Live

Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағында қаза тапқандардың туыстары өтемақы үшін соттасып жатыр

Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясы ұшағында қаза тапқан жолаушылардың кейбір туыстары әлі күнге дейін өтемақы ала алмай отыр. Бұған туыстар арасындағы сот даулары себеп болған.

ұшақ апаты

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Әңгіме 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған әуе апатынан кейінгі өтемақы туралы болып отыр. Сол күні Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағы Ақтау маңында құлаған еді.

Апат салдарынан 38 адам, оның ішінде экипаждың үш мүшесі қаза тапты. Тағы 29 адам түрлі деңгейде жарақат алған.

Биыл сәуір айында Ресей мен Әзербайжан ұшақ апатының салдарын реттеу туралы келісімге келген. Екі тараптың бірлескен мәлімдемесінде апатқа Ресей әуе кеңістігіндегі әуе қорғанысы жүйесінің «әдейі емес әрекеттері» себеп болғаны айтылған.

Тараптар қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеу мәселесін де келіскен.

Алайда Бозымбаевтың айтуынша, барлық туыстар төлем ала қойған жоқ. Кейбір тікелей мұрагерлер өтемақы алып жатқанымен, жекелеген отбасылар бойынша мәселе әлі шешілмеген.

«Тікелей мұрагерлердің бір бөлігі төлем алып жатыр. Өкінішке қарай, кейбірі қазір соттасып жатыр. Онда кімнің өтемақы алуы керегі анықталуда. Бір отбасы бойынша әзірге нақты шешім жоқ», – деді вице-премьер.

Оның сөзінше, өтемақыны сақтандыру компаниялары төлеуі тиіс. Олар сот шешімі шыққаннан кейін қаржыны аударуға дайын.

Бозымбаев жақын уақытта барлық зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары толық көлемде өтемақы алады деген сенім білдірді.

Сондай-ақ ол өтемақы барлық жолаушыға азаматтығына қарамастан төленуі тиіс екенін айтып, Қазақстан бұл мәселеде кемсітушілік болмауын бақылап отырғанын атап өтті.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз