ол әлі де президенттікке үміткер бола алады. Бұл туралы Associated Press жазды.

Судья Сара Уоллес Трамптың Капитолийге жасалған шабуылға қатысы бар деген қорытындыға келді. Ол бұрынғы президент адвокаттарының «Трамп жай ғана сөз бостандығы құқығын пайдаланып отыр» деген уәждерін жоққа шығарды. Сонымен бірге ол Трамптың президенттік сайлауға түсуге құқығы бар екенін мәлімдеді. Өйткені Конституциядағы көтеріліске қатысқандарға үкіметте қызмет етуге тыйым салатын тармақ «президентке қатысты ма, жоқ па, түсініксіз».

Трампқа қарсы шағым түсірген сайлаушылар тобы бұл шешімге келіспей Колорадо Жоғарғы сотына жүгінуге жоспарлап отыр.

Бұл Трамптың президенттікке үміткер бола алатын кейінгі аптадағы үшінші сот шешімі. Бұған дейін Мичиган мен Миннесота штатының судьялары Трамптың сайлауға түсуіне тыйым салған жоқ.

2021 жылдың 6 қаңтарында Трамптың жақтастары президент сайлауының нәтижелеріне ашуланып, Вашингтондағы Капитолийге басып кірді. Сайлауда демократ Джозеф Байден жеңіске жетті. Шеру арты полициямен ауқымды қақтығыстарға әкелді. Құқық қорғау органдары тәртіпсіздікке Дональд Трамптың қоңырауы себеп болды деп есептеп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот 2024 жылы өтеді.