Ақтауда мәслихат депутаты пластикалық отадан кейін көз жұмды
БАҚ беттерінде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың пластикалық отадан кейін қайтыс болғаны хабарланды. 49 жастағы депутат 4 сәуірде иегіндегі артық майды алдыру мақсатында Ақтаудағы Қасиет медициналық клиникасы мекемесіне жүгінген. Алайда қарапайым косметологиялық процедура ауыр асқынуға ұласып, депутат бір айдан кейін ауруханада көз жұмды.
Туыстарының мәліметінше, операция кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Қан қысымы шамадан тыс көтеріліп, қандағы қант деңгейі де қауіпті межеге жеткен. Салдарынан ол ишемиялық инсульт алып, комаға түскен.
Марқұмның жұбайы медициналық орталықтың әрекетіне қатысты бірқатар ауыр айып тақты. Оның сөзінше, ота алдында толыққанды тексеру жүргізілмеген, ал анестезия беру барысында өрескел қателіктер кеткен. Әйелінің айтуынша, дәрігерлер тыныс алу жолына қажетті түтікті дұрыс орналастыра алмай, науқастың ағзасына ауа жеткіліксіз барған.
Соның салдарынан 49 жастағы азаматтың өміріне қауіп төндірген асқынулар пайда болып, ол ұзақ уақыт ес-түссіз жатқан. Жақындары алғашқы сағаттарда қажетті шұғыл көмек дер кезінде көрсетілмегенін де алға тартып отыр.
Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізген. Нәтижесінде клиникадағы жедел көмек көрсету жүйесінде кемшіліктер бары анықталған. Сонымен қатар мекемеде анестезиология және реаниматология қызметіне қатысты қажетті лицензиялық құжаттардың толық болмағаны белгілі болды.