Ақша белбеуде, юань жолда. Си мырзаның мегажобасы Қазақстан экономикасын қалай көтерді?

Биылғы жылдың 5 айында Қазақстан экономикасы күтпеген жерден 6% өсім көрсетті. Дүниежүзілік банк мамандары таң қалды, себебі олар 25 жыл бойы мұнай бағасы өссе ғана қазақ экономикасына жан бітетініне үйреніп қалған еді. Ал биыл мұнай бағасы өскен емес. МВФ тіпті өз методикасын қайта қарауға мәжбүр болды.
Бұл феноменнің кірпіші 2013 жылы қаланғанын көбісі білмейді. Сол жылы, 6-шы қыркүйектің бұлтсыз кешінде қызыл туы бар борт Астана әуежайына келіп қонған. Қытайды басқарғанына 2 жылдан енді асқан Си Цзиньпин есімді төраға траптан түсіп, өзін қарсы алған қазақ делегациясына "Бір белбеу, бір жол" атты логистикалық-интеграциялық жобасын таныстырған еді. Артынан Ван Хунин детальдарын айтып бергені есте. Осылайша, әлемнің ең ірі мегажобасы қазақ даласында дүниеге келген.
Араға 12 жыл салып, осы жоба қазақ экономикасын құтқарып жатыр. Мұнай тұралап тұрғанда, Қытайдан Еуропаға баратын теміржол составтары еселеп артып, біздің көлік саласының бір жылда 22 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Осы логистика саласы бүкіл экономикаға жан бітіріп, кем дегенде +2 пайызды өзі алып келді.
Бүгін Астанада Орталық Азия мен Қытай арасындағы суперфорумда енді жаңа есіктердің ашылып жатқанын да сездік. Енді Қытай теміржолдан әрі аттап, технологиялық белбеуін іске қосатынын аңғартты. Себебі біз өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз деген ойымызды жеткізгенде, Қытай оған дайын болып шықты. Ар жағында Тайваньмен тірес санкция мен блоктық бөлінуге әкелсе, Қытайдың қазақ жеріндегі өндірістік қуаттары санкцияға ілікпей, саудасын жасай береді деген есептің бар екені анық.
Қазақ үмітін арқалап келе жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұрымтал сәтте темірді қыздырып барып соғып жіберді. Ол геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.
"Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Енді Қытайдың бізге Құрықта цифрлі терминал салып беретініне күмән жоқ. Израиль мен Иранның қылығы, Ресейдің оспадар соғысы Си Цзиньпиннің Орталық Азияға, оның ішінде қазақ еліне деген сенімі мен махаббатын тіпті күшейтіп отыр. Қытайша мақалдатып әңгімені жіберетін Кемелұлы сияқты шебер президент осы нәзік сенімді одан әрі цементтеп келеді.
Соңғы жылдары Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда айналымы қарқынды өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 95 миллиард АҚШ долларына жетті. Осының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан экспортының құрылымында мұнай, мыс, уран, металлургия өнімдерімен қатар қайта өңделген агроөнімдердің үлесі артуда.
Астанадағы суперфорум Қазақстанға 24 миллиард доллардың контракттарын алып келді. Олар энергетика, құрылыс, машина жасау, логистика, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, білім беру және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды. Енді баяғыдай мұнай, газ, көмір, шикізат деген әңгіме жоқ. Біз өзара жұмыстың басқа технологиялық кезеңіне көшіп отырмыз.
Қытай айтса қалп айтпайды. 有错路,无绝路 демекші, Қазақстан алыптар арасындағы өз жолын тапқан бақытты мемлекетке айналайын деп тұр.
Айбар Олжаев